BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астанада оқушыларды ішкі туризм арқылы тәрбиелеуге арналған форум өтті

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астанада жас саяхатшылардың «Жалын» патриоттық қозғалысы өтті. Экпедициялық іздестіру отрядтарының қалалық форумына 400-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған шараның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу; туризмнің мәдениеті мен заңдылықтарын, ішкі туризмнің мүмкіндіктерін пайдалану және түрлі жорықтарды ұйымдастыру арқылы оқушылардың жеке тұлғасын қалыптастыру. Форум екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Патриоттық қозғалысқа Астана қаласы бойынша қатысамын деген барлық мектеп, лицей, колледж оқушылары шақырылған.

Жас саяхатшыларға арналған «Өлкетану» станциясы жұмыс істейді. Балалар жыл сайын танымдық экспедицияларға шығады. Экпедицияға бару тегін, қаржыландыратындар бар. Саяхаттан келген балалар өздерінің көрген, білгендері бойынша есеп береді. Станцияның өзінде 17 бағытта әртүрлі тегін үйірме жұмыс істейді.

«Біздің мектептің оқушылары 2005 жылдан бастап Қазақстан аумағындағы Ұлы Жібек жолымен жүріп өтті. Экпедицияға барған әр бала өз жерінің табиғатын танып, киелі жерлерін, танымал тұлғаларын біле бастады. Ескі қалаларды зерттей отырып оқушылардың ғылыми-практикалық жұмыстары туралы мақалалары жарық көріп, ылғи жүлделі орынды иеленіп келе жатыр. Осы форумда біз өзіміздің барған жерлеріміз туралы ақпарат беріп, презентация арқылы көпшіліктің алдында қорғаймыз. Тобымыздың аты, әні, ұраны бар. Қазір мұндай тегін лагерьлер жоқ», - деп атап өтті Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі, «Өлкетану» жобасының жетекшісі Жақыпов Қабанбай Бекетұлы.

Форум соңында қатысушыларға мақтау қағаздарымен қоса жүлделі орын иегерлеріне сыйлықтар берілді. Экспедицияның 1-2-кезеңдері бойынша жеңімпаздар анықталды: 1-орынға №16 орта мектебі, 2-орынға №32 мектеп-гимназиясы, 3-орынға Астана қаласындағы №50 мектеп-лицейінің оқушылары ие болды.

«Біз өзіміздің жетекшімізбен ұлан-байтақ, тарихы терең сан-алуан жерлерге бардық. Мысалы, Сайрам, Қарашаш ана, Ибрагим ата кесенелері, Отырар, Түркістан, Қазығұрт тауы, Ұлытау, Шарын шатқалы, Шымкент, Ерейментау, Үстірт және тағы басқа көптеген жерде болдық. Осы жерлерді зерттеп қана қоймай, тарихын терең түсініп, көптеген қызықты мәліметпен таныстық. Біз халқымыздың этно-мәдениетін әлемдік деңгейге көтергіміз келеді», - деді №50 мектеп-лицейінің оқушысы Айару Қасымова.

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биыл мамыр айында «Рухани жаңғыру» жобасы аясында «Менің Отаным - Қазақстан» атты республикалық жарыс өткізу жоспарланып отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер