Астана қаласының әкімдігі медицина қызметкерлерін хостелдерде орналастыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Астана қаласының әкімдігі медицина қызметкерлерін хостелдерде орналастыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Сапаров айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Астанада баспанаға қол жеткізу өзекті мәселелердің бірі екені белгілі. Сондай-ақ қалаға 2-3 мың медицина қызметкерлері жетіспейді. Жалақыны Үкімет бекітетіні белгілі. Егер біз медицина қызметкерлерінің жалақысын көтерейік десек, аталған мәселе шешілмейді. Сонда елордаға жас мамандарды қалай тартамыз? Астана – Қазақстандағы ең қымбат қаланың бірі. Әсіресе, үйді жалға алу бойынша», - деді ол медицина қызметкерлерімен кездесу барысында.
Осы орайда Бақыт Сапаров медицина қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
«Өткен жылы Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін көптеген хостел салынды. Хостел шағын қонақ үй екенін білесіздер. Оны жалға алу көп қаражатты талап етпейді. Әрине, олар да жақсы және жаман деп бөлінеді. Хостелдердің арасынан жақсысын таңдап алу қажет. Олар медициналық мекемелер мен клиникалар орналасқан аудандарда өте көп. Біз Әсет Өрентайұлына осы хостелдер таза, жайлы жабдықталған болса, санитарлық талаптарға жауап берсе, дәретханасы мен ваннасы, балалар ойнайтын алаңы болса, бюджет қаржысы арқылы жалға алынса деп өтініш білдірдік. Яғни хостелдерді кәсіпкерлерден белгіленген бағада жалға алынса дедік», - деді ол.
Оның айтуынша, аталған хостелдер тек білім және медицина саласында жұмыс істейтін бюджет қызметкерлері мен полицияға берілуі қажет.
«Бұл ұсынысты Астана қаласының әкімі қолдады. Аталған мәселе бойынша Әсет Исекешев өзінің орынбасары Малика Бектұроваға тиісті жұмыстарды жүргізуге тапсырма берді. Сондай-ақ жаңа жатақханалар да салынады. Бірақ оны тұрғызу үшін біз жер учаскесін тапқанша, аталған жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындағанша, жобаға ақшаны тапқанша уақыт өтеді. Бір жатақхананы салу үшін 1,5-2 млрд теңге керек. Алайда хостелдер арқылы аталған мәселені 1-қыркүйекке дейін шешуге болады», - деді Бақыт Сапаров.
Сондай-ақ ол медицина қызметкерлерінің жалақысы өте төмен екенін мәлім етті.
«Біз медбике, медицина қызметкерлерін, жедел жәрдем жүргізушілерін хостелдерге орналастырайық дедік. Себебі, олардың жалақысы өте төмен. Олардың мәселесін шешуге әкім қолдау білдірді. Аталған мәселе бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Менің ойымша, әкімдік аталған категориядағы азаматтардың хостелде тұру ақысын өз мойнына алса, Астанада бір мәселенің шешілгенін білдіреді», - деп түйіндеді сөзін «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!