Еуропалық комиссия конституциялық реформаға оң баға берді – Игорь Рогов  - Жаңғырту 3.0|19 Маусым 2017, 11:40
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Еуропалық комиссия конституциялық реформаға оң баға берді – Игорь Рогов 

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық кеңес жолдауының қаулысы қабылданды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

ҚР Конституциялық кеңесінің төрағасы Игорь Рогов өткен жылы қазақ тарихында елеулі оқиғалар көп болғандығын атап өтті.

«Өткен жылы Жолдау жарияланғаннан кейін Қазақстан мемлекеттілігі мен оның конституциялық эволюциясы үшін айтулы оқиғалар болды: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекеленді. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы №51-VI ҚР заңын (бұдан әрі – 2017 жылғы 10 наурыздағы заң) қабылдау арқылы конституциялық реформа жасалды», - деді ол.

Осы орайда Конституциялық кеңес төрағасы елімізде жүргізілген конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталды.

«Жолдауда аталып өткендей, 2017 жылғы конституциялық реформа «Қазақстан -2050 стратегиясы, Қазақстанның неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі тұрғысында қоғам мен мемлекетті жан-жақты жаңғырту жолындағы жаңа кезең болды. Ол Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бес конституциялық реформасы орындалғанын көрсетеді. Сонымен қатар Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында ел экономикасының сапалы өсуіне және жаһандық бәсекеге қабілеттілік жағдайында берік позициясының қалыптасуына саяси-құқықтық алғышарттар жасайды», - деді Игорь Рогов.

Сонымен қатар ол Ата заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мемлекеттің әлеуетін күшейтуге бағытталғандығын алға тартты.

«Жоғарыда аталған заң аясында Мемлекет басшысының конституциялық мәртебесін анықтау, Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, мемлекеттік биліктің біртұтастығы және бөлінуі қағидасын ескере отырып, билік өкілеттіліктерін Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің арасында қайта бөлу арқылы президенттік басқару нысаны жаңғыртылды. Сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздерін нақтылау қарастырылған», - деді ол.

Сонымен қатар Игорь Рогов еліміздегі саяси реформаның толығымен заң аясында жүргізілгендігін атап өтті.

«Конституциялық кеңес Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңартылған мәтіні еліміздің тұрақты дамуының басымдықтарын, Қазақстан Республикасы азаматтарының пікірін кеңінен ескере отырып, әрі негізгі заңның кіріспесінде , 1-бабының 2-тармағында және 91-бабының 2-тармағында баяндалған конституциялық құндылықтарды сөзсіз сақтай отырып, қоғам мен мемлекетті тереңінен қайта өзгертуге сәйкес келеді деп есептейді», - деді ол.

Сонымен қатар Конституциялық кеңес төрағасы Ата заңдағы құндылықтар одан әрі жетілдіріле түсетіндігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, ол елімізде жүргізілген ауқымды конституциялық реформаға Еуропалық комиссия оң бағасын берген.

«Еуропалық комиссия (Венеция комиссиясы) 2017 жылғы 10 наурыздағы 110-жалпы сессиясында «ҚР-сының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы бойынша оң қорытынды берді. Венеция комиссиясының пікірінше, «Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мен мемлекетті демократияландыру процесіндегі алға басылған қадам болып табылады. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді әрі айқын прогрестің куәсі. Тұтастай алғанда Парламенттің, атап айтқанда ,оның Палаталарының рөлін жоғарылату, Президенттің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есеп беруі және бақылауында болу механизмдерін күшейту – 1998 және 2007 жылдары өткізілген бұдан бұрынғы конституциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгеріс болып табылады», - деді ол.

Сөз соңында Игорь Рогов жаңа Конституция елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асыруға септігін тигізгенін айтты.

«Конституциялық кеңес өзінің қорытынды шешімдерін уақытылы және толық орындау қажет екеніне уәкілетті органдардың назарын аударады. Осы жолдауда айтылған ұсыныстарды іске асыру, Конституциялық кеңестің пікірінше, конституционализмді одан әрі тереңдетуге және нығайтуға септігін тигізеді әрі үшінші жаңғыру жағдайында Мемлекет басшысы бағытын айқындаған саяси реформаны және Конституцияны жүзеге асырудың тиімділігін арттыру үшін құрал болып табылады», - деп түйіндеді сөзін Конституциялық кеңес төрағасы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер