BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

2025 жылға дейiнгi даму жоспары халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді – ҰЭМ

Фото: Шыңғыс Қаппаров

Бүгiн Үкiмет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов «Қазақстанның 2025 жылға дейiнгi стратегиялық даму жоспарын» таныстырды. Оның айтуынша, жоспар халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Сүлейменовтың мәліметінше, аталған құжат Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын iске асыруға бағытталған және ол Қазақстанның 2025 жылға дейiнгi кешендi даму мақсатын айқындайды.

Министр ұсынылған стратегиялық жоспардың жобасы Үшінші жаңғырудың міндеттерін шешудің кешенді жоспары саналады дейді. Ол тек экономикалық жаңғыруға емес, сонымен қатар институционалдық және әлеуметтік жаңғыруға қатысты мәселелерді қамтиды.

«Елдің әл-ауқатын арттыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуымен бірге жүруі керек. Оған мыналар кіреді: өмір сүру ұзақтығын 72-ден 75 жасқа дейін ұлғайту; халықтың ең аз қамтылған табысының үлесін 22,8% -дан 27% -ға дейін арттыру; PISA тестіне сәйкес, орта білім беру сапасының үш пән бойынша 450-490-ға дейін өсуі; энергия сыйымдылығын 40%-ға дейін төмендету (2008 жылғыдан); өңірлердің ЖӨӨ бойынша даму арасындағы алшақтықты 3,2 еседен 2,7 есеге дейін азайту; Дүниежүзілік банктің индексі бойынша мемлекеттік басқару тиімділігін 51 процентилден 60-75 процентилге дейін көтеру», - деді Тимур Сүлейменов.

Министрдің мәліметінше, дамыған 30 елдің қатарына кіру жолындағы Қазақстанның прогресін бақылау үшін әлемдегі ең танымал 6 рейтинг қолданылады. Олар - Дүниежүзілік Экономикалық Форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі, Біріккен Ұлттар Ұйымының адам дамуы индексі, Сыбайлас жемқорлықтың халықаралық индексі, Құқық үстемдігі индексі, ЭЫДҰ бәсекеге қабілеттілік индексі және Экономикалық қиындық индексі.

Сондай-ақ, бүгін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика министрлiгi, Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi мен басқа да мүдделi органдарға стратегиялық даму жоспарын түсiндiру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер