BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Ақтөбеліктер тиісті тегін дәрі-дәрмекті алмағандығын SMS арқылы хабарлай алады

Фото: аktobenews.kz

Астана, BAQ.KZ. Енді тұрғындардың өздері де «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» жүйесін бақылайтын болды. Бұл туралы аktobenews.kz сайты хабарлайды.

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа түрі пайда болды.

«Биылдан бастап Медициналық сақтандыру қоры тегін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдары үшін қаражат аудару тәртібін өзгерткен еді. Яғни, бұрын дәрігердің рецепті бойынша ақша аударылды. Енді дәрі-дәрмек пациентке қолма-қол берілген жағдайда ғана шығын өтеледі. Атап айтқанда, пациент дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі. Ендігі кезеңде бақылау жүйесіне пациенттердің өздерін тарту көзделген», - дейді Ақтөбе облыстық «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова.

Дәлірек айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігі, Медициналық сақтандыру қоры мен «СК-Фармация» ЖШС бірлесіп, SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. SMS-хабарламалар 12 желтоқсаннан бастап жыл соңына дейін жіберіледі. Жоспар бойынша, хабарлама рецептілерде көрсетілген 3 млн нөмірге түсуі тиіс.

Хабарламада дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады.

«Әрине, пациенттердің амбулаторлық карталарында көрсетілген телефон нөмірлері қате болуы мүмкін. Сондықтан SMS-хабарлама бәріне барады деп айту қиын. SMS келмей жатырса, «СК-Фармацияның» байланыс орталығына хабарласуға болады», - деді филиал директоры Гүлмира Қожаниязова.

Алынған мәліметтер сарапталып, әр факті жеке-жеке тексеріледі. Анықталған заң бұзушылықтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне жолданады.

Айта кетейік, «СК-Фармация» ЖШС халыққа тегін берілетін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды емханалар мен ауруханалардан түскен өтініштер негізінде сатып алады. Осы мақсатта Медициналық сақтандыру қоры қаржы бөледі.

2018 жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасында 101,9 млрд теңгеге келісімшарт бекітілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер