АСТАНА. 23 мамыр. BAQ.KZ – Биылғы оқу жылында Астана медицина университетін 561 маман тәмамдап, түлектердің 97%-ы жұмыс берушілермен ұзақ мерзімді келісім жасасқан. Бұл туралы университеттің Білім беру қызметі жөніндегі проректоры Г.Ә.Жақсылықова мәлім етті.
Қазақстанда дәрігер-мамандар тапшы екені қашаннан айтылып келеді. Денсаулық сақтау саласындағы осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында кадр дайындап жүрген оқу орындарының бірі -Астана медицина университеті.
Жуырда университетте 2013-2014 оқу жылында бітіретін резиденттерді, интерндерді және бакалавриаттарды жұмысқа орналастыруға арналған дәстүрлі «Бос орындар жәрмеңкесі» өтті.
Шара барысында Астана қаласы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына 1000-нан аса дәрігер-маманның жетіспеушілігі анықталған.
«Ағымдағы оқу жылында аталмыш университетті 561 маман тәмамдады. Түлектердің 97%-ы жұмыс берушілермен ұзақ мерзімді келісім жасасты, оның ішінде Астана қаласына 47,8%, Ақмола облысына 25%, Солт.Қазақстан облысына 8,5%, Қостанай облысына 5,4% және 13,3%-ы еліміздің басқа өңірлерінде жұмыс жасайтын болды»,-делінген университет таратқан хабарламада.
Айта кетейік, ҚР аймақтық әкімдіктерінің, Астана қаласы мен ҚР облыстарының Денсаулық сақтау басқармаларының, ҚР аймақтарының медициналық мекемелері басшылары мен өкілдері қатысатын «Бос орындар жәрмеңкесі» бойынша, Астана медицина университетіне 2007 жылы 59 медициналық мекемеден сұраныс жасалса, 2013 жылы мұндай мекемелер саны 122-ге жеткен.
«2012 жылы түлектеріміздің 97%-ы жұмыспен қамтылса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 98,5%-ға жетті. Медициналық мекемелердің біздің университет дайындаған мамандарға деген сұранысының жылдан-жылға артуы жұмысымыздың нәтижелі екенін көрсетіп отыр» - дейді университеттің Білім беру қызметі жөніндегі проректоры Г.Ә.Жақсылықова.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!