BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алматыда «Қыран-2018» турнирінің жеңімпаздары анықталды

Бүгін Алматы қаласының ипподромында ұлттық спорт түрінен «Қыран-2018» атты құсбегілердің республикалық турнирі аяқталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ақпараттық және спорттық ХАБ-қа сілтеме жасап.

«Руxани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл жарысқа Қазақстанның 10 аймағынан келген 60-қа жуық саятшылар үш күн бойы өзара мықтыны анықтады. Олар, бірінші іріктеу кезеңінде көрермендерге құсты ат үстінен қолға қондыру, шырға тарту сияқты өнерлерін көрсетті. Ал, келесі кезеңге өткен бүркіттер қоян мен түлкіге шапса, қаршыға мен ителгілер қолға шақырылып, көгершін аулады.

Бұл керемет көрінісітің куәгері боламын деп келгендердің қарасы мол болды. Жарыс қорытындысы бойынша, ең жоғары ұпай жинаған 13 жасар бүркітші Бексұлтан Сейтжан бірінші орын алып, 200 мың теңгеге ие болды, ал, екінші болып алматылық Ғабит Таңат (150 мың теңге) тұрақталса, үшінші орынға Мұратхан Даулетхан (100 мың.теңге) ие болды. 4, 5, 6-орындарды өзара Арманбек Күнтуған, Бақдәулет Бабажан, Алмас Сейтжан бөлісіп, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар, жүлдегерлер дипломдармен марапатталды.

«Бұл жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Әрине, оңай болған жоқ. Бірінші орынды кез келген қыран құсы ала бермейді ғой. Сол үшін мен өзімнің құсым «Хантәңірге» алғыс айтамын. Мен бұл құсты баптап жүргеніме 5 жыл болды. Қазір өзім 13 жастамын, алдағы уақытта да басқа турнирлерде бағымды сынап көрмекпін», - деп өз ойын турнирдің жеңімпазы Бекасыл Сейтжан бөлісті.

Осы бүркіттерден бөлек, саятқа қаршыға мен ителгі құстары да шығып, көгершіндерді аулаған болатын. Бұл жерде: Дәурен Аршабай, Арай Серікбаева, Сұлтан Сейтжанбек (Қаршыға) және Медет Шәліпов, Берікболсын Бабажан, Нұрбақыт Бәкен (Сұңкар) жүлдегер атанды. Олардың қатарында ең жас қатысушы ретінде арнайы сыйлыққа Алғазиз Ғалымбекұлы мен Ерсұлтан Жұмағұл (екеуі де Алматы облысы) ие болды.

Айта кетер жайт, бұл жарыс Алматыда алғаш рет 1988 жылы көршілес Қырғыз, Түркімен елдерінің қатысуымен өткен болатын. Осы жолы бұл іс-шара Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы және «Қыран» Федерациясының қолдауымен өткізілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер