Қазатомөнеркәсіп «Индустрия 4.0» элементтерін енгізуге кірісті  - Жаңғырту 3.0|19 Мамыр 2017, 18:05
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазатомөнеркәсіп «Индустрия 4.0» элементтерін енгізуге кірісті 

Бүгін Шымкентте «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басшылығы және IT бөлімшелері мамандарының қатысуымен Ақпараттық технологиялар жөніндегі координациялық кеңестің отырысы өтті. Жиынның басты тақырыбы – үдемелі технологиялық жаңғыру бойынша мақсаттарды іске асыру, нақты айтқанда уран өндірісіне роботтандыру және цифрлық технологияларды енгізу, деп хабарлайды Baq.kz.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Асқар Жұмағалиев атап өткендей, Елбасының биылғы Жолдауындағы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру тапсырмасы аясында, қазіргі уақытта ұлттық атом компаниясы big data, автоматизация, цифрландыру және роботизация технологияларын әзірлеп енгізу бойынша белсенді жұмыс атқаруда.

«Қазірдің өзінде біз өндіріс кезінде мыңдаған түрлі датчиктен келіп түсетін ауқымды ақпаратты жинақтап, өңдеу жұмысын жолға қойдық. Осы жиналған ақпаратты талдайтын Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі енгізіліп жатыр. Жүйе өндірісті оңтайландыру мәселелерін шеше келе, кеңейтілген сараптама жасауға мүмкіндік береді. Вig data технологиясының басымдылығы – оқиғаның алдын алып, барынша тиімді шешімдер қабылдау мүмкіндігі», - дейді компания басшысы.

«Индустрия 4.0» іске асыру үшін Қазатомөнеркәсіп Цифрлық кеніш, ERP (кәсіпорын қорын жоспарлау), Жоспарлаудың біріктірілген жүйесі, Жағдаяттық орталық іспетті жобалар негізінде уран өндірісінің негізгі бағыттарын кешенді түрде автоматтандыруды көздейді. Бұл жобалар «Индустрия 4.0» жаңа элементтерін – роботтандыру, 3D баспа, құралдар интернеті, толықтырылған шынайылық және басқа да технологияларды іске қосуға негіз болмақ.

Былтыр алғашқы болып «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорны «Цифрлық кеніш» жобасын өндіріске енгізді. Аталмыш ақпараттық жүйе деректерді жинап, өндірістік процесті оңтайландырып, реагенттердің жұмсалуын бақылап, құрал-жабдықтардың жұмыссыз тұруын қысқартып, штаттан тыс оқиғаларды анықтауға және оның алдын алуға мүмкіндік береді. 2025 жылға қарай «Цифрлық кеніш» жобасынан келіп түскен экономикалық тиімділік 12 млрд теңгені құрайды деп күтілуде.

«Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп-SaUran» кәсіпорнында қазір дайын өнімді ыдысқа салу желісін роботтандыру процесі жүргізілуде. Уран өнімін ыдысқа толтыру, өлшеу және жөнелту жұмыстарын бұрынғыдай жұмысшылар емес, енді роботтандырылған кешен жүргізетін болады», - дейді «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ трансформация және кадрлық саясат жөніндегі бас директоры Руслан Еңсебаев.

Аддитивті технологиялар (3D баспа) әзірлемесін Қазатомөнеркәсіптің тағы бір еншілес кәсіпорыны – «ҮМЗ» АҚ дайындап жатыр. Олар адам тінімен үйлесімі жоғары тантал өнімінен 3D принтер көмегімен импланттар шығаруды мақсат етеді. Сонымен қатар, принтер уран өндірісінде қолданылатын құрал-жабдық бөлшектерін басып шығарады. Аддитивті технологияларды енгізу арқасында 2020 жылға қарай 2 млрд теңге экономикалық тиімділік күтілуде.

Толықтырылған шынайылық технологиялары көмегімен кәсіпорындардың 3D моделі жасалып, тиісті мамандар өндірістегі өрт, топан су басу сияқты оқыс оқиғалар кезіндегі іс-әрекет үлгісін жетілдіріп, жаттығады.

«Индустрия 4.0» негізгі компоненттерінің бірі Құралдар интернеті (электронды құрылғылардың адам қатысуынсыз өзара әрекеттесуі). Құралдар интернеті жағдайында құрал-жабдықтарға орнатылған көптеген датчик көмегімен барлық өндірістік көрсеткіш орталыққа жөнелтіледі. Бұл шынайы ақпарат алып, өндірістегі адами факторға тәуелсіз автономды процесстер атқаруға мүмкіндік береді. Өндірістік учаскелер өзара тапсырыс беріп, параметрлерді түзетіп, нормативтерді реттей алады.

Сонымен қатар, қазіргі кезде Қазатомөнеркәсіп кәсіпорындары магистралды құбырлардың күйін тексеру үшін дрон көмегіне жүгінеді. Жақын болашақта дрон қондырғысы өндірістік нысандарға жүк (дәрі-дәрмек, құрал-сайман т.б.) жеткізеді деп жоспарлануда.

Биыл Қазатомөнеркәсіп өкілдері ҚР Премъер-министрінің делегациясы құрамында АҚШ-тың Кремний алқабында болып қайтты. Кездесу барысында қызметкерлер америкалық компаниялардың IT технология саласындағы жетекші мамандарымен тәжірибе алмасты. Сапар нәтижесінде технологиялық тұрғыдан дамыған ірі компаниялармен білім, тәжірибе, технологиялар алмасу бойынша әріптестік қарым-қатынас орнатылды. Бұл әріптестік өндірісте барынша жаңа шешімдер қолданып, көшбасшылық позицияны сақтап қалып, жаңа жетістіктерге қол жеткізуге түрткі болады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер