Бүгінде елімізде дәрінің 7174 түрі тіркелген екен. Яғни, әлем елдерінің қолданысындағы барлық дәрі-дәрмек түрі бар. Ресми дерекке сүйенсек, қажетті дәрімен қамтамасыз ету үшін мемлекеттен жыл сайын шамамен 140 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Сондай-ақ, жыл сайын 350-ге жуық жаңа дәрі түрі тіркеліп, олардың барлығы да Қазақстан заңнамасына сай сапасына, халықаралық стандарттарға сәйкестігіне сараптама жүргізіледі.
Ал қазір сәл қабағымыз түйіліп, көңіл-күйіміз нілдей бұзылса болғаны дәрі ішуге тұра жүгіретініміз рас. Жасы келген адамды былай қойып, бес жасқа дейінгі бала сәл жөтелсе болғаны, секем алып сеп болатын дәрі ішкізіп әуреге түсіп жататын ата-аналар да аз емес. Қаладағы көп қабатты үйде тұратындар үшін дәріханадан қажетті дәрісін алу да қиындық тудырмайды: астыңғы бірінші қабаттың дені солардың үлесінде. «Дәріхана көп пе, дәмхана көп пе?» деген сауал да көлденеңдейді көкейде...
Сонымен, денсаулығың сыр берсе, шипа болар дәріңізді қайда сақтап жүрсіз? Әйтеуір, көбісінің ережесінде көрсетілгендей «құрғақ та салқын жерде» тұруы үшін тоңазытқышқа сүңгітесіз. Оның үстіне қолына іліккен нәрсесінің «дәмін көргісі» келіп тұратын бала-шағаның көзіне түспеуі керектігі тағы да қаперде тұрады. Рас, бұл күнде дәріні алған кезде қайдан, қашан шыққанын қарап алу керектігі бәрімізге белгілі. Сақталу мерзімі де назардан тыс қалмайды. Осы шартты берік ұстанып алып келген дәрімізді шартына сәйкес орынға қойғанымызбен, бір-екі талына тәуір бола бастасақ, ертеңінде-ақ оны есімізден тарс шығарамыз. Ақ халаттылар жиі айтатындай «дәрігер алдына өлеріне үш-ақ күн қалғанда» баратын қазақ сырқатынан айығып өңі кірген соң алып келген дәрісінде әрі қарай шаруасы болмайды. Тіпті, мерзімі өтіп кетсе де тоңазытқышында жата беруі ғажап емес. Әйтеуір, күн сәулесі түспейтін қараңғыда тұрса болғаны...
Майнұр ЖАНАҚОВА, Астана қаласындағы Дәрі-дәрмек ақпараттық-талдау орталығы баспасөз қызметі маманы:
–Құрамында дәрілік қайнатпалар мен, су тұнбалары бар дәрі тез бұзылады. Дәрілік қайнатпаларды бөлме температурасында екі –үш күннен ал тоңазытқыштың ішінде бес- алты күннен артық сақтамау керек. Жалпы дәрілік шөптерді арнайы қорапта, ал полиэтиленді пакеттерде дәрілік шөптерді пайдалануға кеңес берілмейді.
Дәрігердің нұсқауы бойынша алынған дәрілерді үйде арнайы дәрі қобдишасында сақтау қажет. Медицина мамандарының кеңесіне сүйенсек, дәрілік қобдишаны жарты жылда бір жаңартып отырған абзал. Қандай дәріні болсын, нұсқамаға сәйкес пайдаланған соң ары қарай сақтаудың қажеті жоқ. Егер бұл талапқа назар аудармаған адамның сырқаты сыр беріп тұрғанда мерзімі өткен дәріні ішсе ары қарай күні не боларын түсіндірудің өзі артық.
Қанат АҚПЕРДЕ, дәріхана қызметкері:
–Кейбір дәрілердің нұсқаулығында оны + 5 градуста сақтау керек деп жазылады. Көзге тамызатын дәрілерді тоңазытқышта сақтаған дұрыс. Мұндай дәрілердің сауытын бір рет ашқан соң екінші мәрте пайдалануға болмайды. Және қолдану мерзімін бір айдан асыруға болмайды. Құлақ пен мұрынға арналғансұйық дәрілерге де қойылар талап осындай.
Ең дұрысы, дәріні стандартты темір қораптарда сақтау керек. Үйдің дәрі қобдишасын жинақтау және сақтау үшін, кейс, жәшік немесе сөмке түрінде шығарылатын дайын зауыттық контейнерлер өте қолайлы.
Ал сіз ше? Дәріңізді қайда сақтап жүрсіз? Қобдишаңыз ауыстырылды ма?
Автор: Сәтжан Қасымжанұлы, Астана қаласы
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!