BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.62 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.03 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Әшімбаев: Біз Ұлы далаға әлем назарын аударта білдік

Астана, BAQ.KZ. "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қазақстандықтарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

"Құрметті достар! Тағы бір жыл тарих қойнауына еніп барады. Дәл осы сәт – өткенге бір көз жүгіртіп, есеп беретін, болашаққа зер салып, бағыт-бағдарды бағамдайтын шақ.

Осы ретте біз, Қазақстан үшін 2018 жыл жетістіктерге толы болды деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі, барлық салада ілгері жылжып, экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани жаңғыруларды жүйелі түрде жалғастырдық.

Соның ішінен биыл ұлттық руханиятымыздың жаңа деңгейге көтерілгенін ерекше атап өткім келеді.

Шын мәнінде, Елбасы саясатының арқасында 2018 жыл қазақ үшін тарихи сананың жаңғырып, ұлттық болмыстың бояуы қалыңдай түскен жыл ретінде есте қалды. Өйткені, биыл ұлттық кодты сақтауда және тарихи санамыздың заманмен үндесе қалыптасуы жолында ауқымды жұмыстар атқардық.

Біз биыл тарихымызды танудың жаңа кезеңін бастап, Ұлы даламыздың әлемдік өркениеттегі орны мен оған қосқан үлесіне дүние жүзінің назарын аудара білдік. Қазіргідей жаһандану жағдайында мұндай қадамның ұлт, ел болып сақталып қалуға, тәуелсіздігімізді нығайтып, іргемізді одан әрі бекіте түсуге тигізер әсері зор.

Осындай елдік, ұлттық мүдде жолындағы игі істерде «Нұр Отан» партиясының да үлесі бар екенін атап өткен жөн. Партиямыз 2018 жылы Елбасы тапсырмаларын орындауда және ұлттық руханияттың өркендеуі жолында бірқатар жобаларды жүзеге асыра бастады.

Алдағы 2019 жылда да біздер, нұротандықтар, осы бағытта «бір жеңнен – қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс істейміз деп сенемін.

Жаңа жылда алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп болсын!

Баршаңызды жаңа 2019 жылмен шын жүректен құттықтай отырып, келер жыл әр қазақстандықтың отбасына шаттық пен қуаныш, ырыс пен береке әкелсін деп тілеймін. Жаңа жыл құтты болсын!" - деп құттықтады Мәулен Әшімбаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер