Сақтандыру жүйесі кадр тапшылығын азайтып, мамандардың жалақысын өсіруді көздейді – профессор - Жаңғырту 3.0|15 Маусым 2017, 13:57
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сақтандыру жүйесі кадр тапшылығын азайтып, мамандардың жалақысын өсіруді көздейді – профессор

Бүгін елордада «Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру - медициналық қызмет көрсетудiң сапасы мен қолжетiмдiлiгiн жақсарту құралы» панельдiк сессиясы өтті. Сессия кулуарында Астана қаласының Медициналық университеті Қоғамдық денсаулық сақтау кафедрасының профессоры Серік Ибраев Baq.kz тілшісіне сұқбат беріп, сақтандыру жүйесі біртіндеп кадрлардың тапшылығын азайту, олардың жалақысын өсіру сияқты мәселелерді шешетінін айтты.

«Биылғы жылдың екінші жартысында медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі отыр. Жаңа жүйе жекеменшік медицина ұйымдарына да мол мүмкіндік береді. Олардың мемлекеттік медициналық мекемелермен құқықтары бірдей болады. Елімізде сақтандыру жүйесіндегі жекеменшік медициналық ұйымдардың үлес салмағын 50 пайызға жеткізу керек деп айтылып жүр. Қазіргі кезде олардың үлесі көп деп айтуға келмейді, 15-25 пайыздың маңайында ғана. Егер халық жекеменшік ұйымдарға үйреніп қалған болса, ол жерлерге де баруға болады. Тек мекеме мен сақтандыру қорының арасында келісімшарт болуы тиіс. Азаматтар қормен келісімшарты жоқ жеке медициналық мекемелерге қаралған болса, онда өздері төлеуі тиіс. Өйткені сақтандыру қоры олармен келісімшартқа отырардың алдында жекеменшік ұйымдардың алдына біраз шарт пен талап қояды. Бұндай мекемелердің әртүрлі бейінді, жан-жақты, сапалы мамандары болуы керек. Сонда ғана олар осы жүйеге қатыса алады», - деді Ибраев.

Маманның айтуынша, қор тарапынан мемлекеттік мекемелерге де міндеттер қойылады. Барлығының құқығы бірдей болады. Еліміздегі барлық жекеменшік медициналық мекемелерді қормен келісімшартқа отыр деп те міндеттеуге келмейді. Өйткені, олар жекеменшік болғаннан кейін қордың кейбір талаптарына сай келмеуі мүмкін.

«Еліміздің кейбір өңірлерінде, әсіресе ауылды жерлердегі ауруханаларда медициналық және салалық мамандар жетіспейтіні рас. Сақтандыру жүйесі осы проблеманы шешу үшін алдына бірқатар міндет қойып отыр. Кадрлардың тапшылығын азайту, олардың жалақысын өсіру сияқты жоспарлар бар. Олардың барлығы біртіндеп жүзеге асады», - деп түйіндеді Серік Ибраев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер