Фото: Автор
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде елімізде шетелден тағлымдамадан өтіп келіп, медицинаның түрлі саласының жандануына үлесін қосып жүргендер аз емес. Солардың бірі уролог-дәрігер, «Болашақ» халықаралық бағдарламасының түлегі Бахтияр Қасымов. Агенттіктің тілшісі сұхбат алуға барғанда дәрігердің қолы операциядан енді босап жатыр екен. Бахтияр Қасымовпен «Болашақ» бағдарламасы, урология саласына деген қазақстандықтардың көзқарасы туралы әңгіме тарқаттық.
- «Болашақ» бағдарламасы туралы қайдан естіп-білдіңіз?
- Астана медициналық университетін бітірген соң урология мамандығы бойынша интератураны аяқтадым. «Болашақ» бағдарламасы туралы маған дейін осы бағдарламамен медицина саласы бойынша тағылымдамадан өткен достарым айтты. Олар «байқап көрмедің бе, саған қажет дүние» деп тапсыруға үгіттеді. Расында, Қазақстан медицинасы қарқынды түрде алға жылжып келеді. Қажетті құрал-жабдықтардың, дәрі-препараттардың да бәрі бізде бар. Медициналық әртүрлі орталығымыз да жетерлік. Елімізде басты проблема ол кадрлар дайындау болған соң дәрігерлердің де тағылымдамадан өте алатынын біліп, осы бағдарламаға қатыстым.
- Неге тағылымдамадан өтуді таңдадыңыз?
- Тағылымдаманың артықшылығы – оқу мерзімі ең көп дегенде бір жыл және барған орталығыңда өз мамандығың бойынша физикалық жұмыс істейсің. Ал магистратура мен докторантурада көбінесе зерттеу жұмысымен шұғылданасың. Мен де, әріптестерім де хирург ретінде барлық озық операцияларға қатысып, барған орталықтарымызда тағылымдамадан өткенінімізге қуаныштымыз.
2014 жылы Тель-Авивтегі Лапароскопиялық және Эндоскопиялық Урология университетінің Эдит Вольсфон клиникасынан тағылымдамадан өту бағдарламасына түстім. Алдыңғы қатарлы урология бөлімінде бір жыл оқыдым. Орталық қызметкерлері Америка, Еуропа урологтар ассоциациясы өткізетін, Израилде өтетін конгресс, конференцияларға қатысады және баяндамаларын жіберіп, материалдары атақты журналдарда жарық көреді. Мен барған үлкен орталықта пациенттер үзілмейтін. Жүйе басқаша. Келген пациентті қабылдап алған дәрігер оны толық жазылғанша қарамайды. Хиургиялық стационарды мысалға алсақ, алдымен пациентке қажетті операция жасалады. Ол 3-5 күн стационарда болады, сосын оңалту бөлімінде әрі қарай ем алады.
- Израиль медицинасының тағы қандай ерекшеліктері бар?
- Израильдегі әріптестеріміз заң бойынша жүреді. Жұмыс кезінде шектен шығуға, тездетіп бітіру үшін біреуге өтініш жасауға не көмек сұрауға болмайды. Бәрі заңдарын жақсы көреді және сақтайды. Бұл маған қалай әсер етті десеңіз, айтып берейін. Стажерді қабылдап алған бөлім оны операцияға жіберуге болатыны туралы Израиль денсаулық сақтау министрлігінен қорытынды құжаттың келгенін күтеді. Мен бара салысымен құжаттарымды министрлікке жібердім. Министрлік құжатты тура үш ай қарайды. Оған дейін қорытындының келгенін тағатсыздана күтесің. Орталық дәрігерлеріне «Операцияға қатысайыншы, өтінемін, ешкімге айтпаймын», - десең де, олар құжат келмейінше мұның мүмкін емесін айтады. Оқуға кетпестен бұрын денің сау, вирус жұқтырмағаның туралы және басқа да анықтамаң болса да мұнда заң бойынша құжаттың келгенін күтесің. Тура үш айдан кейін, қараша соңында бөлім меңгерушісі мені өзіне шақырып «Бахтияр, құттықтаймын, сіз пациенттерге консультация беріп қана қоймай, енді өз қолыңызбен операция жасайтын боласыз» деді. Қатты қуанғаным сонша алғысымды айтқан соң «бүгін операцияға қатыссам бола ма?» деп сұрадым (күліп). Қалған 9 айда барлық мүмкін операцияларға, диагностикалық тексерулерге, жалпы менің мамандығыма қатысы бар шаралардан қалмауға тырыстым.
- Тағылымдама кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма?
- Бір жыл өте өнімді өтті. Әрдайым бәрі жеңіл бола бермейді, тұрмыстық проблемалар болды, бірақ ол уақытша еді. Израиль өте жағымды ел. Қыста үш ай жаңбыр жауатыны болмаса, климаты жақсы. Тағылымдаманы сәтті аяқтағаннан кейін бізге сертификат берді. Мен болған орталықта дәрігерлермен кедергі болған жоқ. Бөлімдегі бес дәрігердің төртеуі посткеңестік елдерден шыққан соң орысша жақсы білді. Орыс тілі бізді қатты біріктірді. Тағылымдамадан соң әлемде бар алдыңғы эндоскопиялық, лапароскопиялық операцияларды өз клиникамызда жасау мүмкін болды. Елге келген соң бағдарлама шарты бойынша үш жыл жұмыс істеу керек. 2015 жылдан бастап үш жыл медицинамыз бен урологияны дамыту үшін жұмыс істеп, қуана-қуана өз борышымды өтедім. «Болашақ» бағдарламасы өзін дамытқысы келетін жастарға осындай орталықтарға барып, озық операцияларды көзбен көруге мүмкіндік берді. Мың рет оқып, мың рет әртүрлі видео көргеннен операцияны сол жерге барып көру, қолмен жасау мен үшін әлдеқайда маңызды болды.
- Қазақстанда урология саласының потенциалы қандай?
- Урология потенциалы өте жоғары, ол да басқа салалар секілді шектеліп қалмайды, алға жылжып отырады. Қазір әлемнің бірқатар елдерінде мысалы Америкада, Кореяда операцияның барлығын робот жасайды. Хирург дәрігер өз будкасында техниканы қадағалап отырса, пациентке операцияны робот-ассистенті жасайды. Соңғы әдебиеттерде мұндай операция өте жақсы нәтиже береді деп жазылып жүр. Елімізде андрологиялық, бедеулік, ер денсаулығы бойынша проблемалар бар және бұл туралы пациентті хабардар етуге тиіспіз. Қазір барлық аурудың емі бар.
- Елімізде урология саласына деген көзқарас басқаша, байқайсыз ба?
- Біздің сала туралы көпшілік біле бермейді. Урологты ер денсаулығымен айналысатын дәрігер деп қана қабылдайды. Бұл дұрыс емес. Барлығында бүйрек бар, қуық бар. Бізде ерлердің дәрігерге жүгінуінде проблема кездеседі. Әйелдердің гинекологқа жүгінгеніндей олар да солай урологқа жүгінеді деп айта алмайсың. Ерлердің көпшілігі ұялады, қымсынады. Әлсіздігін көрсетемін деп қорқуы мүмкін. Мұндайда керісінше, проблеманы айта білу керек.
Тұмау, вирустық инфекция түскенде терапевтке барған секілді, ерлер де проблема туындаса уролог-андрологқа баруы тиіс. Адам организмі жасармайды, қартая береді. Бірінші кезекте гормонды проблемалар болады. Бедеулікке қатысты мәселе туындаса дәрігердің көмегіне жүгінуге қорқатындардың бары жасырын емес.
- Болашақта қандай жоспарларыңыз бар?
- Мен уролог-хирургпын. Пациентке консультативті көмек береміз. Дегенмен көбінесе операцияда болғандықтан, физикалық түрде пациент қабылдап отыра алмаймын. Мемлекеттің қаржылай қолдауының нәтижесінде әр орталықта робот техникалар бар. Ал жалақымыз өкінішке қарай, көп емес. Сонда да дами береміз, тоқтамау керек. Қазір әр қалада, әр университеттің өз орталығы бар. Сол себепті дәрігер университетті бітірген соң әрі қарай біліктілігін арттыру үшін жұмыс істей береді. Әсіресе жас дәрігерлер алға ұмтылып, емдеу құрылымына бейімделген. Мұны не үшін айттым, елімізде кеңестік кезеңнен бері жұмыс істейтін дәрігерлер бар. Жұмыс пен құрылым қатты өзгеріп жатыр. Кеңес заманында жүйе дұрыс болмады деп айта алмаймыз, ол кезде де медицина деңгейі жоғары болды. Сонда да уақыт бір орында тұрмайды, бәрі дамып жатыр. Құралдар мен технологиялар қарыштап жаңарып жатқан соң мұны бәрібір қабылдауымыз керек.
- Үш жылдық еңбек өтеу аяқталды дедіңіз. Басқа елде жұмыс істеу туралы ойланып көрдіңіз бе?
- Не үшін кетемін? Оқу, үйрену, содан соң басқа елге кету мақсатым емес. Керісінше, тағылымдамадан өту арқылы операция жасатуға Израиль, Корея, Америка, Германияға бара алмайтын қарапайым пациенттерге сол операцияларды елімізде жасау мүмкін болып отыр. Сол елдерде бар медициналық қызметті олар бізден алу тиіс. Барша дәрігер қауымын өз медицинамызды дамытуға шақырамын. Бізде бәрі бар, ынта мен дағды болса білім алып, жұмыс істеу керек.
- Сізге тағылымдамадан өтуге мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасына биыл 25 жыл. Не тілейсіз?
- Бір орында қалмай тек дами берсін. Бір алып қосарым, бюрократия азайса екен деймін. Себебі бағдарламаға қатысамын деушілер өте көп. Әлемде «Болашақ» секілді стипендия, грант беретін бағдарлама баламасы жоқ. Израильге барғанда менен қалай келгенімді сұрады. Мен «Болашақ» бағдарламасы барын, қазақстандықтарды әр елге оқуға жіберетінін айттым. Олар «мемлекет оқысын деп сен үшін ақша төлей ме, қалай сонда?» деп таңдана сұрап, үлкен орталықтарда жас мамандардың оқуына, дамуына мүмкіндік беретін бағдарламаның барына таң қалды. Әлемде «Болашақты» бәрі біледі. Елімізде «Болашақ» түлектеріне деген үлкен сенім бар. Қазақстандықтарға бақтарыңызды сынап көріңіздер дегім келеді.
- Әңгімеңізге көп рахмет!
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!