Марат Мәлтекбасов: Өркениет көшінен қалмау – уақыт талабы - Жаңғырту 3.0|02 Ақпан 2017, 12:35
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Марат Мәлтекбасов: Өркениет көшінен қалмау – уақыт талабы

Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінде тамаша жетістіктерге жетіп, ерен еңбектің үлгісін көрсете білді. Қай салада болсын дамудың, өркениетке жетудің игі қадамдары жасалды. Табыстарымыз бен жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындап және жоғары бағалап, басқаларға үлгі тұтты. Жас мемлекетіміз үшін бұл үлкен мәртебе. Елбасының жақында жариялаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына қатысты І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің проректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Мәлтекбасов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Білім беру, денсаулық сақтау саласында қол жеткізген табыстарымыз, ел экономикасын арттыру жолындағы игі бастамалар, қарапайым халыққа жасалып отырған шынайы қамқорлық – ілгері басуымыздың көрінісі. Биылдан бастап Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуының өзі ел мерейінің өсуі деп білеміз» - дейді мәслихат депутаты.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуды көздеп отыр. «Нұрлы Жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде қиындықтарды жеңіп, ілгері басуға жол ашылуда. Осындай жетістіктерге жетуімізге елімізде қалыптасқан ұлттар достығының, береке-бірліктің де игі ықпалын тигізгендігін баса айтуымыз керек.

Елімізде экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік жасалды. Бұл халқымыздың әл-ауқатын арттыруға жол ашуда. Әлем қарқынды түрде өзгеріп келе жатқан шақта өркениет көшінен қалмау – уақыт талабы. Елбасы өз Жолдауында: «Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік. Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет. Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әртүрлі екеніне сенімдімін», – деп атап көрсетті. Ендеше, Жолдаудың жүзеге асуына үлес қосу – ортақ парызымыз» - дейді Марат Мәлтекбасов.

Естеріңізге салып өтсек, 31 қаңтар күні бұқаралық ақпарат құралдарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған Жолдауы жарияланды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер