BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елбасы Түркістан жайлы: Түркі жұртының рухани астанасы лайықты орнын алды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында айтты.

«Ел қуатты болмай, егемендік тұрақты болмайды» деген қанатты қағида бар халқымызда. Сондықтан, біздің мақсатымыз – айқын, бағытымыз – анық, мұратымыз – асқақ. Орнықты дамуға жол ашатын мемлекеттік бағдарламалар мен тың бастамалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, ел экономикасын жаңғыртуға бағытталған цифрландыру процесі қарқынды жүріп жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін «Бес әлеуметтік бастама» еліміздің дамуына оң серпін берді. Биылғы қазан айындағы Жолдауым азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыру мәселесіне арналды. Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің өзгеше моделін құруға қадам бастық», - деді Елбасы.

Президенттің айтуынша, қазіргі таңда ұлттық сананың жаңаруына тікелей ықпал ететін Үшінші жаңғырудың мәні зор.

«Соның аясында биыл Түркістан қаласы қайта түлеп, облыс орталығы мәртебесін иеленді. Ғасырларды жалғап келе жатқан түркі жұртының рухани астанасы лайықты орнын алды. Шырайлы Шымкент халқының саны бір миллионнан асып, еліміздегі үшінші мегаполис атанды. Сөйтіп, Алматы және Астана сияқты республикалық маңызы бар қалалардың қатарына қосылды», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздігіміз жарияланған 1991 жылғы 16 желтоқсан – ұлт шежіресінде алтын әріппен жазылған тарихи күн екенін атап өтті.

«Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азат елде ойы сергек, танымы терең жаңа буын өсіп-жетілді. Тоқсаныншы жылдары дүниеге келген балалар бүгінде азамат болып, мемлекетті дамытуға атсалыса бастады. Бұл кезеңдегі жас буын Қазақстан, Мәңгілік ел ұғымдарын жадына жаттап, түйсігіне тоқып өсті. Жуырда жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламда әлемдік өркениетке қосқан үлесімізді кеңінен атап көрсеттім. Жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу арқылы ел егемендігін баянды ете аламыз. Сонда ғана келешек ұрпағымыздың рухы биік болып, жан дүниесі жаңарады. Ұлттық код пен рухани жаңғырудың бір қыры осында деп білемін. Қазақстанның біртұтастығы, ұлтымыз бен жұртымыздың терең мәдениеті беделімізді биіктете түседі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер