BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қандастардың көшіп келуіне бұрынғыдай кедергі жоқ – Ауыт Мұқибек Эксклюзив

Өткен аптада Үкімет отырысында 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы қаралды. Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі этникалық көші-қон болды. Тұжырымдама жобасында Мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмалары қарастырылған. Яғни онда этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін ғана қарастырмай, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланысты күшейту мақсатында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерінде мәдени орталықтар құруына ықпал жасау, шетелдегі білікті мамандар мен жетістікке жеткен азаматтарды елге тарту және олардың электронды дерекқорын жасау, жоғары білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру, Үкімет айқындаған солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды бейімдеу, кіріктіру қызметін көрсететін орталықтар құру немесе қазіргі жұмыспен қамту орталықтарының функциясын кеңейту ұсынылып отыр. Елімізде іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында Қазақстан елшіліктері арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысын жүргізу де қарастырылды. Жаңа заң этникалық көші-қонның қайта жандануына қаншалықты серпін береді? Көш жандана ма? Осы негізде біз этникалық көші-қон жұмысына белсене атсалысып жүрген қоғам қайраткері, «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Ауыт Мұқибекті әңгімеге тартқан болатынбыз.

Этникалық көші-қон заңы кемелденді

– 4 жыл бұрын Үкімет қандастарымызға 4 жылсыз азаматтық бермеу туралы «Халықтың көші-қоны туралы» заң қабылдаған еді. Сол кезде көштің іркілгені рас.

– Иә, ол Заң бүкіл қазақ қоғамында дүмпу туғызған еді. Бірақ, жарты жылға жетпейтін уақытта Елбасы Үкіметке заңды қайта қарауды тапсырды. Сол тапсырма бойынша 2015 жылы 9 ақпанда Үкіметтен өзгертулер мен толықтырулар енгізілген нұсқа Мәжіліске келіп түсті. Мәжілістегі талқылауға мен де қатыстым. Оның барынша кемелді болуына депутаттар да, қатысты министрліктердің өкілдері де барын салды. Осы заңға 2015 жылы 24 қарашада қол қойылып, 2016 жылы 1 қаңтарынан бастап атқарылып келе жатыр. Яғни, бұл заңның қазақ көшіне серпін беретін тұстары көп болды. Атап айтқанда, қандастарымыз, құжат өткізген күннен бастап, бес жұмыс күні ішінде «Оралман» мәртебесіне қол жеткізеді; үш айдың көлемінде тұрақты тіркеуге тұрып, ықтиярхат алады; ал, одан кейінгі үш айдың ішінде ҚР азаматы болып шыға келеді. Үкіметтің 2016 жылғы 18 ақпандағы 83-Қаулысында белгілеген жеті облыстың біріне қоныс тепкен жағдайда (Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар,Солтүстік Қазақстан облыстары) көшіп келу жәрдемақысы беріледі. Яғни, әрбір отағасыға 55 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, отбасы мүшелеріне 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ерулік береді. Оның сыртында, ауылдарды таңдаған қандастарымызға бір жыл бойы үй жалдап тұру үшін ай сайын 50 мың теңгеге таяу тағы көмек бар. Оны бір жолда алып, үй сатып алуына да болады.

Осы заңда тек бір ғана кемшілік болды. Ол – ҚХР-дан келетін қазақтардан тұрақты тіркеуге тұруда сотталмағаны туралы анықтама талап ету. Бұл мәселені де көтердік. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа екі рет айтылды. Ведомство басшысы бұл мәселенің Үкімет деңгейінде шешілетінін айтты. Сөйтіп вице-премьер Асқар Мырзахметовтың қабылдауында болып, мән-жайды жеткіздім. Одан ары Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайы қарсаңында бірінші вице-премьер Асқар Мәмин бас болып ашқан ұйымдастыру комитетінің жиналысында бұл мәселе қор құру, ұлты қазақ шетелдік студенттердің оқу грантын көбейту, шеттен оралған зейнет жасындағы азаматтардың зейнетақысын көбейту сынды ұсыныстармен толықтырылып, тағы көтерілді. Сөйтіп, Үкімет арқылы Елбасына жетіп, бұл тілегімізбен қоса басқа өтініштеріміз де орындалды. Міне, биыл 4 қыркүйек күні ҚР Ішкі істер министрлігінің «Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 4 желтоқсандағы №992 бұйрығына толықтыру енгізіліп, бұйрықтың 10-тармағындағы «азаматтығы тиесілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат» - деп аталатын 6-тармақшасына «Қытай Халық Республикасы азаматтарының этникалық қазақтарын қоспағанда, егер өзге халықаралық шарттарда көзделмесе» - деген ескерту қосылды.

– Демек, этникалық көші-қон заңы кемелденді ғой?

– Солай айтуға әбден болады. Өткен аптада Үкіметте қаралған Көші-қон саясатының жаңа концепциясының жобасы қазақ көшіне тың серпін берері сөзсіз. Онда Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы Елбасының тапсырмалары толық қамтылыпты. Біріншіден, шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдауға арналған «Отандастар» атты қорды құру қолға алынбақ. Екіншіден, шеттегі талантты қазақтардың электронды дерекқоры жасалмақ. Үшіншіден, кәсіби білікті этникалық қазақтарға уақытша жұмысқа келу мүмкіндігін беру үшін жұмыс берушілерге рұқсатты жеңілдетілген тәртіппен тегін беру тетігі қарастырылды. Төртіншіден, елімізде іске асырылып жатқан көші-қон саясатын және оның тетіктерін сыртта жүрген қандас бауырларымызға толыққанды және уақытында жеткізу мақсатында шетелдегі біздің елшіліктер арқылы белсенді ақпараттандыру жұмысы жүргізілетін болады. Осылайша Елбасының тапсырмасы заңдық негізде жасалды. Ендігі мәселе – атқару мен ақпараттандыруда.

– Қандастарымыз үшін бұдан өзге қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– Ең алдымен, атажұртына келу үшін қандастарымыз өзі тұрған елдегі Қазақстан елшіліктерінен визаны тегін алады. Биыл жаңа жылдан бастап, кезекке тұрудың азабын әбден тартып келген Қытайдағы қазақтарға бір жолда 3 жылға көп мәртелі виза беру тәртібі де жүзеге асып жатыр. Келгеннен кейін тұрған мерзіміне қарамастан жеңілдетілген тәртіппен тіркеуге тұрып, оралман мәртебесіне ие болады. Бір жылға жетпейтін уақытта ҚР азаматтығын алады. Әрбір оралман отбасы Қазақстандағы барлық ауылды жерден шаруашылық құру үшін тегін жер телімдерін алуға құқылы.

– Жерге мораторий жарияланған жоқ па?

– Келіп жатқан ағайындардың көп бөлігі ауылды жерлерге барып жатыр. Ол үшін де Үкімет тиімді жағдай жасап қойды. ҚР Жер кодексінің 37, 46, 97, 100-баптарында оралмандарға тегін жер телімін беру қарастырылған. 100-бабтың 6-тармағында: «Жері бөлісуге жатпайтын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесі құқығы бұрын берілмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ оралмандардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндірісіне байланысты өзге де қызметті жүргізуі үшін арнайы жер қорының жерінен бірінші кезекте жер учаскесін алуға құқығы бар», деп көрсетілген. Көрдіңіз бе, жер қорындағы жер оралмандарға бірінші кезекте беріледі. Осыны біздің атқарушы органдар Елбасы жариялаған мораториймен шатастырып, оралмандарға да жер бермей сандалтқан жағдайлар болды. Осыны анықтау үшін біз оралман жігіттердің әкімдерге жазған өтінішін қадағалауға алдық. Әкімдер оларды жер берілмейді деп қайтарды. Сосын сол хатты Жер қатынастары басқармасына жіберткіздік. Олардың да жауабы солай болды. Хатқа жауап берген органдарды ақпарат құралдары арқылы сынға алдық. Оған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі назар аударды. АШМ вице-министрі Ерлан Нысанбаев арнайы жиналыс өткізіп, Оралмандарға жер телімдерін беруде ҚР Жер кодексінің жоғарыда аталған төрт бабын негізге алуды тапсырды және өзі қол қойып, бүкіл облыстардың Жер қатынастары басқармаларына хат жөнелтті. Сондықтан, ең алдымен мүдделі тұлға өтініш жазып талап етсе, атқарушы орган оған міндетті түрде Жер телімдерін беруі тиіс. Мысалы, биыл жазда Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданының Бірлік деген ауылына бардым. 15 оралман отбасы көшіп барғалы жабылып қалған мектеп пен бала бақша қайта ашылды. Олар мемлекеттен берілетін барлық көмекке қол жеткізді. Әкімдіктен әр отбасыға 10 гектардан шабындық жер берілді.

– «Оралман» мәртебесінің тиімділіктері қандай?

– Оралман куәлігі тек шеттен келген қазақтарға ғана берілетін мәртебе. Оның мерзімі бір жыл ғана. Ал, «оралман» мәртебесінің тиімділіктері туралы толық білгіңіз келсе, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның 23-, 26-баптарын оқыңыз. Бір сөзбен айтқанда, алыс-жақын шетелдерден Қазақстан Республикасына көшіп келіп, «оралман» мәртебесіне ие болған қазақ – ең бақытты қазақ дер едім мен.

Ендігі мәселе – жаңа заңды дұрыс атқару мен ақпараттандыру

– Сіздіңше насихат жұмыстары қалай жүргізілуі керек?

– Оны ең алдымен шетелден келген белсенді азаматтар өздері бас болып, қалталы кәсіпкерлер демеушілік жасап, 40-тан аса оралмандардың қоғамы жұмыла жұмыс істеуі керек. Атқарушы органдардың есігін күнде тықылдатып, телефонын сағат сайын шырылдатып тұрған жөн. Сонда барып олар «Көші-қон» деген саясаттың бар екенін біліп, заңдары мен қаулыларын ақтара бастайды. Оралмандарға қандай жеңілдіктер мен көмектердің бар екенін түсінеді. Белгіленген жеті облысты әр қоғамдық ұйым бөліп алып, оралмандарды қоныстандыруы тиіс. Қандастарымыз ренжімесін, қазір той тойлайтын заман емес. Қалталы қандастарымыз ақындар мен батырларды еске алуға миллиондап жұмсаған қаржыны көші-қонның жандануына берсін. Қытайдағы қазақтардың келуі өте мүшкіл халге түсіп кетті. Моңғолиядан келетін көш тоқтады деп айтуға болады. Өткен жыл мен биылғы жылдың алғашқы үш айын салыстырсақ, Моңғолиядан келген қандастарымыз 2016 жылы 9% болса, 2017 жылы 2,1% ға төмендеген. Заңның дұрыс атқарылуы мен оралмандардың заңдық сауатын арттыруда мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары арнайы бағдарлама ашуы керек. Мысалы, бір ғана «Qazaqstan» ұлттық телеарнасын алайықшы. Ұлттық арнада бірінің аузынан бірі түскен «Келбет», «Жарқын бейне», «Дара жол» деген үш бағдарлама бар. Үшеуі де танымал тұлғалар, қайраткерлер мен ақын-жазушыларға арналған. Соның біреуін тек көзі тірілерге, бірін бақилық болғандарға, ал үшіншісін көші-қонға неге арнамасқа?!

– Жаңа заңда бұл жұмысқа шетелдегі елшіліктердің де кірісуі керектігі айтылған...

– Халықтың көші-қоны туралы заңда Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты атқарушы биліктің көші-қон жөніндегі міндеттері анық жазылған. Соның ішінде Сыртқы істер министрлігінің құзырына сіз айтқан мәселе кіреді. Қандстарымыз Қазақстанға келмей тұрып-ақ елшіліктер арқылы оралман куәлігін алып, квотаға ілігуге өтініш тапсыра алады. Елшіліктер «ағайындар талап етпейді» деген сылтауды көлденең тартады. Елшіліктер ақпарат бермесе, өзге елде жатқан қазақ қайдан біледі? Консулдық қызметкерлері бұл жұмысты өте нашар атқаруда, тіпті атқарып отырған жоқ деуге болады. Ең болмаса, «Халықтың көші-қоны туралы» заңның «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерінің құзыреті» деген 10-бабын сол елдің жазуымен жазып, консулдықтардың кіреберістеріне іліп қоюға болады ғой. Виза рәсімдеуге келген жұрт өзі-ақ оқып, хабар таппай ма. Одан қалаберді, әр елшілік өз сайттарында жариялап, сол елдегі БАҚ арқылы айтып отыруы тиіс. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында «Біз көшіп келуге ниет еткен ағайынға жол сілтеуді тұрғылықты жерінен бастауымыз керек. Біздің барлық мем­лекетте елшіліктеріміз бар, сол елшіліктер азаматтардың құжаттарын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Бұл жұмысты осында отырған Сырт­қы істер министріне тапсырамын» деп, Елбасы да айтты.

– Елге оралған ағайындар үшін тағы қандай жұмыстар істелуі керек деп ойлайсыз?

– Құжаттық жұмыстар бір ізге түсіп келеді. Енді олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш салуымыз керек. Байқаймын, Үкімет айқындаған өңірлерге көшетіндерді сортқа бөлетін көрінеді. Мамандығы барларды мұғалімдікке, күзетшілікке, жүргізушілікке дегендей жұмыстарға тұрғызып, жұмыспен қамтылды деп есеп беріп жатқаны анық. Ол да дұрыс шығар. Бірақ, түгел қазақты дәл осындай жұмыспен қамту мүмкін емес қой. Одан гөрі, жергілікті билік көшіп келушілер мен қоныс аударушыларға зауыт ашып, өндіріспен айналуға, мал өсіріп, шаруашылықты шалқытуға шар-жағдай жасап беріп, олардың өздерінің белсенділігін арттыруға күш салғаны жөн. Ауылды жерге қоныс тепкен оралмандар үшін азаматтық туралы құжат пен жер өз уақытында берілсе, олар жұмыс көздерін өздері-ақ ашып алады. Қазір «Нұрлы жер» деген өте тиімді бағдарлама барын білесіз. Сол бағдарлама арқылы болашағы бар елдімекендерден үйлер тұрғызу жұмысын осы бастан қолға алған дұрыс деп ойлаймын. Оралмандардың ішінде құрылыстың қыр-сырын білетіндері өте көп. Сол мүмкіндікті де пайдалана білген жөн. Шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламадан оларды да игіліктенуге жетелеуі тиіс. Қысқасы, соның бәріне ақпараттандыру жұмысы өз деңгейінде жетпей жатыр.

– Сіздіңше шетелден келген жастар қандай мамандықты таңдағаны дұрыс?

– Бізде көбі заңгерлік пен экономиканы оқығысы келеді. Біз Қытайдың «Жібек жолы» мен «Нұрлы Жолды» түйістіріп жатқан елміз. Миллиард халқы бар Қытай біздің таза етімізге, дақылдарымызға қызығып отыр. Елбасы да Қытаймен осы бағыттағы сауда-сатық дамиды деп үнемі айтып келеді. Қытай алып ел. Біз соның малын баптап бағып беретін фермері мен бидайын дәндеп өсіріп, орып, қаптап беретін басыбайлы диханына айналып қалмауымыз керек. Қазір техниканың заманы. Мал өсірудің жаңа технологиясын үйренетін кез. Елбасы «Цифрлы Қазақстан» құру жобасын ортаға қойды. Дәстүрлі бағымшылығымыз қалып бара жатыр. Сол үшін, ауыл шаруашылығы өнімдерін өз елімізде мәнерлеп, бағалы тауарға, көздің жауын алатын қапшыққа орап, тіл үйіретін қазақстандық брентке айналдырып сатуымыз керек шетелдіктерге. Қазір де, болашақта да осы саладағы мамандардың бағы жанары сөзсіз. Сондықтан мен кез келген жасты ауыл шаруашылығының әртүрлі мамандықтарын таңдауға шақырар едім.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жұмысының жанданатынына сенімдімін

– Бұған дейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастарымыздың қамын күйттемейтіні туралы сынға көп ұшырады. Қауымдастыққа жаңа басшы келді. Қандай өзгерістерді күтесіз?

– Қауымдастық жай ұйым емес. Оның төрағасы Елбасының өзі. Елбасы төрағалық ететін үш-ақ ұйым бар. Біреуі осы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, бірі – Қазақстан халқы ассамблеясы, үшіншісі – «Нұр Отан» партиясы. «Нұр Отан» мен Ассамблеяның абыройы қандай, олар қандай жұмыс істеп жатыр? Ал қауымдастық ше? Қуанарлығы өте жақсы басшы келді. Зауытбек Тұрысбеков, ол – тұлға, Елбасы басшылығындағы Қазақстанның құрушыларының бірі. Ол кісіге бұл сала жат емес, бір кездері Көші-қон агенттігін басқарған. Шетелдерде елші болған. Қазақтарды өз қолымен көшіріп әкелген адам. Енді ол кісі жоспар түзіп жатқан болар. Мен Зауытбек Қауысбекұлына ақыл айтатын шамадағы адам емеспін. Бірақ осы саланы жақсы білетін маман ретінде мына екі ұсынысты айтар едім ол кісіге: бірінші, Қауымдастықтың Үкімет деңгейінде бекітілген бағдарламасы болса; екінші, Қауымдастық оралмандардың қоғамдық ұйымдарымен тығыз жұмыс жасалса.

– Әңгімеңізге рахмет! Шеттегі бар қазақ көк тудың астына жиналатын күн тусын!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер