BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Абай» романының жарық көргеніне биыл 75 жыл

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада «Абай» романының жарық көргеніне 75 жыл толуына орай қазақ руханиятының асыл қазынасы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың шығармасына арналған «Бір кітап көрмесі» өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Көрмеге «Абай» эпопеясының 1942 жылы тұңғыш шыққан басылымы мен бүгінгі күнге дейін баспа бетін көрген нұсқалары және 116 тілге аударылған еңбектің кітапхана қорында сақталған 15-ке жуық тілдегі басылымы қойылды.

«Абай» қазақтың рухын мәңгі көтереді

Жыинға қатысып, көрмені тамашалаған абайтанушы, әуезовтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай бүгінгі күні қазақ руханиятының асыл қазынасына айналған асыл туындының өте қиын заманда жарық көргенін, әйтпегенде қазақ Абайды да, Абай өмір сүрген өмірді де танымайтынын, тіпті үлкен қазынамыздан айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтты.

«Бүгін қазақ руханияты үшін киелі күн. Абай дана, ол дүниедегі барлық қозғалыстар мен сезімдердің жұмбағы. Ал Мұхтар Әуезов ұлы, өйткені Абайдай дананың өсиетін, тағдырын, арманын «Абай», «Абай жолы» романдары арқылы жеткізіп берген. Ойлап қарасам, әр қоғамның, әр ұлттың дамуы ерекше төңкерісті түрде болады екен. 75 жыл бұрын, 1942 жылғы шілде айына дейінгі қазақ руханияты бір басқа, сол шілде айынан кейінгі ұлттық көркемдікті қабылдауы, ойлау жүйесі, өзін ұлт ретінде сезінуі басқа болды. 1942 жылы шілде айында Бейсенбай Кенжебаев соғыстың жүріп жатқанына қарамастан «Абай» романын шығарып, ауруханада жатқан Әуезовке берген кезде, балконда тұрып Мұхтар: «тірілттің, тірілттің мені, Абайды тірілттің, арман жалғанды» деп жылапты. 1945-1946 жылда қысым басталып кетті. Егерде сол 1936-1940 жылдардың аралығында қиын кездерде жазылған бірінші кітап арабтан кириллицаға көшірілмеген болса, соғыс жүріп жатқан бес жылда жарияланбаса, біздің рухани өміріміз қандай болар еді? Біз абайды қалай түсінер едік? Өткен өмірді кімге, неге сүйеніп талдар едік. Бұл ғылымның бар саласына арналған», - деді жазушы Тұрсын Жұртбай.

Абайтанушы «Абайдың» қиын кезеңдерде әр қазаққа демеу болғанын айтып, ұлы еңбектің әлі де зерттелмей жатқан тұсы көп екенін атап өтті.

«Абай романының шығуы қазақтың XX ғасырдағы әртүрлі топалаң, зобалаңна кейінгі шын түлеуінің басы және Абайдың рухани дүниесінің биігі деп ойлаймын. Абай дана, Әуезов ұлы, олардың осы ұлы руханияты Алаштың идеясының шыңы деп есептеймін. Біз «Абай жолын» соншалық зерттеліп кетті дейміз, бірақ, әлі де «Абайдың» әр бетіндегі бір-бір сөйлемінің мағынасы ғана ашылған сияқты. Мына 1942 жыл мен 1947 жылда шыққан бірінші екінші кітаптың арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Сол бес жылдың ішіндегі Әуезовтың ойындағы аударылып түскен жайлар осы күнге дейін ашылған жоқ. Жердің қыртысы аударылып түсті, ал жердің беті әлі астында... Көбінесе, орта жастағылар «Абайды» жатқа біледі. Олар мемлекеттің қиын кезін басынан кешіргенде соны медеу тұтқан, «Абай» қазақтың рухын мәңгі көтереді», - деді ғалым.

«Абайды» әрбір сарбаз оқуы тиіс!

Көрмеге Мемлекеттік күзет қызметінің сарбаздары келіп қатысты. Ел қорғайтын сарбаздардың арасында да «Абайды» оқығандар көп болып шықты. Жас сарбаз Мұқай Жақсылық тек қазақтың емес, адамзаттың асыл қазынасы болған Абай еңбектерін, ұлттық рухты оятып, кемеңгерлікке бастайтын «Абай» романын әрбір сарбаз оқуы керектігін айтады.

«Мен «Абайды» мектеп бітірген соң, университетке түсерден бұрын оқыдым. Кеш оқыдым, әрине. Шығарманы оқып, көз алдыма сол кездегі қазақ өмірін, тұрмыс-тіршілігін елестеттім. Сол заманға барып қайтқандай сезімде болдым. Мен үшін бұл қайталанбас үлкен еңбек. Әуезовтың бұл кітабы арқылы біз Абайды танысақ, әлем оқырманы қазақты танып жатыр. Сапта тұрған сарбаздарды жайдан жай жіберген жоқ. Олардың барлығы патриот жастар. Біз «Абайды» оқу арқылы елге деген сүйіспеншілігімізді арттырамыз, халық үшін адал еңбек ету керек екенін білеміз. Сондықтан әрбір сарбаз оқуға міндетті кітап деп есептеймін», - дейді Мемлекеттік күзет қызметінің сарбазы, қатардағы жауынгер Мұқай Жақсылық.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер