Денсаулық сақтау министрі емханаға қалай тіркелуге болатындығын түсіндіріп берді   - Ұлт саулығы|12 Сәуір 2017, 17:05
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Денсаулық сақтау министрі емханаға қалай тіркелуге болатындығын түсіндіріп берді  

Фото: автор

Бүгін Қарағанды облысына іс сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қаладағы бірнеше медициналық мекемені аралады. Қаланың №3 емханасында болған министр міндетті медициналық сақтандыру шаралары аясында емделушілерге емханаға қалай тіркелуге болатындығын өзі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Қарағандыда жұмыс сапары барысында министр ең алдымен «Қарағанды фармацевтика кешенінде» болды. ҚР Президентінің тапсырмасымен 2005 жылы салынған кешен бірегей дәрі-дәрмектерді өндірумен айналысады. Е.Біртанов аталған кешеннің лиофилденген инъекциялық сұйық дәрі-дәрмектер цехын аралап, оның жұмысымен танысты. Осыдан кейін Денсаулық сақтау министрі жүйке жүйесі зақымданғандарға көмек көрсетумен айналысатын «Луч» нейрооңалту орталығына барды. Заманауи құрылғылармен қамтылған №3 емханаға да бас сұқты. Қазіргі уақытта емханаға 75 мың тұрғын тіркелсе, дәрігерлер күніне 1000-ға тарта адамды қабылдайды. Аталған медицина мекемесінің өзгешелігі мұнда медициналық ақпараттандыру жүйесі іске қосылған. Денсаулық сақтау саласына озық технологияны енгізу, өлім-жітімді азайту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске қосылған жүйе арқылы емделушілердің ұялы телефонына ақпарат жіберіліп отырады.

«Емделушілер телефонына тиісті ақпарат түсетін мобильдік қосымша орнатады. Адамдарға жіберілетін ақпаратта дұрыс тамақтану, жүктеме, медициналық бақылау кестесі және т.б. қамтылады», - деді Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Министр №3 емханада ақпан айында ғана іске қосылған жүйе жедел жәрдем қызметінің де жұмысын жеңілдетуге септігін тигізетінін айтты.

«Еліміз бойынша жедел жәрдем қызметіне жүгінетіндердің жүз пайызының тек он пайызы ғана ауруханаға жеткізіледі. Олардың сексен пайызы уақытылы дәрігерге көрінбей, сырқаттын асқындырып алған. Дәрігерге қаралу, дәрі- дәрмекті қабылдау сияқты бірнеше қағиданы уақытылы орындасақ науқастардың да саны едәуір азаятындығы белгілі. Егер тұрғындаремхана дәрігеріне хабарласып, уақытылы кеңес алып, аурудың алды алса, жедел жәрдем жұмысына да жеңілдік болар еді», - деді Елжан Біртанов.

Министр сондай-ақ, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында халықтың емханаларға тіркеліп, статусын қалай анықтауға болатындығын түсіндіріп берді.

«Біз сәуірдің 5-нен бастап бүкіл елімізде, жергілікті емханаларда тіркелу компаниясын бастадық. Қазіргі күні әр азаматтың тегін медициналық көмек алу үшін емхананы таңдап, сол емханадағы жалпы тәжірибелік дәрігерге тіркеліп, тегін медициналық көмек алуына құқығы бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып әрбір адам емханаға келіп, «Тіркеу орындарында» өзінің келешек міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі статусын біле алады. Өздеріңіз көргендей емханада арнайы маман сізді ғаламтор арқылы тексеріп, қай категорияға жататандығыңызды анықтап, ақпарат береді», - деді министр.

Фото: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер