Сүйектен кәдесый жасаған қандасымыз шетелдіктерді таңғалдырды - Атажұрт|03 Шілде 2017, 11:19
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сүйектен кәдесый жасаған қандасымыз шетелдіктерді таңғалдырды

Фото: Майгүл СҰЛТАН

Малдың сүйегінен, мүйізінен кәдесыйлар жасайтын қандасымыз Махамбет Қоңқай EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ашылған Этноауылда шетелдіктерді шеберлігімен таң қалдырды, - деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Моңғолиядан келген қандасымыз сүйектен, мүйізден және ағаштан кәдесыйлар жасаумен 2 жылдан бері тұрақты айналысып келеді екен. Атадан балаға жеткен өнерден қол үзгісі келмеген ол қаншама мүмкіндіктерден бас тартып, азғантай кірісіне қарамастан осы саладан айырылмай отырғанын айтады.

– Бұл өнер маған қанмен келген. Әкем де, атам да ағаштан түйін түйген шеберлер болды. Сауда саласында табысы мол үлкен мүмкіндіктер болды. Бірақ, бәрібір осы өнер мені басқа арнаға бұрғызбады. Өйткені тек осы жұмысымнан ғана ләззат аламын, ықыласыммен істеймін,- дейді он саусағынан өнер тамған шебер.

Махамбет Қоңқайдың қолынан шыққан кәдесыйлардың барлығы малдың сүйегі мен мүйізінен, мәрмәр тастар мен ағаштан жасалған. Әр туындысының дизайнын да өзі дайындап, оюларды өзі салатын шебер әшекейлі ағаш сандықтарды да жасайды екен.

– Мен кәдесыйдан бөлек ағаштан сәнді сандықтар жасаймын. Оған да сүйектен оюлар оямын. Туындыларымның барлығына тек сүйек, мүйіз, ағаш сияқты табиғи өнімдерді пайдаланамын. Ешқандай бояу да қолданбаймын. Жіліктердің, кеміктердің барлығы майы алынып, құрғатылған. Пішінін ешуақытта өзгертпейді. -дейді қандасымыз.

Этноауылды тамашалауға келген қытайлық қонақ Махамбеттің қолынан шыққан кәдесыйларға ерекше тәнті болды. Әсірсе, мүйізден жасалып, кеміктен қақпақ орнатқан шақшаға таң қалған қытайлық қалтасында теңгесі болмағанына қарамастан шақшаны Қытай юанімен сатып алды.

– Мен Қытайдың қазақтар көп қоныстанатын Шыңжаң өңірінен келдім. Сондықтан қазақ халқының мәдениет, салт-дәстүрімен жақын таныспын. Бірақ бұл шебердің туындылары мені ерекше таң қалдырды. Насыбай салатын шақшаны сүйектен жасау тек хас шебердің ғана қолынан келетін болар,- дейді қытайлық турист.

Фото автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер