ОҚО-да бір аптада 140 мыңнан аса адам емханаға тіркелді - Ұлт саулығы|22 Сәуір 2017, 14:19
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

ОҚО-да бір аптада 140 мыңнан аса адам емханаға тіркелді

Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен алынды

ОҚО-да бір аптада 140 мыңнан астам адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тіркелді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оңтүстік Қазақстан облысында «Емханаға тіркел де, МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы аясында бір аптаның ішінде 140 мыңнан астам азамат тіркелген. Емханаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша жаппай тіркелуге денсаулық сақтау қызметкерлері тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр. Сала мамандары осы соңғы екі аптада аула-аулаларды аралап 500 мыңнан астам тұрғынды қамтыған кездесулер өткізіп, әрбір тұрғынға өзі таңдаған және тұрғылықты мекеніне мүмкіндігінше жақын орналасқан емханаға барып тіркелуі керектігін айтып жеткізді.

Түсіндіру жұмыстары бұдан әрі де жалғасын таппақ. Өйткені, осы жылдың 1 шілдесінен әрбір азамат сақтандыру қорына жарна төлеуге міндетті. Егер жарна төленбеген жағдайда мемлекет тегін медициналық көмектің кепілді түріне ғана кепілдік береді. Бүгін осы акция барысында облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамалов Шымкент қалалық №3 емханаға барып тіркеліп, мәртебесін анықтады. Сонымен қатар ол емхананың тыныс-тіршілігімен танысып, оңтүстікқазақстандықтарды 31 маусымға дейін емханаларына барып тіркеліп, мәртебесін анықтауға шақырды.

«Бұған дейін мен Алматы қаласында тұрғанмын. Қазір қызмет барысымен Шымкентке қоныс аударуыма байланысты осы емханаға тіркелдім. Еш қиындығы жоқ, өздеріңіз көргендей барлық жағдай жасалған. Елімізде келер жылдан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң күшіне ене бастайды. Соған байланысты әрбір қазақстандықтың мәртебесін анықтау маңызды. Сол мақсатта елімізде 5 сәуірден бастап, «Емханаға тіркел де МӘМС жүйесіндегі өз мәртебеңді анықта!» акциясы жүріп жатыр. Осы мүмкіндікті пайдаланып, оңтүстікқазақстандықтарды өзі таңдаған емханаға тіркелуге шақырамын», – деді Б.Жамалов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер