Медицина мамандары оқушылармен кездесті - Ұлт саулығы|24 Ақпан 2014, 09:24
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Медицина мамандары оқушылармен кездесті

Астана. 24 ақпан. Baq.kz - 21 ақпанда Республикалық білім мен дағдыны бағалау орталығы мамандары мен қазақ-түрік лицейі оқушыларының кездесуі өтті. Мақсаты- жастарды кәсіби бағдарлау, денсаулық сақтау саласына баулу 

Орталық мамандары еркін әңгіме барысында оқушыларға медициналық мамандықтың маңыздылығы жөнінде айтып берді, қалай жедел жәрдем беру қажеттігін көрсетіп, лицей оқушыларының сауалдарына жауап берді.
Кездесу орталық директоры Гүлмира Жангерееваның сөзімен ашылды. Ол оқушыларға мекеменің қызметі жөнінде біраз мағлұмат берді, кездесудің маңыздылығын атап өтті. Айта кетейік, орталықтың мақсаты денсаулық сақтау саласы мамандарын тәуелсіз бағалау арқылы медициналық қызметтің сапасын жақсарту. Ал медициналық қатарды білімді жастармен толықтыру – алға қойылған мақсаттың орындалуына септеседі, саланың кадрлық әлеуетін жетілдіреді.
Семинардың тәжірибелік бөлімі жүректің кенеттен тоқтауы мен тыныс алудың, қан айналымының бұзылуы кезінде жедел көмек көрсетуді үйрететін көрнекі іс-шаралардан құралды. Симуляциялық құралда жүрек-өкпе реанимациясы дағдысын өз бетінше қалыптастыруға және дебрифинг түрінде жіберілген қателіктерге сараптама жасауға мүмкіндік беру жастардың қызығушылығын тудырды.
Кездесу соңында денсаулық сақтаудағы білім беру, медициналық қызметтің тәжірибелік бірізділігі, оқу барысындағы оқушылардың жауапкершілігі мен дербестігі, болашақ кәсіби және әлеуметтік өмірге дайындық мәселелері талқыланды.
Кездесуге қатысушылар мұндай іс-шараларды өткізудің маңыздылығы жөнінде ойларымен бөлісті. Себебі балалар-елдің болашағы. Оларды тәрбиелеу - мектеп пен ата-ана шаруасы ғана емес, бұл мемлекеттік маңызы бар іс, қоғамдық жауапкершілік.
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер