«Шипажай-2017» ІІ халықаралық форумы өтеді - Ұлт саулығы|19 Сәуір 2017, 14:26
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

«Шипажай-2017» ІІ халықаралық форумы өтеді

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Шипажай-2017» халықаралық ғылыми-практикалық форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті Істері Бсқармасы Медициналық орталығының басшысы Валерий Бенберин мәлімдеді, дейді BAQ.kz тілшісі.

Шараны ҚР Президенті Істері Басқармасының Медициналық орталығы ҚР Ұлттық Курорттық Қауымдастығымен бірлесе отырып, 20-21 сәуірде «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру орталығында өткізеді. Аталмыш Форум «Оқжетпес» шипажайының құрылуының 50 жылдығына арналмақ.

«Форум аясында курорт ісінің менеджменті, Қазақстан шипажайларын аккредитациялау, шипажай-курорттық ұйымдарды дамыту, курортология дәстүрін сақтау және көбейту, курорт ісі мамандарының кәсіби білімін арттыру сияқты бағыттарды қосатын конференциялар, ғылыми семинарлар, дөңгелек үстел өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар жиында Қазақстанның әр түрлі өңірлерінен және шетелдерден келген ірі ғылыми-зерттеу институттарының, медициналық оңалту орталықтарының, шипажай-курорттық мекемелерінің өкілдері сөз сөйлейтін болады. Форум жұмысына медициналық оңалу, кардиология, урология, онкология, гинекология, курортология, физиотерапия, емдік дене шынықтыру және массаж саласындағы Германиядан, Чехиядан, Италиядан, Ресейден келген жетекші мамандар қатысады. Басқосу аясында сондай-ақ, шипажай-курорттық ұйымдардың және фармацевтикалық өнім өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылып, «Қазақстан Республикасындағы курортология мәселелері» атты ғылыми-практикалық және ақпараттық журналдың алғашқы нөмірі шығарылады» - деді Валерий Бенберин.

«Шипажай-2017» Форумы – курорттық және қалпына келтіру медицинасы саласындағы қазіргі жетістіктерді, сондай-ақ сауықтырудың жаңа технологияларының алдағы әзірлемелерін ұсына отырып, іскерлі байланыстарды дамыту және шипажай-курорттық емдеудің, медициналық оңалтудың, спорттық медицинаның, курорттық бизнес индустриясының қазіргі технологияларын дамытуда тәжірибе алмасу үшін бірегей пікірталас алаңы болмақ.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер