BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Антиретровирустық терапияны қабылдаған адам ЖИТС-ті жұқтырмайды

Фото: автор

Бұл туралы «АИТВ-ның бизнеске әсері жоқ» тақырыбындағы баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

«БҰҰ-ның бірлескен бағдарламасы АИТВ инфекциясы бойынша 2020 жылға дейін жаңа стратегияны анықтады. Біздің жұмысымыз скрининг, диагностика және ВИЧ инфекциясын емдеуге бағытталуы қажет. Бүгінде аталған стратегияны дамытуға әлем елдері жұмылдырылған... Ең алдымен, АИТВ инфекциясын аурудың алғашқы сатыларында белсенді түрде анықтауы, әрбір азамат өзінің АИТВ статусын білуі де өте маңызды. Ол үшін АИТВ инфекциясына уақтылы тесттен өтіп тұру керек... Бүгін біз АИТВ инфекциясын жұқтыру қаупін азайтуда антиретровирустық терапияның жоғары тиімділігі туралы айта аламыз. Жыл сайын антиретровирустық терапияны қабылдаушылардың саны артып келеді. Вирусы белгілі дәрежеде бәсеңдетілген антиретровирустық терапияны қабылдаушылар айналасына қауіп төндірмейді және оң статуста болса да ауруын жұқтырмайды... Бүгінгі таңда АИТВ індеті бар адам антиретровирустық терапияны дұрыс қабылдаған жағдайда сау жұбына инфекцияның жыныстық жолмен берілуі болмайтыны ғылыммен дәлелденді. АИТВ инфекциясымен өмір сүретін жандар басқа адамдармен тең құқыққа ие. Оларды жұмыстан шығаруға немесе жұмысқа қабылдамай қоюға және басқа да құқықтарын бұзуға жол берілмейді», - дейді Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Сархат Бейсенова.

Қазіргі таңда АИТВ жұқпасын созылмалы инфекциялық ауру деп қарауға болады. Адам ағзасындағы вирустың көбеюін бәсеңдететін антиретровирустық препараттарды тұрақты түрде қабылдаған науқастар биологиялық қарттық жасына дейін өмір сүре алады. Олардың білім алып, қызмет атқарып, тіптен, ана атанып, сау балаларды дүниеге әкелуге мүмкіндігі бар.

«АИТВ/ЖИТС індетінің 15-49 жас аралығында таралу елдерінің ішінде ең төмен көрсеткіш бізде – 0,2%... «АИТВ/ЖИТС-тың бизнеске әсері» индикаторы жыл сайын ақпан-наурыз айларында өткізіліп, бизнес-субъектілерінің басшыларымен тәуелсіз сауалнама жүргізу негізінде бағаланады. Еліміздің осы көрсеткіштегі рейтингі АИТВ-инфекциясы бойынша бизнес көшбасшыларының ақпараттық деңгейіне тікелей байланысты... АИТВ, ЖИТС індеті бизнестің өркендеуіне, дамуына ешқандай әсері жоқ... ЖИТС індеті – бұл әлеуметтік маңызы бар ауру. Бұны емдеу, алдын ала диагноз қою, барлығы үкіметтің мойнында, яғни, барлық ем тегін», - деп мәлімдеді ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Әбдірайымов.

Айта кетсек, аталмыш шараға Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, Кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ, ЮНЭЙДС-тің Қазақстандағы арнайы уәкілі ретінде Бақтияр Артаев қатысты.

Жансая ҚАМБАР


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер