BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.92
Астана:

Беларусь елінде тұратын қазақ: Бір қазақ көрсем қазақша сөйлесуге асығамын Эксклюзив

Фото: Ержан Жаубай

Ол Белорусь Республикасында тұратын қазақ. Минискте өмір сүріп жатқанына қырық жылдан асты. Негізгі мамандығы – денетәрбиесі мұғалімі. Бірақ ол қазақ күресінен белорусьстік балуандарды дайындайды. Ақсуатта өткен Ырғызбай Досханаұлы атындағы әлемдік гран-приге сол Беларусьтен балуандар алып келіпті. Осы орайды пайдаланып, Мұрат Төлешовпен бір-екі ауыз әңгімелесудің сәті түсті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Белорусь елінде 40 жылдан бері өмір сүріп келемін. Негізі мамандығым денешынықтыру мұғалімі. Осы жолғы сайысқа екі балуан алып келдім. Финалға шыға алмадық. Дегенмен осында келіп қатысып, Қазақ даласын көріп кетудің өзі үлкен ғанибет» - дейді қандасымыз.

Оның айтуына қарағанда Беларусь Республикасында нақты қанша қазақ өмір сүріп жатқандығы анық емес.

«Нақты қанша қазақ тұратынын нақты ешкім білмейді. Біздегі статистика бойынша 1-1,5 мың қазақ бар дейді. Ал мен Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайына келген кезде (2005 жылы) Қазақстандағы статистика бойынша 5000 қазақ бар деп естідім» - дейді Мұрат Төрешов.

Әлемдік «Қазақ күресі» федерациясының вице-президенті қырық жыл бұрын Беларуське қалай барғанын айтты.

«Сол жаққа оқуға бардым. Сол бойы сонда тұрақтап қалдым. Негізгі туған жерім – Түркіменстан. Қазіргі уақытта інім Жаңаөзенде тұрып жатыр. Анам – Адай руының Қосқұлақ тармағынан еді. Өзіміз Әлім ішінде Төртқарамыз» - дейді Мұрат Сәрсенбайұлы.

Мұрат ол елде қазақтардың көбі ғылыммен, кәсіпкерлікпен айналысатынын айтады.

«Онда тұратын қазақтардың біразы әскери қызмет атқарады. Себебі олардың аталары Отан соғысы кезінде сол Белорусь елінде тұрақтап қалғандар. Одан бөлек сол жақта оқып, мен секілді қызмет бабымен қалып қойған ғалымдар бар. Негізгі қазақтар – бизнесмендер. Инженерлік-техникалармен айналысатындар да көп. Әрине, елдегі барлық халық секілді ғылыми-техникамен шұғылданатындар да жоқ емес» - дейді қандасымыз.

Мұрат Сәрсенбайұлы Қазақстанға келгісі келеді. Бірақ сұраныс болуы керек деген пікірде.

«Маған кездескен адамдардың көбінің сұрайтыны осы. «Қазақстанға қашан көшіп келесіз?» - дейді. Мен оларға, «менде тәжірибе де бар, білім де бар, ұзақ жылғы еңбек өтілім де бар, мені шақырыңыздар, мен келейін» деймін. Кез келген салаға қызмет ету үшін келуге дайынмын. Жаттықтырушы, бизнес кеңесші, т.б. Ал шақыру болмаса, несін келемін? Шақырусыз келсең, «қырық жыл сол жақта жүріп, енді неге келдің?» дейтіндер табылады. Сұраныс болмаған жерде адамның қадірі де болмайды» - дейді ол.

Белорусь еліндегі аз қазақтың ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге деген ұстанымы көңіл қуантады. Бірақ орта жоқ.

«Тіл мәселесі қайда барсаң да алдыңнан шығады. Оны сақтап қалу үшін көп жұмыс істеу керек. Ондағы қазақтардың көбі Минискіде шоғырланған. 25 жылдан бері сондағы қазақтардың Ауған соғысы ардагерлер ұйымын басқарып келемін. Ал 2006 жылдан бері Белорусьтағы «Қазақ мәдени орталығы» құрылды, соны басқарамын. 2005 жылы Ауған соғысы ардагерлері ұйымына Белорусь Республикасындағы Қазақстан елшісі келіп, «қазақтардың басын қос, біз жәрдемдесейік» деген ұсыныс жасады. Ол жақта әр екі жылда бір рет ұлттық мәдениеттер фестивалі ұйымдастырылады. Бұған дейін оған қазақтар қатысқан емес. Елші солай деген соң мен бірден қазақтардың басын қосып, «Атамекен» деген қоғамдық бірлестік құрдық. Сол қоғамдық бірлестікті жаңағы ұлттық мәдениеттер фестиваліне қатыстырдым. Оның сыртында өзімнің «Достық-Дружба» деген қазақ мәдениетін дәріптейтін ассоциациям бар. Қазір осы екі ұйым ондағы қазақтардың мәдениеті мен ұлттық руханиятына қызмет атқарып келеді» - дейді Мұрат Сәрсенбайұлы.

Белорусь еліндегі қазақ жастарының ұлттық болмыста тәрбиеленуіне барлығы жауапты. Мұрат Төлешов қазіргі таңда жастардың жаттамалы дүниеге құмар болып, түп-тамырынан алыстап бара жатқанына алаңдаушылық білдірді.

«Жастар арасында тіл мәселесі болсын, ұлттық рухнаият болсын, бәрі де үйретпелі деңгейде ғана қалып отыр. Айтқаныңды жаттап алуы мүмкін, бірақ өздігінен талпынып, білсем дейтіндер аз. Бұл жерде сөздің ашығын айтар болсақ, шеттегі қазақтың рухани өміріне Қазақстан тарапы енді көңіл аудара бастады. Бұған дейін дәл қазіргідей, бесінші Құрылтайдан кейінгі уақыттағыдай көңіл бөліп, Елшіліктер қарқынды жұмыс жасағанда басқаша болар еді. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығына да жаңа басшылық, жаңа құрам келді, олардан да үлкен үміт күтеміз» - дейді қандасымыз.

Ол Президенттің бесінші Құрылтайда берген тапсырмасынан үлкен нәтиже күтеді. Әсіресе Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының шеттегі ғалымдарға, бизнесмендерге, әйгілі адамдарға көңіл аудара бастауы қуантатынын айтады.

«Қазіргі уақытта қауымдастық шетелде тұратын атақты қазақтарды іздей бастады. Өткенде сол ақпарат маған да келді. Бұл жақсы. Мен де ол кісілермен байланыс орнатуға даярмын. Тек барлығы шын жанашырлықпен жасалуы керек. Немкеттілік, жауапкершіліксіздік қашанда жақсылыққа апармайды. Осындайда Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің көбі өздері қызмет атқарып жатқан елде тұратын этникалық қазақтарды жанына жақын тартып, бауырмалдық таныта алмайды. Бұл дұрыс емес. Керісінше барлығына көңіл бөліп, шынымен өзінің қандасы, өз бауыры екенін танытып, Қазақстан деген арқа сүйер артында ел бар екенін танытып отырса деп ойлаймын» - дейді Мұрат Төлешов.

Ол отбасында қазақ тілінде сөйлеседі. Мүмкіндігінше балаларының Қазақстанда өмір сүргенін, олардың қазақы салт-дәстүрді, ұлттық болмысты берік ұстап өскенін қалайды.

«Балаларымды жастайынан қазақы болмыста тәрбиеледім. Ержетіп, есейгенше сол ұстаныммен өсті. Қазір әрқайсысы жеке-жеке үй болып кетті. Қазақы тәрбие тамырында бар болғанымен, күнделікті қолданыс аясы тар болғандықтан тұтыну мүмкіндігі азайып барады. Мен қырық жыл сонда тұрып келемін, бір қазақ көрсем қазақша сөйлесуге асығамын. Ал қазіргі жастарда ондай сезім жоққа тән. Бірлі-жарым қазақ тіліне, ұлттық болмысқа көңіл бөлетіндері болмаса, барлығы да күнделікті қолданыстағы тілді таңдайды. Ал қазақ тіліндегі әдеби кітаптарды мүмкіндігінше өзім алып барып тұрамын. Оның сыртында түрлі сайттар бар, қазақ тілін пайдалануға болатын жағдай да жасалған. Дегенмен күнделікті қолданбағандықтан, кітаптан оқып, сайттан үйренгеннен пайда аз» - дейді ол.

Шетте жүрген қазақтардың намысы мен ұлттық рухы, қазақ ұлты үшін намысқа тырысар намысқойлығы ерекше.

«Шетте жүрген қазақтың кез келгені намысшыл. Өздерін басқалардың басынғанын көтере алмайды. Ол өзінің тілін ұмытып қалуы немесе өзге тілде сөйлейтіндер көп болып, соған жұтылып кетуі мүмкін, бірақ ешқашан өзінің тегінде, рухында, болмысында қазақы қан ойнап тұрғанын ұмытпайды. Сондықтан да шетте жүріп Қазақ елінің сәл қуанышы болса мақтанып, сәл келеңсіздігі болса мұңаямыз. Кез келген уақытта қандай көмек керек болса да дайынбыз. Ең бастысы өз Атамекеніңе деген керексіздікті сезінуден артық қасірет жоқ. Алла содан сақтасын!» - деді қандасымыз сөз соңында.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер