BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елбасы кітапханасының қызметкерлері Жолдаудың маңыздылығын атап өтті

Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы еліміздің қарқынды дамуына жаңа серпін береді. Стратегиялық құжат халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады, Қазақстан экономикасын дамудың жаңа кезеңіне жетелейді. Алмағайып замандағы жаһандық сын-қатерлерге жауап беретін Жолдаудың еліміздің әрбір тұрғыны үшін маңыздылығын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы кітапханасының қызметкерлері алға тартып отыр, деп хабарлайды Baq.kz.

«Жолдау технологиялық, заманауи, нақты және дәйекті. Құжатта әрбір қазақстандыққа байланысты өзекті және маңызды мәселелер көтерілді.

Биылғы Жолдаудағы кейбір мәселелер бұған дейінгі стратегиялық құжаттарда көрініс тапқан, бірақ барлық заманауи процестердің құрамдас бөлігіне айналған сандық технологияларға тұңғыш рет екпін жасалды. Заманауи технологиялардың игілігін тұрмыста сезінеміз. Электрондық дүкендер мен онлайн-банкинг қызметіне жүгіну бүгінде таңсық емес. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да кезекте тұрудың қажеттігі артта қалды. Анықтаманы электрондық үкімет арқылы алуға мүмкіндік бар. Оның тиімді екендігі даусыз. Сондықтан ұқсас жаңашылдықтарды жаппай ендіру қажет.

Елбасымыз 3D принтерлер, электромобильдер іспетті жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға басымдық береді. Қазақстанның кең даласында пайдалануға ыңғайлы, табиғатқа тиімді, қаражат жағынан үнемді гибридті және толықтай жабдықталған электромобиль өндірісін қолға алған жөн. Оның арқасында бәсекеге қабілеттігіміз артып, жедел, заманауи, экономикалық тұрғыда тиімді атанамыз.

Толайым табысқа жету үшін адами капиталды дамыту қажет. Жастар үш тілді меңгеруі тиіс. Әлемдегі ақпараттың 90 пайызы ағылшын тілінде болса, қалған 10% басқа тілдерде жарық көреді. Қосымша білім алуға қажетті тың деректерді Интернеттен табуға мүмкіндік бар. Интернеттің қолжетімдігі – мемлекеттің дамуын сипаттайтын көрсеткіш. Сондықтан оны шағын ауылдар да пайдалануы тиіс. Оған қажетті оптикалық талшықты желілерді өзіміз шығара аламыз. Себебі еліміз түрлі-түсті металға бай.

Биылғы Жолдау болашаққа бағдарланған. Оны табысты жүзеге асыру жүгі жас ұрпаққа жүктеледі», - дейді ҚРТұңғыш Президенті –Елбасы кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев.

Елбасы Жолдауына қатысты ҚР Тұңғыш Президенті –Елбасы Кітапханасы Геосаяси және өңірлік зерттеулер қызметінің аға ғылыми қызметкері Дина Тұрарова да өз пікірін білдірді.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» - тәуелсіздік жылдарындағы тарихи әрі өршіл жолдау десек қателеспейміз. Әуелі негізгі идеяны, яғни экономикалық дамудың жаңа моделін құруға және еліміздің Үшінші жаңғыруын жүзеге асыруға назар аударған жөн. Елбасы Н.Ә.Назарбаев экономиканың жаңа секторларын өркендету және дамудың шикізаттық емес драйверлеріне көшу мәселесін алға тартты.

Белгіленген мақсаттарға инновациялық секторлар, өнеркәсіп, құрылыс пен агроөнеркәсіптік кешен іспетті өндірістік салаларға алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу, көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту, қаржы жүйесіне жаңа серпін беру арқылы қол жеткіземіз. Сыбайлас жемқорлықпен және экстремизммен күрес, кәсіпкерлікті ынталандыру және экономикадағы мемлекеттің рөлін төмендету тәрізді маңызды факторлар да басымдыққа ие.

Үшінші жаңғыру – ел дамуының логикалық жалғасы, әлемдегі ең бәсекеге қабілетті Қазақстан экономикасын қалыптастырудың келесі кезеңі. Жолдауда белгіленген міндеттер тұрақты дамуға, сонымен қатар ең дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиялық мақсатына қол жеткізуге септігін тигізеді.

Биік мақсаттар барлық деңгейде уақыт пен қордың, оның ішінде кадрлар резервін талап ететіні анық. Сондықтан Елбасы биылғы Жолдауда адами капиталды арттырудың, білім мен ғылыми қамтымды салаларды жетілдірудің қажеттігін айқындады. Елбасымыз еліміздің стратегиялық дамуының кешенді көрінісін, «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу мен алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу жоспарын көпшілік назарына ұсынып отыр», - деп атап өтті ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер