BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.29 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 426.4 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.93
Астана:

«Денсаулық» пойызы бір ай ішінде 7 мың адамға қызмет көрсетті

Шалғай елді мекендерді аралап, кәсіби білікті мамандармен халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуге биыл да жолға шыққан «Денсаулық» пойызының осы жолғы сапарына бір ай толды. Осы аралықта пойыз Маңғыстау облысының 12 станциясы мен Атырау өңірінің 5 станциясын аралап, барлығы 7 мыңға жуық адамға қызмет көрсетті. Оның ішінде 1300 бала бар, - деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Самұрық-Қазына» АҚ атынан «Samruk-Kazyna Trust» АҚ әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірге жүзеге асырып жатқан жобасы аясында пойыз әлі екі ай рельс үстінде жүріп, халыққа қызмет көрсетеді. 6 қыркүйекте Маңғыстау облысының Тұрыш станциясынан басталған пойыздың медициналық қызметін Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша Атыраудағы теміржол ауруханасы мамандарынан құралған медициналық топ көрсетуде. Оған білікті бас дәрігер Әлия Абдышева жетекшілік етуде.

«Аталған екі облыстан кейін пойыз Қызылорда облысына өтеді, сол кезде медициналық топ құрамы да өзгеріп, сол өңірдің дәрігерлері халыққа қызмет ететін болады. Маңғыстау облысындағы сапарымыз 25 қыркүйекте Толтыр станциясында аяқталып, бұл өңірде 5017 адамды қамтыдық. Тұрғындар көбіне УЗИ, рентген, кардиолог, көз дәрігері, терапевт, невропатолог, гинеколог, педиатр, лор мамандарының қызметіне жүгінді. Ал Атырау облысындағы жұмысымызды 26 қыркүйекте Мақат станциясынан бастадық. Мұнда әзірге 5 станцияны қамтып үлгердік. Жалпы осы өңір бойынша соңғы станциямыз Сағызда 13 қазанда біздің топтың қызметі аяқталады. Мақсатымыз – еліміздің шалғай аймақтарында орналасқан тұрғындарға медицинаның соңғы жетістіктерін көрсетіп, диагнозы қиын науқастарға сапалы кеңес беру. Мұнда мамандар таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ал түскі үзіліс 13.00-ден 14-00-ге дейін. Дәрігердің тегін көмегіне жүгіну үшін жеке төлқұжатыңыз болу керек. Мұндай пойыздың бір тиімділігі сырқатты әрі-бері сабылтпай, бір жерден тексерістен өткізетіндігінде», - дейді бас дәрігер.

Мамандар пікірінен бөлек, олардың көмегін алған халықтың пойыз туралы бағасы да өте жоғары.

«Ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп қана қоймай, қамқорлық танытып отырған дәрігерлердің қызметіне дән ризамын. Жасым 60-та. Емханаға барсам көп уақытым кезек күтумен өтетін. Ал мұнда кардиолог, терапевт және хирург дәрігерлерге бір жерден және тегін қаралдым. Облыстық ауруханаға жолдама алдым. Шалғай ауылдарда тұрсақ та, осындай «Денсаулық» медициналық пойызының көмегінен құр қалып жатқан жоқпыз. Өзіммен бірге немерелерімді де ала келіп, білікті дәрігерлерге көрсетіп жатырмын. Халық үшін арнайы көмекті жасап отырған алдымен Елбасымызға және ақ халатты абзал жандарға айтарым, бізге жасаған жақсылықтары өздеріне еселеп қайтсын», – дейді Маңғыстаудағы Ералы станциясының тұрғыны Айсұлу Сәбитова.

Пойыздар заманауи диагностикалық жабдықтармен, соның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, кардиологиялық мониторлық жүйемен жабдықталған. Пойыз құрамындағы медициналық құрамда терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сынды білікті дәрігерлер бар.

Маңғыстаудан кейін бүгінде Атырау облысының халқына қызмет көрсетіп жүрген аталған пойыз алда Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарын да аралайды, жалпы алғанда биылдыққа 71 станцияға тоқтап, дәрігерлік көмек беруде. Аталған станциялар тұрғындарына жоғары кәсіби білікті мамандардан кіші хирургиялық ота, сапалы стоматологиялық ем-шаралар қызметтері көрсетілуде.

Жалпы мұндай медициналық пойыздар жобасы 2010 жылы бастау алған болатын. Осы аралықта консультативтік-диагностикалық пойыздар еліміздің 1326 станциясына барып, тұрғындарды қабылдаған. Мамандар 379 мыңнан астам қазақстандықтарды қарап, ем-дом жасаған, оның ішінде 83806 балалар бар. Ал «дөңгелек үстіндегі емхана» дәрігерлеріне қаралғандардың жалпы саны 2,5 млн адамды құраған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер