Әлемдегі қазақ жастарының басын қосқан футбол турнирі өтеді - Атажұрт|17 Шілде 2017, 15:37
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әлемдегі қазақ жастарының басын қосқан футбол турнирі өтеді

Фото: vnd12.ru

Алматыда әлемдегі қазақ жастарының басын қосқан футбол турнирі өтеді. Биыл үшінші рет өткелі отырған доп додасына 10-ға тарта елден қазақ жастары келіп қатысады деп жоспарлануда, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен 19-21 тамыз аралығында өтетін аяқ доп бәсекесіне қазақ жастарынан құралған әуесқой футбол командалары қатысады.

«Біз бұл спорттық іс-шараны үшінші жыл қатарынан ұйымдастырып отырмыз. Оған шетелдердегі және атажұртқа оралған қазақ жастары қатыса алады. Өткен жылы «Ер Жәнібек» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен өткен «Ер жәнібек» кубогы жарысына Қазақстан, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Иран қатарлы елдерден 24 команда қатынасып, ойын көрсеткен болатын»,- дейді «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талапбек Тынысбекұлы.

Шетелдегі зиялы жастарды атажұртқа тарту, оларды жаңа ортаға бейімдеу және әлем жастарының басын қосу мақсатында 2007 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Жезбұйда» жастар қоғамдық бірлестігі бұған дейін де көптеген іс-шаралардың ұйтқысы болған.

«Шетелде сақталған қазақ өнерін Қазақстанда дамыту мақсатында біздің ұйым шетелден келген өнерпаздардан құрам тапқан «Қаражорға» өнер ұжымы арқылы еліміздің барлық облыстарында концерттік сапарларда болды. Атажұртқа оралған соң PhD докторлығы атағын алған әр сала мамандарының басын қосып, қазақ ғылымының дамуына, ғалымдардың бірігіп ғылыми жобалар жасауына мүмкіндік тудырып келеміз. Былтыр ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп, 25 жас ақынның қатысуымен «Атамекен – жыр әнім! Тәуелсіздік – ұраным!» атты жыр мүшәйрасын өткізген болатынбыз. Әдебиет, өнер саласын дамыту үшін біз тағы шетелдегі ақындардың жырларын топтастырып «Күреңбел» жыр жинағын, ақын Еркежан Бейсенбекқызының «Көктем қыздың ерніндегі күбірлер», күйші Дәлелхан Кәсімбайұлының «Әке арманы» жинағын, ақын Ержанат Байқабайұлының жыр жинағын дайындадық. Қазіргі таңда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында шетелден келген барлық ақындардың туған жер тақырыбындағы жырларынан құралған кітап баспаға дайындалуда»,- дейді ұйым басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер