BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада ақын Әмірхан Балқыбек пен түрік ақыны Фарук Чамлыбелді еске алуға арналған поэзия кеші өтті

 Астана. 11 маусым. Baq.kz – Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Юнус Емре Институтының Астана Түрік мәдени орталығы бірігіп, ақын Әмірхан Балқыбек пен түрік ақыны Фарук Нафыз Чамлыбелді еске алуға арналған поэзия кешін өткізді.

 Әдеби кеш Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығының директоры Ибрагим Йылдырымның алғы сөзімен ашылды.


«Осман империясы кезінде түріктер өздерін түрік деп айтпады. Империяның құрамындағы барлық халықтар өздерін «османдықтар» деп атады. Түрік сөзі ауылдық жерлерде тұратын халықтың атауы тәрізді еді. «Түрік» сөзін алғаш рет әдебиетте қолданған Нафыз Чамлыбел болатын. Ақынның ерекшелегі де осы болатын. Осман империясындағы барлық халық Стамбул халқына қарап бой түзейтін. Бұл үрдісті де теріске шығарған ақын Нафыз Чамлыбел еді. Османyың құрамындағы өзге жерлердің мәдениеті мен дәстүрлеріндегі ерекшеліктерді терең меңгерген ақын өзінің жырларына арқау етті. Халық сол өлеңдер арқылы өзге аймақтардың мәдениетімен танысты. Ақын Нафыз Чамлыбелді қазақ халқына алғаш рет таныстырған қазақ ақыны Әмірхан Балқыбек болатын. Әмірхан Балқыбек Нафыз Чамлыбелдің өлеңдерін аударып, қазақ пен түрік халықтарының ынтымағына зор үлес қосты. Оның бұл еңбегін жоғары бағалаймыз», - деді Ибрагим Йылдырым.


Түрік жазушыларының көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударған ақын Маржан Ершу да өз сөзінде екі елдің арасындағы мәдени байланыстардың одан әрі нығая түсетіндігіне сенім білдірді.


«Қазақ халқы мен түрік халқының мәдени байланыстарының арта түсуіне Астанадағы Юнус Эмре атындағы Түрік мәдени орталығы көп еңбек сіңіріп келеді. Түрік ақыны Нафыз Чамлыбел мен қазақ ақыны Әмірхан Балқыбекті еске алуға арналған кеш осының айғағы. Алдағы уақытта Әмірхан Балқыбектің бұл бастамасын қазақ пен түріктің өзге ақындары жалғастыра түсері анық. Екі елдің арасындағы мәдени байланыстар одан әрі дами түсетініне сенімдімін», - деді Маржан Ершу.

 

Мәдени орталықтың директоры Ибрагим Йылдырым қазақ ақыны Әмірхан Балқыбектің шығармашылығын жоғары бағалайтындығын айтып, ақынның отбасына арнайы «Құрмет грамотасын» тапсырды. Грамотаны Алматы қаласында тұратын ақынның отбасына тапсыру аманаты  ақын Бауыржан Қарағызұлына жүктелді.

 


«Түрік мәдени орталығының ұжымына алғысымды білдіремін. Қазақстан мен Түркияның арасына алтын көпір орнатқан орталық ретінде жоғары бағалаймын. Ақын Әмірхан Балқыбек қазақтың ар-ұжданы, ұяты, әдебиетіміздің ерекше тұлғасы деп айта аламын. Ақынымызды ерекше дәріптеген орталыққа ризашылығымды білдіремін», - деді Бауыржан Қарағызұлы.


Әдеби кешке жиналған көпшілік қауым Әмірхан Балқыбек пен Нафыз Чамлыбелдің өлеңдерін оқып, өзара пікір алмасып тарқасты.

 

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС,

Ғабит МАДАЛИЕВ (фото).

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер