Гүлжан Мұратқызы, дизайнер: Жарнаманы тек орыс тілінде жасататындар көп - Атажұрт|09 Шілде 2017, 16:53
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Гүлжан Мұратқызы, дизайнер: Жарнаманы тек орыс тілінде жасататындар көп

Қала көшелерінде ілініп тұрған әртүрлі жарнамалар мен маңдайша жазуларының шаһарымыздың бет-бейнесіне өзіндік әсер ететіні сөзсіз. Елімізде әлем көз тіккен айтулы шара өтіп жатқан бүгінгі таңда бұл тіптен маңызды. Осы орайда, «Үздік жарнама -2017» байқауының жеңімпазы, «ORDA-print» жарнама орталығын Директоры, дизайнер Гүлжан Мұратқызымен болған сұхбатты ұсынамыз.

- Жақында Астана әкімдігі тарапынан «Үздік жарнама -2017» аталымы бойынша марапатталыпсыздар. Жүлде құтты болсын! Бұл байқауға қатысушылар қандай шарттар негізінде іріктелді?

- Байқауды Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы жыл сайын өткізіп тұрады. Басты мақсат - билік пен халық және жарнама өндірістік компаниялары арасындағы қарым-қатынасты күшейту. Сол арқылы әртүрлі жарнама өнімдеріндегі мемлекеттік тілдің аясын кеңейту. Байқаудың шарттары күрделі емес, ең бастысы осы салада жұмыс жасап жатқан кез келген жеке кәсіпкер қатыса алады және толық өндіріс құрал -жабдықтары болуы шарт. Астана қаласында бұл жағынан 150-ге жуық үлкенді-кішілі қызмет көрсету орындары бар, оның ішінде 50-ге тарта толық өндірістік орындар жұмыс жасайды.

- Бүгінгі таңда жарнама саласында қандай мәселелер бар? Қазақ тілді жарнамалардың ауқымы неге төмен?

- Бұл орта және шағын бизнестің бір түрі. Қоғамдық сұранысқа әркім өз әлінше жауап беріп жатқан жайы бар. Дегенмен, сақталып отырған басты мәселелердің бірі - жарнама заңдылығының сақталмауы. Әсіресе жарнама мәтініндегі тілдік норманың дұрыс қолданылмауы. Көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мемлекеттік тілде сол жағында, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағына орналасу қажет. Қажеттілігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Ал мұндай жағдайда қаріп өлшемі нормативті құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауы тиіс. Алайда, көп жағдайда бұл талаптар орындалмай қалып жатады. Сонымен бірге тапсырыс берушілер тарапынан жарнама мәтіні тек орыс тілінде ғана болсын дейтіндер де көп. Бұл біздің елде қалыптасып кеткен үрдіс. Тіпті қазір өзге шетел тілдерінде, қытай тілінде жарнама мәтіндерін жазып іліп қоятындар да пайда бола бастады. Ең өкініштісі шетелдік компаниялар тарапынан өтетін әртүрлі іс-шараларда орыс тілі және сол елдің тілімен жазылған плакаттардың тұратыны қынжылтады.

- Жарнама саласында көбінесе өзге ұлт өкілдерін жиі көзіміз шалады. Қазақ жастарының бұл салаға бетбұрысы қалай?

- Жарнама - бұл нәзік әрі күрделі салалардың бірі. Бұнда дизайнерлік көркемдік, техниканың сапалылығы және қызметкерлердің шеберлігі, білімділігі бәрі маңызды рөл атқарады. Бұл салада белсенді жұмыс жасап жатқан қазақ жастары көп, десе де, әлі де басымдылық өзге ұлт өкілдерінде екендігін мойындаймыз. Неге екенін білмеймін жастардың басым бөлігі өндірістік саладан көрі әкімшілік саладағы мамандықтарды көп таңдайды. Сосын жұмыс таппай жүреді. Ал біз секілді өндірістік компаниялар маман таппай жатады. Әсіресе қазақ тілді дизайнерлер өте аз. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдегі мәтіндерге сұраныс артып келеді. Соған сәйкес қазақ тілді дизайнерлерге сұраныс өте жоғары. Өкінішке орай біздің жастар жаңа технологияны меңгеруден көрі, жеңіл жолмен ақша табуға бейім турады. Жаһандану дәурінде бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз жаңа техникалардың тілін біліп, құлағында ойнауы керек. Сондықтан мен жастарды өндірістік саладағы мамандықтарды талдауға шақырамын. Елімізде өтіп жатқан ЭКСПО- 2017 көрмесі қарсаңында, отандық жарнама компанияларның жаңа технологиямен дайындалатын өнімдерді шығаруға әлі дайын емес екенін байқатты. Мысалы 3D форматындағы баспалар, планшетті басып шығару өнімдеріне болған сұранысты орындай алмадық. Бұл өнімдерді елімізге Қытай, Түркия секілді елдерде дайындап әкелуге тура келеді. Біз алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толықтырғымыз келеді.

- Сіз неден бастадыңыз, қазір қандай бағытта жұмыстар жасайсыз?

- Біз ең алғаш 7 жыл бұрын визитка жасаудан бастадық. Біртіндеп тапсырыстар алып, өзіміз жобалап, басқа цехтарға апарып шығарып алып жүрдік. Ақырындап клиент топтап, кейін өзіміз цехтар сатып алып, шығара бастадық. Осылай өндірісімізді кеңейттік. Әрбір істе табысқа жету үшін табандылық пен сабыр керек екенін түсіндім. Құдайға шүкір, бүгінгі таңда осы салада өз орнымызды таптық. Қоғамдағы түрлі іс-шараларға белсенді араласамыз. Биылғы елімізде өтіп жатқан айтулы шара ЭКСПО-2017-ге де мүмкіндігімізше қызмет көрсетіп, өз үлесімізді қостық.

- Өзіңіз айтып өткендей, елімізде әлем көз тіккен үлкен шара өтіп жатыр. Осы көрме қарсаңында сіздердің де жауапкершіліктеріңіз жоғары секілді?

- Әрине, сауатты да көркем жасалған, көздің жауын алатын әсем жарнамалар - қаламыздың сәні, болмысымыздың, қоғамдағы қазақ тілінің айнасы. Ұлттық бояуы қанық жарнамалар арқылы біз өз бет-бейнемізді көрсете аламыз. Осыны жарнама агенттіктері түсінуі керек. Әрбір ісіне жауапкершілікпен қарап, қаламыздың бет-бейнесіне, ана тіліміздің ақсамауына өз үлестерін қосуы керек деп білемін. Мүмкіндігінше азаматтарды мемлекеттік тілде жарнама беруге ынталандырса деймін. Мысалы біздің «ORDA-print» жарнама орталығы мереке, мейрамдар қарасаңында қазақ тілде визитка жасатқан адамдарға 50 пайыз жеңілдік, кейде тегін жасап беру секілді акциялар ұйымдастырып тұрады. Жарнама саласының араласпайтын тақырыбы жоқ, көшедегі кез келген маңдайша жазуы, әртүрлі баннерлер, ақпарат тақталарының ілінуіне осы сала тікелей қатысады. Кейде жарнама агенттіктерінің немқұрайлылығынан қаншама мемлекеттік тілдегі мәтіндер қате жазылып тұрады. Бұған, әрине, кез келген қарапайым адамның белсенділігі мен құзырлы орындардың араласуы қатты керек-ақ. Одан бөлек, әр жарнама агенттігінде сауатты аудармашылар болуы керек. Қуантарлық жағдай - осы бағытқа белсенді азаматтар түрлі әлеуметтік желілер арқылы қоғам назарын аударып, жарнама иесіне қателерін көрсетіп, түзетіп келеді. Осында ел мүддесіне бейжай қарамайтын азаматтар көп болса деймін.

- Отандық өнімді өзге елдерде жарнамалаудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

- Отандық өнімді жарнамалауда ең алдымен сол елдің әлем алдындағы имиджі өте маңызды. Елбасының жасап жатқан түрлі шаралары осы бағытқа оң серпін береді. Екіншіден, жарнаманы сол өнімнің әлеуетіне қарай ойластырған дұрыс. Нақтырақ айтқанда сіздің өніміңіз сол жарнама мәтініне толық жауап беретіндей сапалы болуы ең маңызды. Қазіргі таңда қазақстандық өнімдерге, әсіресе біздің жасыл өнімдерге сұраныс жоғары. Экономикасы дамыған елдердің бәрі денсаулыққа залалсыз өнімдерді қандай бағада болса да алуға дайын. Біз осы мүмкіндікті жақсы пайдалануымыз керек деп білемін.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор: Ризабек Нүсіпбекұлы, infotm.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер