Астана. 19 мамыр. Baq.kz – Астандада мамандар масалардың Aedes және Culex түрлерінің бар екенін анықтап отыр. Қалада тұрғын үйлердің жертөлелерінде Culex деген түрі басым. Ал, негізгі безгек ауруын таратады деген Anopheles масалары малярия ауруының тасымалдаушысы болып табылады.
«Астана қаласында безгектің сырттан келген түрлері ғана тіркелген. Соңғы жағдай 2011 жылы орын алды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан Республикасын безгектен бос ел деп жариялаған», - делінген Астана қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің баспасөз хабарламасында.
Елордада 25 сәуірден бастап маусымдық дезинсекциялық жұмыстар қолға алынған. Қазіргі уақытта масалар тіршілік ететін ұсақ су қоймаларын, ауданы 722,6 га батпақ жерлерді, сондай-ақ, ауданы 2,3 га қосымша су қоймасын энтомологиялық тексеру кезінде анықталған жерлерді (Өндіріс кентінің бойындағы және №18 мектеп аумағындағы айналма жол) жоспарлы өңдеу жүргізіліп жатыр.
2 мамырда Талдыкөл көлі, Есіл өзені, Ақ бұлақ, Нұра өзендері, Өндіріс кенті, ЖЭО-2, темір жол төсемі периметрі бойынша масалардың қала аумағына енуіне тосқауыл қою мақсатында өңдеу жұмыстары басталған. Жалпы, ауданы 2699,75 га мемлекеттік нысандар және 2364,47 га қаланың тұрғын үй секторы қамтылыпты.
Тиісті жұмыстармен «Астана-Зеленстрой» АҚ айналысады. Елорда аумағында дезинсекциялық жұмыстар жүргізу кезінде көп аумақты қамту үшін механикалық роторлық сепкіштер, ал елдімекендердің айналасын барьерлік өңдеу үшін термогенераторлар қолданылады.
«Масаларға қарсы ауқымды өңдеу жұмыстарын жүргізу кезінде халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті талаптар сақталады. Жою жұмыстары кезінде мемлекеттік тіркеу куәлігі және Қазақстан Республикасының немесе Кеден одағына мүше мемлекеттердің сәйкестік сертификаты бар медициналық бағыттағы инсектицидтер қолданылады. Үстіміздегі жылы қала аумағында препараттардың 3 түрі (циперхлор, фуфанон и мостин) пайдаланылады. Препараттардың ерекше иісі тез таралады және адамның денсаулығына зиянсыз»,- деп толықтырылған хабарламада.
Өңдеу жұмыстарын жүргізу маусымында қолданылатын препараттар жартылай өндірістік сынаудан өтеді, топырақта қалған қалдықтар бақылауға алынады.
Айта кетейік, масалар суы мол жерлерде жиналады, яғни, өзендерді, су қоймаларын, сонымен қатар, су басқан жерлерді, көп қабатты үйлердің және жеке меншікті үйлердің жертөлелерін, уақытша құрылыс каналдарын, суға толы жыраларды, қаланың шетіндегі қамыстарды мекендейді. Ал, өңдеу жұмыстары оларды толық жоймайды, тек санын ғана азайтады дейді мамандар.
Безгек - сары масалардың шағуынан туындайтын трансмиссиялық ауру. Дер кезінде емделмесе, өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!