Астана. 27 ақпан. Baq.kz – Шымкентте насыбайға құмартқан мектеп оқушыларының саны артты. Мұны облыстық наркологиялық диспансердің дәрігерлері мәлімдеп отыр. Айтуларынша, жасөспірімдер шылымға қаншалықты тәуелді болса, шақшаға да әуесі анағұрлым артқан деп хабарлайды Otyrar.kz.
Жасыл түсті, зияны көп насыбайдың бағасы арзан. Құмарлықтың құлы болғандар үшін бұл шақша қолжетімділігімен де баурап жүр. Ал, нарколог мамандар дабыл қағуға кірісті. Мәлім болғанындай, шымкенттік мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің көбі насыбай тұтынушыларының қатарын толықтырған.
Раушан Баймұрынова, облыстық наркологиялық диспансерінің жоғары санатты дәрігер-наркологы:
- Жасөспірімдер алғашында қызығады. Қызығып жүріп 1 рет болса да қолданады. Содан тәуелділік пайда болады. Енді ғана жетілген ағзаны насыбай жаулап, жеткіншектің психикасына үлкен залал тигізеді. Қазіргі кезде насыбайға темекі шөптерінің қалдықтары мен үйді әктейтін әк қосылады. Күл, түйенің, тауықтың қиы және техникалық май қосылады.
Дәрігерлер бұл зиянкесті тұтынудың соңы үлкен қауіпке әкелетінін қатаң ескертіп отыр. Насыбайға құмартудың соңы қатерлі ісікке де ұрындыруы мүмкін. Нарколог мамандардың жуырда жүргізген зерттеулеріне сенсек, темекі тұқылын қоспағанда тауық және түйе қиының құрамында наркологиялық заттар бар екені анықталыпты.
Әзірге Қазақстанда насыбай сатуға ресми түрде шектеу қойылмаған. Сондықтан базарларда жасыл шақшаның саудасы қызу жүріп жатыр. Талғам да кең, түр-түрін кездестіресіз. Тұтынушы үшін «Сайрамдық бомба», «Көк қалта» деген түрлері де ұсынылған.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!