BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Біздің Президент» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті

 Астана. 3 шілде. Baq.kz – Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Біздің Президент» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

 «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аса тығыз байланысты. Елбасының өмір жолы – жастар үшін өсиет. Бүгін жұртшылыққа «Біздің Президент» кітабын таныстырып отырмыз. Бұл жаңа басылымның маңыздылығына тоқталғанда, ең алдымен, тәрбиелік жағын айтуымыз керек. Кітап жас ұрпақты Елбасының теңдессіз үлгі-өнегесі негізінде баулуға мүмкіндік береді», - деді өз сөзінде Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.
Іс-шараға балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымов, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жанар Боқанова, Қазақстан Жастар конгресінің атқарушы директоры Айдын Сәбитов, сондай-ақ №15 мектеп-лицей оқушылары мен Елбасы кітапханасы жанындағы «Кемел ел» жастар тәрбиесі орталығының мүшелері қатысты.
- Мемлекеттік тілде жазылғаны менің бұл кітаппен оқып, танысуыма еш кедергі келтірген жоқ. «Біздің Президент» туындысы жастардың бойындағы қабілеттерін дамытуға және көшбасшылыққа ұмтылуға үндейді, - деді жаңа кітап туралы пікір білдірген «Кемел ел» жастар тәрбиесі орталығының мүшесі Артем Семиржинский.
Басылым мектептердің орта және жоғары сынып оқушыларына, ата-аналарға, ұстаздарға, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі заманғы тарихына қызығушылық танытатын барлық оқырманға арналған.
Кітапта Қазақстан Республикасының негізін қалаушы, еліміздің тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағылымды тұлғасы туралы ұғынықты тілмен баяндалған. Повесте Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым ауыл баласынан мемлекет басшысы және әлемдік деңгейдегі саясаткер дәрежесіне дейінгі қиындыққа толы әрі таңғажайып жарқын өмір жолы жөнінде айтылады.
«Біздің Президент» басылымының авторлар тобының жетекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығы – «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ атқарушы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков.
«Біздің Президент» кітабы 30 000 данамен шығарылды және еліміздің барлық аймақтарына таратылады.

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер