Е.Біртанов: Медициналық сақтандыру жүйесіне барша халықты жұмылдыру қажет - Ұлт саулығы|13 Сәуір 2017, 13:21
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Е.Біртанов: Медициналық сақтандыру жүйесіне барша халықты жұмылдыру қажет

ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов Қарағанды облысына іссапары барысында бірқатар денсаулық сақтау нысандарына, мемлекеттік және жеке клиникаларға барды. Сондай-ақ ол медициналық қауымдастықпен, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің профессорлық-оқытушылық ұжымы және студенттерімен кездесіп, Елбасы Жолдауы бойынша денсаулық сақтаудың көреткіштерін жақсарту мақсатындағы жүйелі шаралардың негізгі ережелерін түсіндіріп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты ерекшеліктері туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

Іссапар барысында Елжан Біртанов жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, қатерлі ісіктер, гемофилия сияқты күрделі ауруларды емдеу үшін инъекциялық биотехнологиялық құрылғылар өндіруге бағытталған «Қарағанды фармацевтикалық кешенін» ЖШС жұмысымен танысты.

«Биылғы жылы кәсіпорыннан қатерлі ісік пен қан ұюды емдеуге арналған екі түрлі дәрі өндіріледі деп күтілуде, қазіргі кезде дәрілер тіркелу үстінде. Дәрілер шектеулі технология трансферті бойынша белгілі әлемдік фармакологиялық брендтер аймағында өндіріледі. Бұл – әзірге Республикамызда күрделі технологиялық жоспар бойынша биотехнологиялық дәрі-дәрмек өндіретін алғашқы кәсіпорын», - деді кәсіпорын директоры Сергей Барон.

Оның айтуынша, сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейтін, өз елімізде өндірілген дәрілердің бағасы біздің науқастарға қолжетімді бағамен берілмек.

Министр өндірістік үрдіспен жеке танысып, халықты бағасы қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету маңызды екендігін атап айтты. Сондай-ақ ол өз кезегінде тұтынушға қажетті дәрі-дәрмекті тез арада өндіруге қатысты сұрақтарды шешу үшін, көмектесуге уәде берді. Ол аталған кәсіпорын тиімді, әсері жоғары, күшті дәрілік заттар өндіруге баса назар аударады деген сенімімен бөлісті.

Әрі қарай «Луч» нейрореабилитациялық орталығында денсаулық сақтау министріне жүйке жүйесі ауыратын науқастарды қалпына келтіруге арналған ерекше әдістің жаңа құрылғысын көруге мүмкіндік туды. Мұнда омыртқаны су астында түзету және омыртқаны құрғақ созу кешендері тиімді қолданылады. Инсульт алған пациенттің қарапайым дағдысын қалпына келтіру үшін, эрготерапиялық аймақ қамтамасыз етілген.

«Тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге арналған тәуліктік стационар 30 адамға арналған. Осындай орталықтарда қалпына келтіру еміне сұраныстың жоғары екенін білеміз. Мемлекет тарапынан қолдау болады және денсаулық сақтау жүйесінде науқастарды сауықтыру қарқынды жетілдіріле түседі», - деді Елжан Біртанов.

Бұдан әрі министр Қарағанды №3 Қалалық емханасына барды. Ол аталған мекемені қарау барысында, емхананың негізгі жаңалықтарымен, кешенді медициналық ақпараттық жүйесі (КМАЖ) және заманауи медициналық құрылғыларымен танысты. КМАЖ жүйесі – қазіргі кезде жалпы тәжірибе дәрігерлері мен бейінді мамандарға онлайн түрінде жазылып, кезек мәселесін автоматтандырған, сондай-ақ елімізде электрондық жүйе арқылы үйге дәрігер шақыруға мүмкіндік жасаған жалғыз үлгі. Ақпараттық жүйе бір уақытта өңірдің медициналық ұйымдарында болып жатқан барлық өзгерістерді (дәрігер жазбаларын, флюорографядан өтуді, әр науқасқа берілген дәрі рецептісін) қадағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар емхана өкілдері министрге медициналық көмек сапасын жақсартатын менеджмент жүйесі туралы айтып берді.

Емханадағы кездесу барысында көпшілікті дәрінің бағасы мен қол жетімділігі жағдайы қызықтырды. Министр жақын арада дәрі-дәрмек бағасының реттелуіне қатысты сұрақтар өз шешімін табатындығына сендірді.

Өз кезегінде Елжан Біртанов халыққа МӘМС жүйесінің негізгі принциптерін дұрыс түсіндіріп және тұрғындардың емханаға тіркелуге қатысты сұрақтарына толық жауап беру керектігін атап айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 5 сәуір мен 31 маусым аралығында әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз мәртебесін анықтау үшін азаматтардың емханаға тіркелу әлеуметтік науқаны жүргізілуде. Емханаға тірекелу тұрақты немесе уақтыша мекенжай, жұмыс орны, оқу орны, сондай-ақ азаматтардың дәрігерді еркін таңдау құқығы және бір әкімшілік-аумақтық бірлік құзыреті бойынша медициналық ұйымнан көмек сұрауға құқыға арқылы жүзеге асады. Азаматтар дәрігер мен емхананы еркін таңдаған кезде, емханаға тіркелу бір рет қана жүзеге асырылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер