Фото: spid-vich.net
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бұрын ВИЧ инфекциясының таралуына жыныстық қатынасты табыс көзіне айналдырған адамдар себеп болады деп саналса, қазіргі уақытта қауіпті инфекция халықтың сау бөлігінде де тіркеліп жатыр. Бұл туралы Астана қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Абдраимов айтты.
«Биыл анықталған 150 адамның 79,4 пайызы ВИЧ инфекциясын жыныстық жолмен жұқтырған болса, оның 12,4 пайызы гомосексуализм арқылы жұқтырған. Астанада 4 жабық гей клуб бар, оның біреуі биыл жабылды. Біз сол клубтарға барып, оған барушылардан қан алып, тексеріп тұрамыз», - дейді бас дәрігер.
Астанаға әр өңірден жыныстық қатынас арқылы ақша табуға келетін адамдар бар екені жасырын емес.
«Әсіресе, көктем, жаз, күз мезгілінде осындай мақсатпен келетіндер көп. Сенбі, жексенбі және мерекелік күндері Қарағанды, Көкшетау, Павлодар жақтан жыныстық қатынас арқылы ақша табатындар келеді. Біз үкіметтік емес ұйымдармен, еріктілермен, Ішкі істер департаментімен бірігіп, осындай қызмет түрі көрсетілетін жаңа сауналар мен пәтерлерді анықтадық. Астана қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы еріктілер арқылы мүшеқап, шприц және ВИЧ инфекциясына қатысты ақпараттық материалдарды таратамыз. Үкіметтік емес ұйымдар еріктілерді байқау негізінде қабылдайды және оларға жалақы төлейді. Былтыр бізге көмек көрсететін 38 ерікті болса, биыл қосымша 45 ерікті қосылады деп жоспарлануда», - дейді Сәбит Абдраимов.
Бұған дейін Қазақстандағы ВИЧ инфекциясы ең көп тараған аймақтар туралы жазған болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!