BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Атақты Қанай биге ескерткіш бюст орнатылды

 АСТАНА. 5 қыркүйек. BAQ.KZ – Ақмола облысы, Зеренді ауданының Қанай би ауылында Абылай ханның сенімді серігі, айтулы би, айбынды батыр Қанай Құттымбетұлына ескерткіш бюст ашылып, ас берілді.

 Ілкіден жалғасып келе жатқан әсерлі аңыз, дәйекті тарихи шығармалардағы деректерге қарағанда Қарауыл Қанай би Абылай ханның ең жақын ақылшы, кеңесшілерінің бірі болған. Абылай хан Арқа жерімен қайыр хош айтысып, екінші мәрте Түркістанға бет алғанда Қанай би де бірге аттанған. Қанай Құттымбетұлы Ташкенттің бегі болып, қалаға әмірін жүргізіп, қамқоры болып тұрған кезде өмірден озып, сүйегі Түркістандағы Абылай хан зиратының жанына жерленген.

Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» атты трилогиясында Қанай Құттымбетұлы жоңғарлармен болған шайқаста асқан ерлік көрсеткен батыр, ірі қолбасшы болғандығы жан-жақты сипатталады. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» дастанының бір бөлімінде де Қанай туралы айтылған.

Ел қамқоры болған Қарауыл Қанай бидің ұрпақтары бүгінде Қарабұлақ, Еңбек-Бірлік, Игілік, Жамантұз, Ұялы, Қойсалған тәрізді алты ауылды жайлап отыр. Ескерткіш қою туралы есті әңгіме ел ішін кезген кезде әрқилы ұсыныстар туған. Сәл бұрыстағы Қанай би ауылынан гөрі облыс орталығы Көкшетауға қойған жөн деген тілекшілер. Шешендік пен көсемдіктің ұлағатты үлгісіндей Қанай бидің ақыл мен парасатқа толы, ерлік пен өрлік қоса өрілген кемеңгер кескіні кейінгі ұрпаққа ел мен жерді, туған Отанын қалай сүюдің мысалы ретінде үлкен қалада тұрса жараспақ. Алыстағы ауылдан облыс орталығына келіп кететін кісі көп.

-Бұл ұсыныстың да жаны бар, - дейді Қарауыл Қанай бидің ұрпақтарының бірі, Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Боранбай Бегалин. - Би атамыздың туғанына 300 жыл толуына орай өткізілген мерейтой қарсаңында да мәселе көтерілген еді. Әзірге қолдан келіп жатқаны осы. Алты ауылдың бас көтерер азаматтарын жинап, ақылдасып, көп болып шештік. Қаражат жағына келгенде қарапайым халыққа салмақ салған жоқпыз. Осы төңіректен шыққан Қарауыл Қанай бидің ұрпақтары қолдан келгенінше көмек-жәрдемін берді. Жалғыз ұрпағы ғана емес, Алаш жұртының абыройын ойлаған азаматтар да ат салысты. Барлығына мың да бір рахмет.

Алдымен салтанатты шараға қатысқан Зерендінің ақын қызы Күләш Рақымжанова елдік пен ерліктің жайын сипаттап, бұрынғы өткен баһадүр бабалардың аруағына тағзым етіп, аталы сөзін тілге тиек еткен әсерлі жырын арнады.

Бұдан кейін Зеренді ауданының әкімі Мәлғаждар Тәткеев, «Теміржол су» акционерлік қоғамының президенті Қуат Есмұханов, Қазақстан Жазушылар одағының Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі, жазушы Төлеген Қажыбаев, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры Аманай Сейітқасымовтар сөз сөйлеп, бүгінгі шараның мәні мен мазмұнына, елдік сипатына тереңнен тоқталды. Дәстүрлі лента қиылып, бюсттің ашылуы салтанатпен атап өтілді.

 

 

 

Сурет көркемдік мақсатта қойылған. 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер