Сақтандыру аясында азаматтар емханаға қалай тiркеле алады? - Ұлт саулығы|05 Сәуір 2017, 17:58
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Сақтандыру аясында азаматтар емханаға қалай тiркеле алады?

Фото: finance.bigmir.net

Биылғы жылдың шiлдесiнде медициналық сақтандыру енгiзiлетiнi баршаға мәлiм. Осыған орай, азаматтарды емханаға тiркеу науқаны басталды. ҚР ДСМ Медициналық көмектi ұйымдастыру департаментiнiң директоры Ажар Төлеғалиева ОКҚ брифингi барысында емханаға тiркелу жолдарын түсiндiрiп бердi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Қазақстанда бүгiн «Емханаға тiркел де, мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiндегi өз мәртебеңдi анықта» науқаны басталды. Яғни, бүгiннен бастап елiмiздiң әр азаматы емхананың тiркеу бөлiмiне хабарласып, сол мекемеге тiркелген-тiркелмегенiн және сақтандыру жүйесiндегi мәртебесiн анықтай алады. Сондай-ақ, олар бұл жайында egov.kz арқылы да бiле алады. Дегенмен, сақтандыру жүйесi азаматтарға тұрғылықты мекенжайына қарамай, қалаған емханасына тiркелуге мүмкiндiк беретiндiгiн ескерсек, басқа мекемеге тiркелгiсi келетiндердiң қарасы көп болатындығы анық.

«Таңдаған емханаға тiркелу үшiн азаматтар мекемеге жеке куәлiкпен келiп, бас дәрiгердiң атына өтiнiш жазуы қажет. Өтiнiштi қабылдау барысында адамдардан ешқандай мекенжай анықтамасы талап етiлмейдi. Тiркеу өтiнiш түскен күнi жүзеге асырылады», - дедi А.Төлеғалиева.

Маманның айтуынша, емханаға интернет арқылы да тiркелуге болады. Ол үшiн «Электронды үкiмет» (egov.kz) порталы арқылы электронды құжат түрiнде азаматтың мәлiметтерiн көрсете отырып, сұрау салу қажет.

«Емханадағы жауапты қызметкер электронды сұрау салуды тиiстi ақпараттық жүйелерден алады және тiркеу туралы талонды электронды түрде рәсiмдейдi. Тiркелу туралы ақпаратты egov.kz порталындағы «Емхананы таңда» бөлiмiнен анықтауға болады», - дейдi Ажар Төлеғалиева.

Маман азаматтар тек бiр емханада тiркеле алатындығын, бiр уақытта бiрнеше емханада тiркелу мүмкiн емес екендiгiн айтты.

2017 жылғы қаңтардағы Денсаулық сақтау министрлiгiнiң мәлiметiне сәйкес, 17 млн 635 мың 937 адам базада тiркелген. Оның 6 млн жуығы – 18 жасқа дейiнгi балалар, 9,6 миллионы – 60 жасқа дейiнгi жұмысқа белсендi азаматтар, ал 2 миллионы – 60 жас және одан жоғары егде жастағы адамдар.

Естеріңізге сала кетсек, 2018 жылдың қаңтарында мемлекет әлеуметтік жағынан аз қорғалған 14 санаттағы азаматтар үшін жарна төлей бастайды. Осы кезеңнен бастап жұмыс берушілер де жұмыскерлері үшін жарна төлейді. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жарнаны 2018 жылдың 1 қаңтарынан төлесе, 2019 жылдың 1 қаңтарында жұмыскерлердің өздері жарна төлей бастайды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер