БҒМ жауапты хатшысы жалақы айырмашылығы туралы айтты - Жаңғырту 3.0|02 Маусым 2017, 12:39
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

БҒМ жауапты хатшысы жалақы айырмашылығы туралы айтты

ҚР БҒМ жауапты хатшысы Арын Орсариев Назарбаев университетінде өткен «Өмір бойы білім алу: тұрақты даму мүддесінде үздіксіз білім беру» 15-ші халықаралық конференциясы кезінде мектеп, колледж және жоғары оқу орнын бітірген адамдардың орташа жалақысындағы айырмашылық туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Арын Орсариевтің айтуынша, қазіргі заманда білімге құйылған инвестиция адам капиталын дамытуға салынған инвестиция ретінде қарастырылады.

«Бүгінде елімізде орта біліммен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Осы жылдан бастап біз тегін кәсіптік-техникалық білім тұжырымдамасын енгізіп жатырмыз. Қазақстанда 9410 балабақша 3-тен 6 жасқа дейінгі 807 мың бүлдіршінді қамтыған, 7450 мектепте 2,9 млн оқушы білім алады. 817 колледж 489 мың, ал 130 жоғары оқу орны 512 677 адамды қамтыған. Сонда 17 мың білім мекемесі жыл сайын 4,5 млн азаматты оқытады», - деді Орсариев.

Жауапты хатшының айтуынша, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарын бітірген адамдардың жұмысы нарықта әртүрлі бағаланады.

«Егер азамат орта мектепті бітірсе, нарық оның жұмысын орташа есеппен 30-35 мың теңгеге бағалайды. Егер азамат колледжді тәмамдаса, оның орташа жалақысы 60 мың теңге шамасында. Ал жоғары оқу орнын аяқтаған адамның орташа айлығы – 80-85 мың теңге. Мен бұл жерде оқудан кейін алғашқы жылдардың цифрларын келтіріп отырмын. Егер статистика бойынша Қазақстанда орташа жалақы 140 мың теңге екенін ескерсек, онда қалған қосылған құн – бұл өмір бойғы білімнің адамға бергені», - дейді ол.

Айта кетсек, бүгін Астанадағы Назарбаев университетінде «Өмір бойы білім алу: тұрақты даму мүддесінде үздіксіз білім беру» 15-ші, яғни мерейтойлық халықаралық конференция өтті. Конференцияның негізгі мақсаты – тұрақты даму мүддесінде үздіксіз білім берудің өзекті мәселелерін талқылау және үздіксіз білім беру саласында халықаралық форумның пікір алмасу алаңын құру.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер