BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

ВИЧ жұқтырған ананың тағдыры: Бұл дертпен жалғыз күресуге бел будым

Фото: www.mz.gov.kz

Республикалық СПИД орталығының мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын 1500-дей ВИЧ инфекциясын жұқтыру оқиғасы тіркеледі. Бұл сан жылдан жылға артпаса, азаймай отыр. Дертке шалдыққан жандардың жағдайынан хабардар болу үшін Астана қалалық СПИД орталығында ем қабылдаушылардың бірімен сұхбаттасуды жөн көрдік. Аты-жөнін жарияламауды сұраған кейіпкеріміз ВИЧ-ті қалай жұқтырғанын, қазіргі жағдайы туралы Baq.kz тілшісіне ашық әрі бүкпесіз баяндап берді.

«Бақыттың кілтін болашақ жарымнан іздедім»

«Маңдайға жазылған тағдырыңнан аспайсың» деген сөздің байыбына енді барғандаймын. Мен де ел сияқты бақытты болайыншы деп алға талпынған сайын құрдымға кетіп бара жатқанымды кеш байқадым. Тым кеш...» - деп бастады сөзін ол.

Жанар (аты-жөні өзгертілген – автор) соңғы рет қашан езуіне риясыз күлкі үйірілгенін білмейді. Оның балалық шағы бақытты болмаса да, болашақтан көп үміт күткен. Өмір ағысы ол күткендей болмай шықты…

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деуші еді ғой, іштей «Бәрі жақсы болады, мен де бір күн бақытты болармын» деп өзімді жігерлендіруші едім. Өзімді босқа үміттендіргенімді енді түсіндім. Мен үшін «Бақыт» деген әлемнің есігі әлдеқашан жабылып қалған екен. Өзім көп балалы отбасында тәрбиелендім. Ойласам, балалығым шалқып-тасып өтпепті. Арнайы білімім де жоқ. Мектептен кейін әр мекемеде еден жуушы болып жұмыс істедім. Сол кезде қазіргі күйеуімді кездестіріп, оған тұрмысқа шықтым. Ел сияқты ұлан-асыр той да жасамадық, ол үшін қапа болған жоқпын. Бастысы – бақытты болу деп ойладым», - дейді ол.

«Балалы болу бақыты бұйырмады»

Ол тұрмысқа шыққаннан кейін бақытты болу арманы орындалмай, басынан бақ тайған.

«Бірақ Алла бізге бақытты болуды жазбаған екен. Шаңырақ құрғанымызға қаншама жыл болса да, біз балалы бола алмадық. Дәрігерлердің тексеруінен өтіп едім, олар кінәрат күйеуімде екенін айтты. Мұндай жағымсыз жаңалықты естіген жолдасым ол ішімдікке салынып кетті. Ішімдікке құмар адам қайбір дұрыс болушы еді, үйімізде күнде ұрыс-керіс болды. Қолыма уыстап ақша ұстап көрмедім, елдің әйелі сияқты жылтырап киінген кезім де болмады. Араққа сылқия тойып алып, қиралаңдап келе жатқан күйеуімнің жолын торуылдаумен өмірім өтіп жатты...» - дейді кейіпкер.

«Үміт отын сыйлар деп ұл асырап алдым»

Өмірлік серігіне үміт отын сыйлағысы келген ол ары ойланып, бері ойланып, ақыры туған сіңлісінің баласын асырап алады. Жұбайлар артынан бала ерсін деген ниетпен атын ырымдап «Ерсін» деп атапты.

«Беске толған Ерсінім қазір өзіме серік болып қалды. Бірақ, Алладан бір, адамнан бір сұрап алған ұлымыздың болашағы жаныма батады. Оған бақытты балалық шақ сыйлап, тату отбасы болсақ деген арманымның күлі көкке ұшты...» - дейді ол.

«Айықпас дертке шалдықтық»

Оның айтуынша, ішімдікке салынған күйеуі есірткінің де дәмін татқан көрінеді. Тіпті жақында ғана қатты науқастанып, ауруханаға түскен.

«Сол күні мен өзімнің ең сорлы әйел екенімді білдім. Дәрігерлер күйеуімді «туберкулез дертін емдеу орталығына» жатқызды. Онда ұзақ емделетінін айтты. Іс мұнымен біте қойса жақсы ғой, бірақ... Жығылғанға жұдырық, жолдасымның СПИД жұқтырғаны да анықталды. Мені де тексеруден өткізіп, менің де жұқтырып алғаным белгілі болды. Бұл дерттің құрығына қашан ілінгенімізді де білмейміз. Тағдырдың осыншалықты қатал екенін білмеппін. «Енді жалғызымның күні не болмақ?» дегенді ойлап түнде ұйқымнан оянам. Бар-жоғы бес жастағы кінәсіз періште ғой. Соңғы уақытта ол «Әкем қайда?» деп жиі сұрайтын болды. Ал мен оның әкесінің түрін көрмек түгіл, атын естігім де келмейді. Одан қайран бар ма? Уақыт артқа шегінбейді», - деп кейіді Айжан.

«Бар үмітім – баламда»

Ол өткенге өкінгеннен ештеңе өзгермейтінін айтып, өзіне қол жұмсағысы келген сәттер болғанын жасырмады. Ішкі шерін ақтарамын деп ішімдік ішіп, қайғысын ұмыту жолдарын іздеген кездерін есіне алды.

«Осындай сәттердің бәрінде кішкентай Ерсінім есімді жиғызды. Ендігі өмірім баламмен ғана байланысты. Ұлым үшін ем-дом қабылдап, балама жұқтырып алмау үшін өзімді қатаң бақылауда ұстаймын. Басында маңайына барғым келмейтін Астанадағы СПИД орталығы енді менің екінші үйіме айналды. Ондағы дәрігерлердің айтуынша, өзімді күтсем, дәрілерімді уақытылы ішіп отырсам, баламның ер жетіп, есейгенін көретін мүмкіндігім бар екен. Сол себепті қалған ғұмырымды балама арнап, соның амандығын тілеумін», - дейді ол.

Жанардың дерті туралы жақындары бейхабар. Ол мұндай жаман хабар естіген туыстары өзін құшақ жая қарсы алып, түсіністікпен қарамайтынын біледі.

«Шешімі жоқ, емі жоқ қазіргі менің жағдайыма демеу болар бір жан болса, ол – Ерсінім. Етек-жеңін жинап, өсіп келе жатқан балама да ертең осының бәрін бетіме басып, саусақпен көрсетпесіне кім кепіл? Қатал тағдырмен жалғыз күресуге бел будым. Мүмкін менен де қате болған шығар, адам өз мінін көрмейді ғой», - деп ол жан сырын ақтарды.

Фотосуреттер: politpuzzle.ru, norma.uz, consularvisa.info

Материал Астана қалалық СПИД орталығының баспасөз қызметімен бірлесе дайындалды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер