BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.03 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Қазақстанның сыртқы саясаты: Президент басты жетістіктерді атады Эксклюзив

Астана, Baq.kz тілшісі. Бүгін – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні. Еліміздің басты мерекесімен құттықтаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты жетістіктерді атаған еді.

• Еліміз бүгінде әлемдік бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарында. Жаһан жұртшылығы Қазақстанды мойындап, сенімді серіктес ретінде таныды.

• Өңірлік проблемаларды шешу ісінде салиқалы саясат ұстанған біздің ұранымыз әрдайым татулық пен тұрақтылық болды. Қазіргі таңда мемлекетіміз халықаралық ұйымдардың бітімгерлік жұмыстарына белсене атсалысуда.

• ХХІ ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан жаңа белестерді бағындыруға кірісті. Биылғы қаңтар айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз – соның айқын дәлелі. Қазақстан екі жыл бойы осы Кеңестің тұрақты емес мүшесінің мәртебелі миссиясын атқарып келеді. Бейбітшілікті жақтайтын мемлекетіміз осылайша халықаралық қауымдастыққа кеңінен танылды.

• Біз салмақты әрі ашық саясатымыздың арқасында бүкіл халықаралық қауымдастықтың құрметіне ие болдық. Тәуелсіздік жылдары елімізге 300 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

• Біз өз өнімдерімізді әлемнің 110 елінің нарығына ұсыну арқылы экономиканың экспорттық әлеуетін біршама арттырдық.

• Көлік-логистикалық инфрақұрылымға құйылған инвестициялар Қазақстанды құрлықтық маңызы бар қуатты транзиттік хабқа айналдырды.

• Ашық әрі сындарлы сыртқы саясат бізге Қазақстанның әлемдік аренадағы позициясын күшейтуге көмектесті. Біз Орталық Азия мемлекеттерінің арасында алғашқы болып БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық еттік.

• Қазақстанның ұтымды бітімгерлік қызметі Астанадағы Сирия келіссөздерінің нәтижелілігіне ықпал етті.

• Ұлы көрші мемлекеттер – Ресей және Қытаймен стратегиялық әріптестігіміз өзгерген жоқ.

• Америка Құрама Штаттарына маңызды тарихи сапар жасадық. Бұл біздің әріптестік қарым-қатынасымыздың және елдер арасындағы іскерлік байланыстың нығаюына жаңа серпін берді.

• Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» форумында біз тағы бір мәрте Үлкен Еуразия идеясы туралы мәлімдеме жасадық. Үлкен Еуразия – Хельсинкиден Сингапурге және Лиссабоннан Сеулге дейінгі бейбітшілік, қауіпсіздік және сенім кеңістігі.

• Біз Еуразия экономикалық одағының қытайлық «Бір белдеу – бір жол» мегажобасымен тиімді тоғысуы үшін күш салып келе жатырмыз.

• Біздің Түркі және Ислам әлемімен көпжақты байланысымыз дәстүрлі түрде достық бағытта дамып келеді. Мәселен, Астанада өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуінде өңірлік ынтымақтастықтың жаңа перспективалары ашылды.

• Биылғы жыл - Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдаған Каспий маңы елдері үшін де табысты жыл болды. Нәтижесінде, Каспий – көрші мемлекеттердің және бейбіт өзара әрекеттестіктің аумағы мәртебесіне ие болды, ал біздің ел өз мемлекеттік шекарасын заңды тұрғыда рәсімдеу процесін толық аяқтап қалды.

• Біз Астана мерейтойы аясында шетелдік іскерлік орта үшін «Астана» Халықаралық қаржы орталығын іске қостық. Қаржы орталығының әріптестері – әлемдік нарықтағы көшбасшы компаниялар.

• Бұған қоса, биылғы жылы біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің инфрақұрылымдық мұрасы базасында «Астана хаб» халықаралық IT-стартаптар технопаркі мен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығын аштық.

• Барлық жетістіктердің негізі – қоғамдағы бірлік пен келісім. Сондықтан болар, қазақстандық этносаралық және конфессияаралық даму моделі еліміздің халықаралық брендіне айналып үлгерді. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне дүние жүзінің 45 мемлекетінен діни және саяси тұлғалардың қатысуы бекер емес. Бұл ерекше құрмет әрі қазіргі өркениет үшін аса сезімтал саладағы еліміздің көшбасшы ретіндегі жоғары беделінің белгісі.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі ресми өкілі Айбек Смадияровтың мәліметінше, еліміз тәуелсіздіктің 27 жылында әлемнің 184 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, Еуразия Экономикалық Одағы, Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Түркі Кеңесі сияқты беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті.

Бүгінгі таңда Қазақстан Орта және Таяу Шығыс елдері, Латын Америка, Кариб бассейні аумағы мен Африка құрлығындағы мемлекеттермен өзара әрекеттестікті біртіндеп орнатуда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер