Елжан Жұмахан: Қытайлар алыстағы Еуропаны біледі, іргесіндегі Қазақстанды танымайды - Атажұрт|04 Тамыз 2017, 16:48
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елжан Жұмахан: Қытайлар алыстағы Еуропаны біледі, іргесіндегі Қазақстанды танымайды Эксклюзив

Фото:

Еліміз тәуелсіздігін алған ширек ғасыр уақытта миллионнан аса қандасымыз атажұртқа оралды. Сол миллион ағайынның әрбірі өз мамандығы бойынша Қазақ елі үшін еңбек етіп жатқаны белгілі. Қытайдан келген қандасымыз Елжан Жұмахан болса Қазақстанның ішкі туризмінің дамуына үлес қосуды көздейді. Астанадағы «Explore Central Asia» туристік компаниясының тізгінін ұстап отырған кәсіпкер көрші ел Қытай қиырдағы Еуропаны жақсы білгенмен, іргедегі Қазақстанды танымайтынын айтады. Сондай-ақ, ол еліміздегі туристік орындардың қызмет көрсетуіне көңілі толмайтынын жеткізді.

Чунциндағы Southwest (Шинан) университетінің заң факультетін бітірген Елжан Жұмахан жұмыстағы ең алғашқы қадамын Гуанчжоу қаласындағы импорт және экспортпен айналысатын компанияда бастайды. 2010 жылы Қазақстанға қоныс аударған қандасымыз бас кезінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздықпен айналысады. Кейіннен жұбайы Жұлдыз Мұхтарханқызы екеуі шет тілдерін үйрету және туристік саланы дамыту бағытында жұмыс жасайтын «Panda» атты кәсіпорнын құрады. Бүгінгі күні «Explore Central Asia» туристік компаниясын басқарып отырған кәсіпкер Қазақстанды Қытайға танытуда қомақты жұмыстар істеп жатыпты.

«Қазіргі кезде жұбайым екеуіміз екі туристік фирманы жүргізіп отырмыз. Біз арқылы негізінен Қытай туристері ғана келеді. Ал олардың көбі Астана мен Алматыны көргісі келсе, кейі Орта Азия елдерін аралағанды ұнатады. Соған байланысты біздің «Ежелгі Жібек жолы» деген арнайы бағдарымыз бар. Астана қаласында қытай тілін жетік меңгерген 28 гид, Алматыда 10-ға тарта гид жұмыс жасайды. Алдағы уақытта еліміздің басқа облыстарына да мамандар тартуды көздеп отырмыз», - дейді «Explore Central Asia» туристік компаниясының директоры.

Ерлі-зайыпты қандсымыз басқарып отырған туристік фирмалар шетелдегі қандастарымызға да атажұртты таныстыру бойынша жұмыстар жасап жатқан көрінеді.

«Бізде қандастарымызға арналған арнайы бағдарлама болған. Былтыр Қытайдағы қазақ балаларын Қазақстанға әкеліп, Астананы және қаладағы рухани орталықтарды көрсеткенбіз, Бурабайға лагер ұйымдастырғанбыз. Бірақ Қытайдағы кейбір жағдайларға байланысты атажұртқа саяхаттап келетін қазақтардың қатары азайды. Алдағы жылдары бұл бағдарламаны жетілдіріп, шетелдегі қазақ балаларына арналған қысқа мерзімді үйірмелер ашып, олардың ана тілін меңгеріп, тарихымызды тануына, руханиятымыздан сусындауына мүмкіндік жасасақ деген ойдамыз», - дейді Елжан Жұмахан.

Туристік компанияның басшысы еліміздегі ішкі туризм саласының олқы тұстарын да тілге тиек етті.

«Қазақстанда туризм саласы енді дамып келе жатыр деп айтуға болады. Әсіресе саяхатшылар жол азабын көп көреді. Курорттық аймақтар мен шипажайлардағы қызмет көрсету жүйесі әлі сұранысқа сай емес. Біз келген қонақтарға ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрімізді көбірек көрсеткіміз келеді. Олардың ұлттық тағамдарға деген қызықушылығы жоғары, оның қалай дайындалатынын көргісі келеді. Алайда соны көрсететін адам таппай қиналатын кездеріміз болады», - дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, ақпараттың болмауы және туристер санының аз болуы себепті іргедегі көрші ел Қытайдың 90 пайызға жуық халқы Қазақстан туралы білмейді екен. Сондықтан да кәсіпорын басшысы саяхат саласын пайдаланып миллиардтар еліне Қазақстанды танытқысы келетінін айтады.

«Қазақстанды Қытайдағы 90 пайыз халық білмейді деп айтуға болады. Олар алыстағы Еуропаны жақсы біледі. Бірақ іргесіндегі Қазақстанды көп біле бермейді. Қазақстан десе Ауғанстан сияқты елдердің бірі деп ойлайды. Өйткені бұнда келетін адам аз, екіншіден ақпарат жоқ. Келіп жатқан кісілердің көбі әлемді аралаған, көзі ашық кісілер деп айтуға болады. Солардың өзі Астанада бір күн тұрған соң «Астана өте жақсы дамыған екен. Еуропада да мұндай қалалар аз кездеседі» деп таңданыстарын білдіріп жатады», - дейді қандасымыз.

«Explore Central Asia» туристік компаниясы елге шетелден инвесторларды тарту бойынша да қызметтер атқарып жатыпты.

«Келген кісілердің көздеген мақсаттары болады. Нағыз туристер аз деп ойлаймын. Көбі осы жақтан кәсіп көзін ашқысы келеді. Мысалы, біздің шақыртуымызбен Ши-аннан келген бір кәсіпкер Солтүстік Қазақстаннан Орта Азиядағы ең үлкен азық-түлік зауытын ашса, Шандуңнан келген бизнесменнің құрылыс компаниясы да жұмыс істеп жатыр. Ал биыл ЭКСПО әлемдік көрмесінің өтуіне орай Қытайдан келген туристердің саны бірнеше есеге артқаны анық. Біздің шақыруымызбен бір айда 7-8 туристік топ келеді, олардың құрамында 5-6 адамнан 50-60 адамға дейін турист болады», - дейді Елжан Жұмахан.

Видео: Абзал Қалиев


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер