BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ХХІ ғасырдағы 21-ші Жолдаудан не күтеміз?

Биыл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдау жасай бастағанына 20 жылдың жүзі болды. Яғни, ең алғаш 1997 жылы 16 қазанда жасалған Жолдаудан бері аттай желіп ширек ғасырға жуық уақыт өтіп кеткен екен. Сол 20 жылда жасалған Жолдауларды кезең-кезеңге бөліп, саралап көрейік. Тұңғыш Жолдау Қазақстанның алдағы ширек ғасырдан астам уақыттағы дамуына жасалған өзек деп қарасақ болады. Одан кейінгі 2003 жылға дейін жасалған Жолдаулар сол өзекті негізге ала отырып өрілген саяси өрме. Яғни, «Қазақстан-2030» стратегиясын жүзеге асыру барысында Қазақстан халқының ұстанар бағытын айқындап беруші жол.

І кезең – 1997-2004 жылдар

Тәуелсіздік алғанына 6-ақ жыл болған, саяси, әлеуметтік, экономикалық ұстанымдары енді ғана қалыптасып келе жатқан Қазақ елі үшін Президенттің алғашқы Жолдауы нағыз қозғаушы күш, әлемдік байланыста, мемлекет ретінде қалыптасып дамуда тура жолға бастар даңғыл бола білді.

Нұрсұлтан Әбішұлы Тәуелсіз Қазақстанның үш түрлі геосаяси, географикалық және геоэкономикалық үш артықшылығына тоқталады.

Сонымен қатар, ұлт ретінде, ел болып қалыптасудағы бес түрлі ерекшелігімізді де ашып көрсетіп берді.

«2030 жылы Қазақстан кемеліне келген мемлекет бола алмайды. Ол әлемдегі ең бай, ең білімді, ең дамыған мемлекет бола қоймасы анық, бірақ ол дамудың келесі сатысына көтерілуде қаншама қиындықтан сәтті өте алады», - дейді Президент.

Бұл меже алдағы жарты ғасырға жуық уақытта қазақстандықтардың бағындыруға тиіс биігі болып белгіленді. Осы жолда Қазақстанның әрбір азаматы өз шама-шарқынша тер төксе, елім үшін, мемлекет үшін деп еңбек етіп, жұдырықтай жұмылса, бұл белесті де бағындыратыны анық еді.

«...Республиканың барша халқына, барлық азаматына үн тастай отырып, біз Стратегияның ерекше рөлі мен мәртебесін атап көрсеттік. Президенттің Қазақстан халқына жыл сайын Жолдау арнау дәстүрі «Қазақстан стратегиясы - 2030»-дан басталады...», - деп жазды Н.Назарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.

Ал тура осы Жолдау жайлы танымал Мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов:

«1997 жылы Президентіміз жаңа бағдарлама ұсынды. Бұл туралы 2014 жылғы Халыққа Жолдауында Елбасы қорытынды жасап, атқарылған жұмыстарға арнайы тоқталды», - деп еске алады.

Алдағы айтылар Жолдаулар осы биікті бағытқа алатын болады.

1998 жылғы Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы саяси реформалар мен демократияландырудың жеті негізгі элементін атап көрсетті.

Мұнда саяси партиялар, сайлау жүйесі, басқару органдарының қызметін демократияландыру жайлы міндеттер айтылады. Бұны жүзеге асырудың нақты тетіктерін де атап көрсетті.

Жолдау соңына Елбасы: «Қазақстанның қандай болуы, оның әлемдік дәрежеде алар орыны тек бізге ғана байланысты. Қауіп көп, бірақ мүмкіндіктер одан да жоғары екенін ұмытпауымыз керек», - деді.

Бұл сөздің шындығына бүгінгі таңда барлығымыз да көз жеткізіп отырмыз.

Мыңжылдықтар тоғысында жасалған 1999 жылғы Жолдау Қазақстан халқын алдағы уақытта қандай қауіптер күтіп тұрғанын, онымен қалай күресу керектігін нақтылап берді. Сондай-ақ алдағы ХХІ ғасыр Қазақстан үшін әлемдік деңгейге шығу баспалдағы болатынын да Елбасы көрегендікпен болжай білді. Міне, ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығын бастан өткеріп келеміз, расымен де Қазақстанды әлем таныды бүгінде. ХХІ ғасыр – Қазақстан ғасыры.

Ел экономикасының дамуына баса назар аударған Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылғы Жолдауында: «Қазіргі таңда Қазақстан жылына 32 млн тонна мұнай өндіреді. Ал жақын 10 жылдың ішінде біз бұл көрсеткішті 100 млн тоннаға жеткіземіз», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, 2000-2003 жылдар арасында атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Онда, еліміздің ЖІӨ 30 пайызға, жалақы көлемі 25-30 пайызға өсіп, имфляция жылына 4-5 пайыздан аспайтындығын және мемлекеттік салық ЖІӨ 25 пайызын құрайтындығын айтқан еді.

Тағы бір атап өтер мәселе, осы Жолдауда «Қоғамды демократияландыру – уақыт талабы» екеніне тоқтала отырып, Президент бұл басымдықты жүзеге асырудың төрт түрлі ішкі тетіктерін атап көрсеткен. Осындағы ішкі басымдықтардың екіншісінде «Үкіметтің өкілеттілігін кеңейту» туралы айтады. Бұл кеше ғана Елбасы халыққа жариялаған Үндеуінде айтылған билік тармақтарын өзгертумен сабақтасып жатқан тармақ деуге болады. Мысалы, 2000 жылғы Жолдауында Елбасы:

«Бүгінде Парламент Конституцияны өзгертуден бастап, кез келген министрді ауыстыру, Премьер-министрді қызметінен кетіруге болатын тетіктері бар нағыз билікке ие болды. Сонымен қатар, Есеп комитетін негізінен Парламент жасақтайды», - деген болатын.

Ал баршаңыз білетіндей, 2017 жылы 25 қаңтар күні жариялаған Үндеуінде Елбасы:

«...Осы реформаның аясында үкіметті жасақтаудағы Парламенттің рөлін күшейтеміз. Парламент сайлауында жеңген партия үкімет құрамын анықтауға түбегейлі ықпал ететін болады. Бұл министрлер кабинетінің өкілетті билік алдындағы жауапкершілігін арттырады. Тиісінше, биліктің заң шығарушы тармағы атқарушы билікке бақылауды күшейтетін болады», - деп атап көрсетті.

Араға 17 жыл салып, Қазақстан қай кезде де халықтың мүддесі үшін, ел дамуы жолында кез келген тың қадамға бара алатынын көрсетті.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығында жеткен жетістіктері мен алған асулары, бет түзер бағыты жайлы жасалған Жолдауда Қазақстанның Ішкі экономикасы, саяси-әлеуметтік жетістіктері сөз болды.

Елбасының бұл ұсыныстары мен негізгі басымдықтары бүгінгі таңда да өзектілігін жоймай келеді. Демек, еліміздің дамуында қандай мәселелер маңызды болатындығын Нұрсұлтан Назарбаев осыдан 15-16 жыл бұрын тап басып айтып бергендігін байқаймыз.

2002 жылғы 16 сәуірде жасалған Жолдаудың да түп қазығы – «Қазақстан – 2030». Дегенмен, алдағы 2003-2005 жылдар «Қазақстандағы ауыл жылы» болып жарияланғандықтан, бұл Жолдау «Ауылға айрықша назар аударылады. Iшкi және сыртқы саясаттың 2003 жылғы негiзгi бағыттары туралы» болды. Бүгінгі таңда баршамыз куә болғандай, «Ауыл жылы» бойынша Қазақстанның көптеген ауылы қайта қалпына келтіріліп, ауылға назар аудару барысында көптеген іс атқарылды.

Өткен 2016 жылы қоғамда бірталай дүрбелең тудырған жер мәселесі осы 2002 жылғы Жолдауда нақты айтылып, түбегейлі шешілген болатын. Мұнда да Нұрсұлтан Әбішұлы түптің-түбінде осы даудың шығарын білгендей-ақ:

«Жуырда қабылданған Жер туралы заңның елiмiздi өркениеттi нарыққа қарай iлгерiлете алмағанын мойындауымыз керек. Ендеше, бiрлесе жүрiп жiберген қателiгiмiздi тез арада бiрлесiп түзейiк, осы заңды сындарлы қалыпқа келтiрейiк. Бұл заңның түпкi мәнi, өмiршең маңызы бар: «Ауыл шаруашылығы жерiне жеке меншiк керек пе?» дейтiн сауалға қайтаратын жауабы болуға тиiс. Осы сұрақтың жауабын iздегенде бiз, әдетте, жердi сату – «Отанды сату» дейтiн тоғышарлық тұжырымға ойыса беремiз, ал жерге деген меншiктiң шаруаның ендiгi жерде өз жерiн ешкiмнiң алып қоймайтынына деген сенiмi мен үмiтi екенiн ескере бермеймiз. Керек десеңiз, жерге деген меншiк — оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесiз жер жетiм. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесiз жер», - деп атап көрсеткен еді.

Расымен де, әр Жолдауда айтылған мәселелер ел тағдырына, мемлекет дамуына, халықтың тұрмысына ең пайдалы, ең өзекті мәселелер екенін байқау қиын емес.

Жалпы, мемлекет ретінде дамудың сан түрлі саласы болса да, ол «ішкі» және «сыртқы» деген екі-ақ бағытта жүретіні кім-кімге болсын жасырын емес. Осы бағдар бойынша өз стратегиясын айқындаған Қазақстан енді әр жыл сайын жаңағы екі бағыт бойынша негізгі саясаттарын ғана нақтылап отырары анық.

Десе де, 2003 жылғы Жолдау елдігімізді, рухани мұрамызды түгендеуге айрықша ықпал етті деуімізге болады. Олай дейтініміз, дәл осы Жолдауда «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға айрықша тапсырма берілді. Және бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында көптеген рухани қазынамыз түгенделді.

2004 жылғы Жолдауды кемелденген елдің нағыз саяси төлқұжаты деуге болады. «Бәсекеге қабiлеттi Қазақстан үшiн, Бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн, Бәсекеге қабiлеттi халық үшiн» деп аталатын Жолдауда Қазақстан дамуының нақты жетістіктері мен алдағы уақытта атқаратын істерінің нақтылығы тәнті етеді.

«Бәсекеге қабілетті экономика», «Адам ресурстарын дамыту» және «Мемлекеттік бәсекелестік қабілет» деп аталатын үш үлкен тармақтан тұратын Жолдау қоғамның барлық саласын қамтиды. Президенттің 2000 жылғы Жолдауында жалақы мөлшері 25-30 пайызға көтеру тапсырылса, айналдырған төрт жылдың ішінде бұл көрсеткіш тағы да 10-15 пайызға көтерілді.

Сонымен қатар, осы жолғы Жолдауда индустрияландыру, тұрғын үй мәселесі, білім беру, инвестиция тарту қатарлы өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталды. Тағы бір ерекше айта кетерлік жағдай, дәл осы жылғы Жолдаудан кейін еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жандарға баса назар аударыла бастады.

Мұнан бөлек, осы Жолдауда халықтың ықыласын аударған тағы бір ерекше мәселе ол – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі.

«...Алғашқы төленетiн жарна көлемi үй құнының 20 пайыздан 10 пайызына дейiн төмендетiледi, бұл жағдайда несие үстемесi 13-тен 10 пайызға дейiн азайтылады.

Тұрғын үй құрылысы қаражаты жүйесi туралы айтсақ, онда алғашқы төлемақы жарнасы 50-ден 25 пайызға дейiн төмендетiледi. Несиенi қайтару мерзiмi қалған сома бойынша 15-тен 25 жылға дейiн ұзартылады...», - деді бұл туралы өз Жолдауында Елбасы.

ІІ кезең – 2005-2011 жылдар

Елбасы Жолдауларының екінші кезеңі ретінде 2005-2011 жылдардағы Жолдауларын алуға болады. Себебі бұл кезде әлемге танылған, дамудың даңғыл жолына түскен Тәуелсіз Қазақстанның кемелденген шағын байқауға болады. 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауында Елбасы артта қалған 14 жылға шолу жасап, «Біз неден бастадық?» деген сауалға жауап іздейді.

6 түрлі ерекше басымдықты қамтыған 2005 жылғы Жолдау өткен шаққа қорытынды жасап, алдағы бағындырар межені белгілеп бергендей. Оны Президенттің өзі Жолдаудағы бір-ақ ауыз сөзбен бере білді:

«Біз жалпы ішкі өнімді екі есе ұлғайтып, бірлесіп тағы да бір Қазақстан орнататындай межеге жақындадық», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

2005 жылы жедел жаңару жолында нақты қадамдарды айқындаған Қазақ елі енді «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» атты Жолдауды қабылдады. Бұл 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын айқындаған елдің әлемнің дамыған 50 елінің қатарына кіруге жасаған алғашқы қадамы еді. Елбасы бұл межені бағындырудың 7 басымдығын атап көрсетті. Осы басымдықтарды қалай жүзеге асырудың нақты тетіктерін де тайға таңба басқандай етіп тарқатып беріп, тиісті орындарға тапсырма берді.

Бұл жолғы Жолдаудан Қазақстан Тәуелсіздігінің 15 жылдығы да тыс қалған жоқ.

«Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан». Бұл 2007 жылғы жаңару жолындағы Қазақстанның тағы бір қырын анықтаған Жолдау болды. Сонымен бірге «Қазақстан - 2030» стратегиясы арқау болған алғашқы Жолдаудың 10 жылдығына орай жасалды.

2007 жылғы Жолдаудың бір айта кетер ерекшелігі, бүгінде елімізге танымал болған бірқатар мемхолдингтерді қайта жасақтау мәселесі көтерілді.

Дамудың жаңа белесіне көтерілген еліміздің ішкі әл-ауқатына да көңіл бөлу назардан тыс қалған жоқ. 2008 жылғы Жолдау осы мәселеге арналды.

«Бүгінгі күнге дейін еліміздің айтарлықтай резерві қалыптастырылып, Ұлттық қор қаражатын қоса есептегенде, ол шамамен 40 млрд. АҚШ долларына жетті. Осындай елеулі жинақтаулардың болуы еліміздің қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде өзекті рөл атқарды», - деді Елбасы.

Осының негізінде 2009-2012 жылдар аралығын қамтитын «Жаңа үш жылдық бюджет» жобасын жүзеге асыру жоспарланды. Онда «2012 жылға дейін зейнетақыны - 2,5 есе, оның ішінде 2009 жылы – 25% , 2010 жылы – 25% және 2011 жылы 30% арттыру, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын 2012 жылы 2 есе деңгейге, оның ішінде 2009 жылы – 25%, 2010 жылы – 25%, 2011 жылы 30% арттыру, тарихи атажұртына көшіп келу үшін оралмандарға бөлінетін жыл сайынғы квотаны 2009 жылы 5 мың отбасына дейін ұлғайтып, жылына 20 мың отбасына жеткізуіміз керек» деген тапсырмалар жүктелді.

Жаңару тақырыбы 2009 жылғы Жолдауда да жалғасын тапты. «Дағдарыстан жаңару мен дамуға» деп аталатын бұл стратегиялық бағдарлама осы жылдарға тура келген дағдарыс салдарынан сүрінбей өтуге негізделді.

«Оқтын-оқтын айналып соғатын әр деңгейдегі дағдарыстарға біз бұған дейін де төтеп беріп келгенбіз. Тәуелсіздік шежіресін парақтасақ, күйреген Кеңестер империясының орнына жаңа мемлекет құру бізге оңайға түскен жоқ. Тұралап қалған экономиканы қайта қалпына келтіру, оны жаңаша даму жолына түсіру – тақыр жерден тау тұрғызғанмен бірдей», - деді Президент.

Сонымен қатар, осы Жолдауда еліміздегі ең бір маңызды ұйым – Ассамблеяның жұмысына айырықша тоқталды. Себебі 130-дан астам ұлттың басын біріктіріп отырған тәуелсіз Қазақстанның дағдарыстан шығудағы ең басты қаруы ол – бірлігі мен берекесі еді.

«Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты келесі Жолдауда бұған дейін тек қана ішкі экономикаға, халықтың әл-ауқатын түзеуге баса назар аударып келген Нұрсұлтан Назарбаев енді тікелей халық арқылы мемлекеттің дамуына ықпал ететін уақыттың келгенін аңғартады. Оған себеп «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Отандық тауарлар – 2020» қатарлы стратегиялық даму бағдарламасын қабылдауы еді.

«Орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті.

Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге (50%-дан 12%-ға дейін) азайды.

Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды. Өмір сүру ұзақтығы 65-тен 68 жасқа дейін ұлғайды. Ана өлімі екі есеге азайды, бала туу бір жарым есеге өсті.

Он жылда 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды.

Бүгінде бізде әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтар – Ана мен баланың ұлттық орталығы және Нейрохирургия институты бар», - деді Елбасы бұл жолғы Жолдауында.

Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығымен тұспа-тұс келген Жолдау 2011 жылы 28 қаңтар күні жолданды.

«Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім: «2030 жылы біздің ұрпағымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады».

Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ.

Дегенмен, діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзінде жеттік!», - деп бастаған еді Нұрсұлтан Назарбаев бұл Жолдауын. Яғни, 2011 жылғы тарихи құжат еліміз үшін де, Елбасы үшін де құнды болғанын байқауға болады.

«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдау екі үлкен басымдықтан және 7 түрлі ішкі тетіктен тұратын саяси-әлеуметтік маңызды құжат еді.

Онда барлық Жолдауларда айтылып келгендей, ел дамуының негізгі қозғаушы күштеріне айрықша мән беріліп, тәптіштей түсіндірілген болатын.

Осы Жолдауда Қазақстан дамыған 110 мемлекеттің арасында 53-орынға табан тірегені де айтылды. Тағы бір Елбасының келтірген статистикалық мәліметі Қазақстанның 20 жылдың ішінде ерекше қарқынмен дамығанының куәсі іспетті. Ол: «1994 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын. 2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік. Әлемдік тәжірибе тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ІІІ кезең – 2012-2015 жылдар

Тәуелсіздіктің 20 жылдығын түйіндеген Елбасы келесі Жолдауында дамыған Қазақстанның бағындырар жаңа биігін болжап берді. Ең алғаш «Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдаған тұңғыш Жолдаудың 15 жылдығын қорытындылай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев дамудың жаңа белесін «Қазақстан – 2050» стратегиясын жария етті.

Үш үлкен бөлімнен, 7 тармақтан және жүзге тарта нақты ішкі тетіктерден құрылған бұл Жолдау нағыз дамушы мемлекеттік стратегиялық жоспары еді. Соның ішінде «ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері» бүгінгі Қазақстанның ең қауіптенетін, ең сақтанатын қатерлері еді.

«Мен 2050 жылғы қазақстандықтар – үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.

Олар – әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары», - дейді Елбасы.

Дамудың жаңа бағытын айқындап, 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын құрған Қазақстан үшін енді осыны тиімді жүзеге асыру үшін «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» қана керек болатын. 2014 жылы 17 қаңтардағы (негізі бұны 2013 жылғы Жолдау деп қабылдаған дұрыс – ред.) Жолдау тура осылай аталды. Бір мақсатқа бірігіп, бір мүддені жүзеге асырған, бір болашаққа ұмтылған ел мәңгілік болары сөзсіз. Ендеше, бұл жолғы Жолдаудың түйіні де «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруға негізделері сөзсіз еді.

Көштің басын Мәңгілікке бұрған Қазақстан халқының бағыты – Қазақстан – 2050 стратегиясы. Ал енді осы межелі мәреге жету үшін көшбасшының даңғыл жолы болуы керек. 2014 жылы 11 қарашада халыққа кезекті Жолдауын жасаған Елбасы бұл тығырықтан да шығу жолын тапты. Ол бұл жолғы Жолдауын «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» деп атады. Ел экономикасының тұрақтылығы, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы және алдағы уақытта елімізде болатын әлемдік шараларға қатысты Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданғандығы осы Жолдауда айтылды.

Оның екінші транш бойынша бөлінген 500 млрд теңгесі бес түрлі ірі-ірі жобаға жұмсалатындығы да белгілі болған. Солардың бірі – ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі болса, 250 млн теңгені бактерді қайта қаржыландыруға жұмсау тапсырылған еді. Осы Жолдаудың ең басты тетіктерінің бірі саналған, аты айтып тұрғандай, жол-инфрақұрылымын дамыту болатын. Осы бағыт бойынша Елбасы 7 түрлі негізгі басымдықты атап көрсетті.

Мәңгілікке бет алған өзінің даму стратегиясы бар, Нұрлы жолдың даңғылына түскен ел енді жаһандық нарыққа, реформалар мен дамуға көңіл бөле бастары анық. Бұл ретте 2015 жылғы Жолдау аталған миссияны толықтыра түсті. «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдау ел өркениетіне, қоғам дамуына, мемлекеттің әлемдік саясаттағы кемелдігіне екпін бере түсті.

Төрт түрлі негізгі басымдықтан тұратын Жолдауда Қазақстанның болашағы болар жастарға деген сенім ерекше тілге тиек етілді.

Сонымен қатар бұл Жолдауда «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру барысы нақты түсіндірілді.

Түйін

20 жылдық тарихы бар Жолдауларды үш кезеңге бөліп, қысқаша шолып шықсақ, осылай болады екен. Әрине, әрқайсы бір-бір саяси институттың жүгін арқалап тұрған Жолдауларды бір ғана сайттың мақаласына сыйдыра қоямын деу ақылға қонымсыз. Дегенмен, Қазақ елінің дамуына, әлеуметтік ахуалының артуына, мәдени-рухани кемелденуіне, саяси тұрақтануына айрықша серпін берген тікелей осы Президент Жолдауы екенін мойындамасқа болмас.

Сонау 1997 жылғы алғашқы Жолдауынан бастап көші-қон, білім, әлеуметтік мәселелер, денсаулық, хылықтың әл-ауқаты, саяси тұрақтылық, ұлттық мүдде, діни көзқарас – барлығы бір рет те күн тәртібінен түспегенін байқауға болады.

Бұдан шығар қорытынды, бір елдің ел болып қалыптасып, мемлекет болып кемелденуіне бір адамның сіңірген еңбегінің өзі осынша, ал оның көшбасшылық қабілетін пайдалана отырып, әрбір қазақстандық осылай жұмыс істер болса, Қазақ елі әлдеқашан дамудың мұнан да тың жолына түскен болар еді деген ойға келесіз. Әрине, 20 Жолдауда айтылғандардың барлығы да дерлік 100 пайыз орындала қалмағаны анық. Дегенмен, сонау 1997 жылы белгілеген межеден әлдеқайда асқанымыз ақиқат.

Алда Елбасының кезекті Жолдауы жолданады, 20 жылдықты қорытындылаған, ХХІ ғасырдағы 21 Жолдау елімізге қандай серпін беріп, халыққа қандай рухани азық әкеледі? Бұл – уақыт еншісіндегі сауал.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер