BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Цифрландыру компаниялардың табысын арттырады – Жеңіс Қасымбек

Бұл туралы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен өткен көлік және логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру жөніндегі республикалық кеңес барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, бәсекелестік жағдайында Қазақстан қазіргі қолда бар көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуі керек.

«Мемлекет басшысының «Төртінші индустриалды революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көлік және логистика саласына жаппай заманауи цифрлық технологияларды енгізу міндеті қойылды. Министрлік көлік және жолаушылар ағындарын басқаруды жақсартатын, қозғалыс қауіпсіздігі мен қозғалыс жылдамдығын арттыратын заманауи жүйелерді енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Осылайша, «Интеллектуалды көлік жүйесі» көпкомпонентті жобасы аясында көлік құралдарын, инфрақұрылымды, пайдаланушылар мен ақпараттық-коммуникациялық технологияларды біртіндеп іске асыру қолға алынды. Автомобиль жолдары саласына жол активтерін басқару жүйесін енгізу ақауларды бастапқы кезеңде жою арқылы жолдың барлық пайдалану кезеңіндегі шығындарын оңтайландыруға қажет. Авиация саласына әуе жолаушылар туралы деректерді жинау мен өңдеу жүйесі және жүк тасымалында E-freight қағазсыз құжат айналымы енгізіледі», - дейді Ж.Қасымбек.

Министр бизнестің белсенді араласуынсыз көлік саласын цифрландыру мүмкін болмайтынын атап өтті. Зерттеуге сәйкес, цифрландыру компанияның табысын шамамен үштен бірге арттырады.

Осыған орай, компаниялар желілік инфрақұрылымды дамытуға және ІТ алдыңғы қатарлы мүмкіндіктеріне бизнес-стратегияны бейімдеу үшін қарқынды түрде қаржы салады. Көлік ұйымдары дәстүрлі тәсілдер мен қолмен басқару әдістерін қоспағанда, бизнес-процестерге сандық технологияларды барынша енгізулері керек.

Сондай-ақ, алдағы уақытта инфрақұрылымның сапасына байланысты физикалық кедергілерді жою үшін транзиттік әлеуетті белсенді түрде іске асыруды жалғастырамыз.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Ермек Қизатов интелектуалды көлік жүйесін енгізудің экономикалық пайдасы 2021 жылға дейін 450 млрд теңгені құрайтынын атап өтті.

«ҚазАвтоЖол» көлік-логистикалық кешенді цифрландыруға бағытталған бірқатар шараларды іске асыруға кірісіп те кетті. Атап айтқанда, жол қозғалысының қарқындылығын, қозғалыс жылдамдығын бақылауды және реттеуді, цифрлық геолокацияны, қозғалысты бейне бақылауды, автоматтандырылған салмақ бақылауды, ауа-райы мен жолдардағы ауа райы болжамдарын, жолдарды жөндеу мен күтіп ұстауға арналған жоспарлау үдерістерін автоматтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қолға алынды. Толық цифрлық трансформациялау жұмысын жасау үшін ұсынылған интелектуалды көлік жүйесін қолдану керек. Ол мынадай жүйелер: жол активтерін басқару жүйесі, арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары жүйесі, апат болған жағдайда шұғыл шақыру жүйесі және IRU, GoogleMap пен YandexMaps халықаралық сандық платформа», - деді Ермек Қизатов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер