Фото: Túrkistan
Астана, BAQ.KZ тілшісі. 3 қыркүйектен бастап шалғай елді мекен тұрғындарына көмек көрсеткен медициналық пойыздар жұмысын аяқтады. Үш ай ішінде 41 360 адам терапевт, педиатр, невропотолог, окулист, гинеколог, хирург, уролог, маммолог және тіс дәрігерлерінің көмегіне жүгінген.
«Медициналық пойыздар» жобасы 2010 жылдан бері «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың «Әлеуметтік жобалар» корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асып келеді.
Биыл үш ай ішінде шалғайдағы елді мекендердегі науқастарға үш мыңға жуық ота жасалған.
«Биыл Елбасы өз Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын, әсіресе ауылдық жерлерде арттыруды тапсырды. 3 қыркүйекте жолға шыққан «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары Алматы, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Маңғыстау, Қостанай, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарындағы 127 стансада тоқтап, 41 360 адамға медициналық көмек көрсетті. Мұның ішінде 6 мыңнан астам тексеру балаларға жасалды. Терапевт, тіс дәрігері, офтальмолог, маммолог және басқа да мамандарды қамтыған 10 медициналық топ 192 195 дәрігерлік қабылдау өткізді. Сондай-ақ мамандар 67 мыңнан астам диагностикалық емшара және 3 мың шағын хирургиялық операция жасалды», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов.
Медициналық пойыздар МРТ, рентген, ФГДС, УДЗ сияқты заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған және стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық аппараттардың соңғы үлгілерімен қамтылған.
Баспасөз жиыны барысында «Денсаулық» пойызы медициналық бригадасының бас дәрігері Арзықұл Кенжеев жұмыс барысында жиі кездескен 5 дерт туралы айтып өтті.
«Биыл жұмыс барысында өңірлерде артериялық гипертония, ишемиялық ауру, қант диабеті, созылмалы бронхит және эндемиялық жемсау сияқты дерт түрлері көптеп кездесетіні анықталды», - дейді ол.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!