Алматыда әлем қазақ жастарының футбол турнирі өтуде - Атажұрт|19 Тамыз 2017, 13:39
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алматыда әлем қазақ жастарының футбол турнирі өтуде

Бүгін Алматыда әлем қазақ жастарының қатысуымен халықаралық футбол турнирі басталды. Әр елден жиналған қазақ футболшылары бұл жолы Алашорда құрылғандығының 100 жылдығына орай «Алаш» кубогына таласады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен үш жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан ала доп бәсекесіне бұл жолы Қытай, Иран, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей қатарлы елдерден 12 команда келіп қатысуда. Аяқ доп додасы екі күнге жалғасады. Жүлде қоры – 1 млн. теңге.

«Біздің бұл жарысты өткізудегі басты мақсатымыз – әлемнің әр түкпірінде жүрген және елімізге көшіп келіп әр аймақта қоныстанып еңбек етіп жатқан жастардың басын қосу, оларды береке-бірлікке, ел тәуелсіздігін ұлықтауға шақыру», - дейді ұйымдастырушылардың бірі, ақын Әділет Ахмет.

Турнирдің ашылуына «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талапбек Тынысбекұлы, Халықаралық адам капиталы институтының директоры Жанұзақ Әкім, «Жебеу» республикалық қоғамдық қорының президенті Омарәлі Әділбекұлы және әлем чемпионы Ардақ Назаров, продюсер Нұрбахыт Меллет қатысты. Жарысқа «Атой», «Алтай», «Алтын уақыт», «Бірлік-Керуен», «Береке», «Сауыр», «Сайын тех», «Дос», «Дастан», «Бесқала», «Көкжал», «Ерентау» сияқты командалар қатысып, бақ сынасуда.

«Біз биыл бұл турнирге екінші рет қатысып отырмыз. Былтыр жақсы орын алғанбыз. Биыл да жеңіс тұғырынан көрінуге күш саламыз. Шетелдегі қазақ жастарының басын осылай қосып, танысуымызға, араласуымызға мүмкіндік жасап жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», - дейді Өзбекстаннан келген «Бесқала» командасының капитаны Жәнібек Көптілеу.

Айта кетейік, шетелдегі зиялы жастарды атажұртқа тарту, оларды жаңа ортаға бейімдеу және әлем жастарының басын қосу мақсатында 2007 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігі бұған дейін де көптеген іс-шаралардың ұйтқысы болған.

Фото: Әділет АХМЕТ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер