Жұмыс берушілер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жарна төлеген жағдайда, бұл ұжымның жалақысына әсер етпеуі керек. Бұл туралы Baq.kz тілшісіне берген сұқбатында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директор Ерік Байжүнісов айтты.
«2019 жылдан бастап жұмыс істейтін азаматтардың жарнасы жалақыдан ұсталады. Оған дейін, яғни, 2017 жылдың шілдесінен бастап олар үшін жұмыс берушілер ғана төлейді. Бұл жұмысшылардың жалақысына әсер етпеуі тиіс. Егер заң талаптары бұзылған жағдайда жұмысшылар салық органдарына шағымдануына болады», - деді Е.Байжүнісов.
Маман жарнаны төлеу тәртібімен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекет жарнаны ҚР Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті арқылы төлесе, жұмыс берушілер, жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер ЕДБ мен Қазпошта арқылы төлейді. Қаржы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, әрі қарай Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлттық банктегі шотына түседі. Ал, қор қаржыны медициналық қызмет көрсеткен мекемелер мен емханаларға аударып отырады.
«Төлем кезінде алынатын комиссияны жарна төлеген азаматтың (мемлекет, жұмыс беруші және т.б) өзі төлейді», - деп қорытындылады басқарушы директор.
Сақтандыру жарнасының көлеміне келсек, жұмыс берушілер Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап төмендегі мөлшерде жарна төлей бастайды:
2017 жылдың 1-шілдесінен бастап – әр жұмыскердің табысының 1%,
2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап – 1,5%,
2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап – 2%,
2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап – 3% көлемінде.
Сонымен қатар, 2017 жылдың 1-шілдесінен бастап жеке кәсіпкерлер 2 ең төменгі жалақының 5 пайызы көлемінде жарна төлейді. Қазір төменгі жалақы 24 459 теңгені құрайтынын ескерсек, кәсіпкер төлейтін ай сайынғы сома 2828 теңгені құрамақ.
Халықтың экономикалық белсенділігі төмен бөлігі төлейтін ай сайынғы жарна – ең төменгі жалақының 5 пайызын (1414 теңге) құрамақ. Олар 2018 жылдың қаңтарынан бастап төлейді. Осы уақыттан бастап әлеуметтік жағынан аз қорғалған 15 санаттағы азаматтар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Бұл санатта жұмыссыздар да бар.
Ал 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап жұмыскерлер жалақысынан 1 пайыз, 2020 жылдан бастап 2% көлемінде жарна төлейді.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!