BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Аударылған «Әлеуметтік психология» жеңіл-желпі оқылатын кітап емес — профессор Эксклюзив

Дэвид Майерс пен Жан Туенждің «Әлеуметтік психология» оқулығын аударуға атсалысқан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әлеуметтік ғылымдар факультетінің Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының меңгерушісі, профессор Қадиша Шалғынбаева бұл кітаптың әлеуметтік психология сөздігін молайтуға септігін тигізіп, осы салада білім алатын студенттерге таптырмас құрал болатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қорының президенті Рауан Кенжеханұлы университет ректоры Е.Б. Сыдықовқа әлеуметтік психология оқулығын қазақ тіліне аудару бойынша ұсыныс білдірген. Әлеуметтік ғылымдар факультетіндегі әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамымен кездесіп, солардың арасынан 8 оқытушымен 2017 жылдың маусым айында келісім-шарт жасалған. Қыркүйектің 18-інде аударманың толық нұсқасы Ұлттық аударма бюросына тапсырылды.

«Біздің ұжым үшін бұл оқулықты аудару қызықты болды. Талай жылдық тәжірибесі бар педагогика және психология ғылымдары саласындағы ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары ағылшын тіліндегі оқулықтың 12-басылымын тікелей қазақ тіліне аудару арқылы әлеуметтік психология саласындағы «конформизм» сияқты танымал концепциялардың; «агрессия» сияқты белгілі теориялардың; классикалық эксперименттердің, мысалы, Соломон Аш эксперименті сияқты және т.б. көптеген тың дерек пен заңдылық туралы білімдерді оқырмандарға америкалық ұстаныммен жеткізуге мүмкіндік алды» - деді ол.

Шалғынбаеваның айтуынша, Д. Майерс оқулығының мазмұны ерекше және тараулары, бөлімдері авторлық өзіндік бір мәнерде орындалған.

«Олай дейтін себебіміз, әлеуметтік ортада байқалатын, дамитын, өзгеретін психикалық құбылыстар алдымен мысалдар арқылы сипатталады. Осыдан кейін ол талданып, негізгі ұғымдарына анықтама беріледі; ғалым-зерттеушілердің ұстанымы таныстырылады; қорытынды жасалады; түрлі эксперимент келтіріліп, түсіндіріледі; дереккөздерге сілтеме жасалады; бейнелік сурет-кесте-сызбалар; тапсырма-сұрақтар; қорытынды да қамтылады», - деді аудармашы.

Оның сөзінше, аударма барысында аздап қиындықтар кездескен. Мысалы, аударған материалды әдеби редакторлар тексергенде олар әдеби тілге бұрмалап, аударманың ғылыми мазмұны келмей жататын тұстары болды.

«Осы тұрғыдан келгенде біздің ғалымдар аударманың ғылыми мазмұнына айрықша мән берді және ұғымдардың дұрыс болуына көңіл бөлді. Сонымен қатар, бізге ұсынылған бұл ғылыми оқулықтың мазмұнындағы психологиялық кейбір терминдердің әдеби синонимдер секілді түрлі мағынасы болатыны да ескерілді. Мысалы, «сенім» мен «илану»; «көндігу» мен «мойынсұну», «сендіру» өзара мағыналас болғанымен, бұл тұлға ерекшеліктерінің заңдылықтарына, механизмдеріне байланысты түрліше анықталады. Сондықтан әлеуметтік психология ғылымына жаңа терминдердің енуі деп түсініп, сөздік қордың молайуына септігін тигізді деп толық айтуға болады», - деді профессор.

Ол «әлеуметтік психология» жеке пән ретінде ЖОО-да оқытылса да, бірақ осыған дейін қазақ тілінде әлеуметтік психология бойынша 2-3 шағын ғана оқу құралдары болмаса, осындай ауқымды оқулық болмағанын атап өтті. 2018 оқу жылынан 688 беттен тұратын, мазмұнында әлемдік маңызы бар әлеуметтік психология теориялары, деректері мен дәйектері бар Д. Майерс оқулығының қазақ тіліндегі нұсқасы білім алушыларға, ғалымдарға, қызығушылық танытқан тұлғаларға қолжетімді болмақ.

«Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасының бір міндеті гуманитарлық білімнің барлық бағыты бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аудару болатын. Міне осы міндетті жүзеге асыру арқылы болашақ мамандарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олардың әлемдік бәсекеге неғұрлым бейімделуін, ашықтық пен прагматизм сияқты қоғамдық санасын жаңғыртудың негізгі қағидаларын орнықтыруға үлкен септігін тигізеді. Бұл оқулықтағы білімді меңгеруге сабақтастық қажет екенін ескертуіміз керек. Яғни, оқулықты 1-ші бетінен бастап оқығанмен, алдын ала «жалпы психология», «жас ерекшелік психологиясы», «тұлға психологиясы» туралы түсінігі болмаған оқырманға Д. Майерстің оқулығы оқуға жеңіл-желпі кітап болма қоймайды. Кейбір адамдар аударылуына, редакциясына сын айтуы да мүмкін. Бұл ғылыми еңбек, болашақ мамандарға арналған оқулық екендігін ескеру керек», - деді профессор.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер