Сақтандыру жүйесі дәрі-дәрмек бағасын реттейді – Е.Байжүнісов - Ұлт саулығы|29 Наурыз 2017, 17:13
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Сақтандыру жүйесі дәрі-дәрмек бағасын реттейді – Е.Байжүнісов

Сақтандыру қоры емханалармен келісімшарт бекітіп, дәрі-дәрмектің бағасын белгілейді. Баға барлық жерде бірдей болады. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ерік Байжүнісов Baq.kz тілшісіне берген сұқбатында айтты.

«Сақтандыру аясында медициналық көмекті мемлекеттік қана емес, жекеменшік мекемелер де көрсете алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында Қормен келісімшарт бекіткен медициналық ұйымдардың тізімі жарияланады. Сақтандыру жүйесі медициналық мекемелер арасында бәсекелестік тудырады, сондықтан ол керек. Қазір әр аймақта көз дәрігерлері, тіс дәрігерлері, гинеколог мамандар мен тағы басқа жеке кабинеттер көптеп ашылып жатыр. Сол көмектің барлығы халыққа қолжетімді болуы керек. Ал сақтандыру жүйесі солардың барлығына ортақ нарыққа кіруге, азаматтарға қалаған медициналық ұйымда емделуіне мүмкіндік береді», - деді Байжүнісов.

Маманның айтуынша, сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін Қор әр емханаға оған тіркелген адамдардың саны бойынша қаржы бөледі. Адам тіркелмейінше, мекеме қаржы ала алмайды. Яғни, медициналық ұйымның табысы пациенттер саны мен көрсетілген қызметтің сапасына байланысты болады.

«Ал, стационар бойынша біздің қазіргі принципіміз – науқас емханаға жатып, емделіп шыққаннан кейін емге жұмсалған қаржыны ғана төлейміз. Бұрынғыдай аурухананың көлемі мен сыйымдылығына қарамаймыз. Бұл принциптердің заманы өткен», - деді басқарушы директор.

Сондай-ақ, Ерік Байжүнісов сақтандыру жүйесі қазіргі кезде бағасы шарықтап кеткен дәрі-дәрмек проблемасын реттеуге ықпал ететінін айтады.

«Мемлекет бұрынғыдай халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмек тізімін жасайды. Тегін дәрілердің тізімі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті шеңберінде сақталып қалады және алдағы уақытта біршама кеңейтіледі. Коммерциялық клиника дәрігері жазып берген дәрі-дәрмектің құны сол клиника мен Қор арасында келісімшарт бекітілген жағдайда ғана өтеледі. Алдағы уақытта МӘМС қоры келісімшарттар бекітіп, онда дәрі-дәрмектің бағасын белгілейді. Баға барлық жерде бірдей болмақ. Осы баға негізінде дәріні дәрігердің рецепті бойынша МӘМС қорымен келісімшарт бекіткен дәріханадан сатып алуға болады. Дәрі-дәрмек бағасы оңтайландыру нәтижесінде төмендеуі тиіс. Осыдан кейін дәрілерді жекеменшік дәріханалардан алып үйренген азаматтар баға айырмашылығын айқын сезінері хақ», - деп қорытындылады Е.Байжүнісов.

Біз бұған дейін азаматтардың МӘМС пакеті шеңберінде қандай көмек ала алатынын хабарлаған болатынбыз.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың қаңтарында әлеуметтік осал топтар үшін мемлекет жарна төлей бастайды. Осы кезеңнен бастап жұмыс берушілер де жұмыскерлері үшін жарна төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарнаны 2018 жылдың 1 қаңтарынан төлесе, 2019 жылдың 1 қаңтарында жұмыскерлердің өздері жарна төлей бастайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер