BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы Елбасының қарауына жолданады

Фото: Бауыржан Жуасбаев

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының тиімділігі 2,2 трлн теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жобасы қыркүйек айында Елбасыға таныстырылған. Алайда Мемлекет басшысының тарапынан бірқатар сын ескертпе айтылды. Осының бәрі бүгін ұсынылып отырған бағдарламамызда ескеріліп, тиісті қорытынды шығарылды. Әсіресе, бағдарламаның тиімділігі, орысша айтқанда «экономический эффект» 2,2 трлн теңгені құрайды екен. Бұл – біздің есептеуіміз. Алдағы уақытта бұл цифр жоғарылап, өз тиімділігін көрсететініне күмән жоқ. Қазіргі таңда үлкен жолдың басында тұрмыз», - деді ол.

Осы орайда Бақытжан Сағынтаев аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдар арасында келісім болу қажеттігін жеткізді.

«Аталған бағдарламаны толық іске асыру үшін министрліктер тарапынан іс-шаралар атқарылуы қажет. Бірінші кезекте, бір айда бірнеше министрлік тиісті іс-шаралар тізбесін жасап, өз араларында бекітеді. Оның ішінде аталған мемлекеттік бағдарламаға кімдер жауапты екені, әрі жүзеге асыру мерзімі көрсетілуі керек», - деді ол.

Сонымен қатар Үкімет басшысы аталған бағдарламаны халық пен кәсіпкерлерге түсіндіру қажеттігін атап өтті.

«Екіншіден, Асқар Қуанышұлы (ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев – автор) айтқандай, өкілетті мемлекеттік органдар халық пен бизнес үшін ақпараттық-түсіндіру іс-шаралар кешенін бекіту керек. Ұлттық экономика министрлігі жарты жыл есебінде аталған бағдарламаның жүзеге асуына сапалы мониторинг жүргізуі тиіс. Бүгін аталған тәсілдерді қолдауға шақырамын», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет отырысында Премьер-министр аталған құжат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарауына жіберілетінін жеткізді.

«Сондай-ақ аталған құжатты Елбасының қарауына жіберу қажет. Тиісті қолдау алғаннан кейін бағдарламаны бекітеміз», - деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер