BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрылды

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ашылу салтанаты өтті. Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі отандық ғалымдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Нұрсұлтан Әбішұлының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» тарихи еңбегінің бір бағыты – латын әліпбиін елімізге ендіріп, әрі қарай іске қосу. Осы салада бір жылдың ішінде ауқымды шаралар жүзеге асты. Алға қойған мақсат - өте күрделі, өте маңызды. Неге десеңіздер, біз қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес, латын әліпбиіне көшу жұмысын міндетті түрде іске асыруымыз керек. Сол атқарылар шаруалардың үлкен ауыртпашылығы да осы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына түседі. Сол орталықтың жұмысына үлкен жеміс тілейміз», - деді Мұхамедиұлы.

Министр орталықты басқаруға еліміздің белгілі азаматы, дүниежүзіне танымал ғалым, Сенат депутаты болған, қазіргі кезде де еліміздегі үлкен шараларға атсалысып жүрген профессор, ғалым Ғарифолла Есімді шақырғанын айтты.

Өз кезегінде философия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім орталықтың ашылуына келген барлық азаматқа рахмет айтты.

«Елбасының тікелей қаулысымен Үкімет «Тіл-Қазына» коммерциялық емес орталығын құрды. Ең бастысы – Елбасына ризашылығымызды білдіруіміз керек. Ол кісі өткен жылы үш нәрсе барын айтты: бірінші – Тәуелсіздік, екінші – Астана, үшінші – латын әліпбиіне өтуіміз. Бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі – ірі мәдени-тарихи шара деп түсінеміз. Тілдің тәуелсіздігі осы ма деп ойлаймын. Өйткені, өзіміздің жазуымыз болады. Ел есін жинап, халық болып жетілген кезде өзін бір бекзаттық жолға қарай ынталандырады. Яғни, тәуелсіз, өзін-өзі жеткізе алатын дәрежеге жетуі керек. Демек, қазақтың латынға өтуі де маңызды. «Тіл-Қазына» ол жалпы қоғам болып, ел болып осы азаматтармен бірлесе жасалатын үрдіс, мәдени оқиға. Біз әрине мамандармен, үлкен ағалармен ақылдаса отырып, депутаттармен кеңесіп, ылғи мәселелерді көтеріп отырамыз» - деді Ғарифолла Есім.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығын қайта құру арқылы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығын құрып отыр. Орталық латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін көшіру бойынша ведомствоаралық жұмыстарды үйлестіруді, филология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуді, сондай-ақ, орфографиялық ережелерді дайындауды, оларды апробациядан өткізу, мемлекеттік тілді жеделдетіп оқытуды ғылыми-әдістемелік жағынан қамтамасыз ететін болады.

Еске сала кестек, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру бойынша ауқымды іс-шараларды атқарып келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер