Марина Писаренко: Бірнеше тілді меңгеру – уақыт талабы - Жаңғырту 3.0|06 Ақпан 2017, 17:21
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Марина Писаренко: Бірнеше тілді меңгеру – уақыт талабы

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы Қызылжар халқының қызу қолдауына ие болды. Елбасы қазақ тілінің басымдығын сақтай отырып, әлемдік өркениетке есік ашатын ағылшын тілін меңгеру керектігін қадап айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Бүгіннің өзінде Қызылжарда бірнеше тілді білетін жастар көбейіп келеді. Солардың бірі полиция лейтенанты Марина Писаренко.

«Мен қарапайым ауылдан шыққанымды мақтан етемін. Бейбітшілік пен келісім – біздің елдің басты қазынасы. Осы құндылықты сақтауға аз да болса өз үлесімді қосу – мен үшін зор мәртебе. Біз, жас ұрпақ егемен елде дүниеге келдік. Қазақстан Республикасында туып-өскенімді мақтан етемін! Еліміздің әр тұрғыны үшін барлық жағдай жасалған. Жастар отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына әлемдік стандарттарға сай сапалы білім ала алады. Елбасының бастамасымен биылғы жылы жастар үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру жобасы іске асырылуда. Мемлекет біз үшін жаңа жұмыс орындарын ашып жатыр», – дейді ол.

Елбасы халыққа арналған биылғы Жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дауына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» деп дөп басып айтқан болатын.

«ХХІ ғасырда бәсекеге төтеп беру үшін өз ісіңнің шебері болу жеткіліксіз. Бірнеше тілді меңгеру – уақыт талабы. Мен төрт тілде еркін сөйлей аламын. Орыс тілі – туған тілім, ол менің бойыма ана сүтімен дарыды. Қазақ тілі – Отанымның, халқымның, Президентімнің тілі, ал ағылшын және неміс тілдерін қарапайым ауыл мектебінде меңгердім», – деп Марина Писаренко өз ойын таза қазақ тілінде жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере аламыз. Біздің басты күшіміз – бірлікте», – деген сөздерін полиция лейтенанты Марина Писаренко толықтай құптап отыр.

Және Отанымыздың бұдан да өсіп-өркендеген елге айналуы жолында ерінбей еңбек етпек.

Эльмира КӘЛЕНОВА

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер