BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Біз бірлестікті бөлінейік деп емес, бар қазақтың басын қосайық деп құрдық – Пернебаев

Астанада оралмандарды атажұртқа бейімдеуге және шеттен келген ағайынды елге қызмет еттіруге бағытталған «Тарихи атажұрт» атты жаңа қоғамдық бірлестік құрылып, «Atazhurt2050.kz» сайтының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігін Өзбекстаннан келген қандасымыз, Медицина академиясының ректоры Ғалым Пернебаев пен Моңғолиядан келген ақсақал Үзбен Құрманбайұлы бас болып құрған. Қоғамдық ұйым Елбасының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайындағы тапсырмаларын орындауға үлес қосу және атажұртқа келген ағайынды жаңа ортаға бейімдеу, алыстағы ағайынның Қазақстанмен қарым-қатынасын арттыру мақсатында көптеген жұмыстарды қолға алмақ. «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Үзбен Құрманбайұлы жақында бірлестіктің ұйымдастыруымен құрылтай өтіп, ақындар айтысы болатынын жеткізді.

Суретте: бірлестік басшылары мен БАҚ өкілдері

«Біз бұл қоғамдық ұйымды «оралман» деп бөлінеміз деп емес, бар қазақтың басын біріктіруге үлес қосамыз деп құрып отырмыз», - дейді «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалым Пернебаев.

ҚР Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға үлес қосуды да көздеген ұйым «Atazhurt2050.kz» сайтын ашып, ұлт құндылығын ұлықтайтын ақпараттармен бөлісуді қолға алып отыр. Аталған портал этникалық көші-қон тақырыбын тұрақты қаузап, қазақ тарихынан сыр шертетін тың дүниелерді оқырмандарына ұсынбақ.

«Біз бұл сайт арқылы тек қандастарымызға қатысты ақпаратты жариялап қана қоймай, қазақ тарихына қатысты тың деректермен «Тарих қоржыны» айдарын толтырып, «Әдебиет арнасын» шетелдегі қазақ әдебиетіне арнамақпыз», - дейді жаңа сайтты таныстырған «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігі директорының орынбасары Жәди Шәкенұлы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер